#
#
Дүйсенбі 18/01/2021

Ғабең аманаты іске аса бастағандай...

  • 09.12.2020
  • 0
  • 5892

Жылдың ішінде жыл келгендей күтетін үкілі күндер бар.

Мұндай күннің көптігі – үміттің зорайып, қуаныштың молайғаны.

Жыл сайынғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық иелерін де тап осылай тағатсыздана тосасың.  

Чеховтың әйгілі Каштанкасы қожайыны: «Талант! Талант!» – деп үйді басына көтеріп, екілене айғай салғанда, ит байғұс өзін шақырып жатқан жоқ па екен деп, жатқан орнынан атып-атып тұрған сайын, аяушылық сезімі оянады. 

Әйтеуір құр дүрегейге бола, құтың қашып отырмағаны анық...

Ендеше «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан хас таланттардың есімін естігің келіп, есің кетсе, несі айып?! 

Сарғайып күткенің сағымдай қол бұлғап алыстай берсе, үміт пен күдік алмасып, екіұдай күй кешеді екенсің. Сөйтсек, ойлағаны тез орындала қоймағанға дегбірсіздене қалатын жазған басымыз оның да сырын енді ұғып жатыр: өнер мен әдебиет, мәдениет бар – барлығына бұрын-соңды бар-жоғы екі-ақ сыйлық берілетін болса; бұл жолы киелі жетіге көтеріпті.

«Абай жылында» бұл да үлкен құрмет. Керемет!

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды», – деп артына өсиет қалдырған ұлы Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің аманаты, обалы нешік, ауыздан түспегенімен, ауыз үйден бері аттап, төрге өтуі неғайбылдау болып жүр еді. 

«Тәубе, орындала бастапты!» – деген шадыман қуаныш бойымызды кернеп кетті. 

Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты тағайындау жөніндегі комиссия мүшелерінен естігеніміз, қорытынды жиналыста Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жылдағы қалыптасқан дағдыны бұзып, жеңімпаздарды атамапты. 

Мұнысы несі деп таң қалып едік, жауабы да кешіктірмеді: үміткерлердің алтауы шартқа сай жеткілікті ұпай жинапты да, ал жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов ағамызға бір балл жетпей қалыпты. 

Төрағалық етуші Қырымбек Елеуұлының үнсіз кетуінің бар сыры осы екен.

«Кешегi Кеңес үкiметi тарамай, үй де, күй де орнында тұрған шақтарда бұл Жарқынбек қандай едi… Жарқылдап жүргенi-ай, қарқылдап күлгенi-ай… Ауыл-аймаққа сөзi өттi, сөзi өтпеген жерде өзi өттi… Алыстан келгендер Жарқынбектiң үйiне түстi. Ет жеп, арақ iштi. Қонды. Жақын жүргендер де Жарқынбекпен отырыстас болуға асық едi. Жарқынбек мақтаса мәртебе көрiп, күлдi. Жұмсаса қуанып жүгiрдi. Өзiнiң де бағы тым ерте жанып кеттi ме немене…»

Қаламгердің атышулы әңгімесінің алғашқы осы жолдарын оқыған сайын, қайнаған істен қағажу қалған қазақ азаматының мүсәпір халін көріп, еріксіз қиналасың. 

«Мiнезi салмақты, сабырлы-ақ едi, ендi жеңiл қозғалып, асығыс сөйлейтiндi шығарды. Жеңiл қозғалайын да, асығыс сөйлейiн де демейдi… әйтеуiр өзi де, сөзi де өз-өзiнен жеңiлдеп кеткендей…» 

Заман көшіне ілесе алмаған ғой деп, осының бәрін кінә қып өзіне артып, өткен дәуір қоғамына жаба салар едің; «Жылқы жылында бір мінілсе – тұлпар; айында бір мінілсе – ат; күн сайын мінсең – есек»; екі қолын алдына сыйдыра алмай, шақшадай басы шарадай болып жүрген іскер жігіттердің қалың шоғырын шыққыр көз көрмей жүр ме. 

Жазушы бұл мәселені мұқият зерделеуді талап етеді. 

Бір демде оқып шыққаныңмен, шешімі оп-оңай алдыңнан жүгіріп шыға қояр ма екен?!

Осындай қазақ қоғамындағы жәй көз аңғара бермейтін қалтарыс-бұлтарысты дөп басатын жазушының шын бағасын білген, қадірлеген Мемлекеттік хатшы Президентпен оңаша ақылдасқан сыңайлы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы шын мәнінде нағыз кемелдік көрсетті.

Мемлекет басшысы өз сөзін айтты – талант тұғырға көтерілді.

«Еститін мемлекет» барын көрдік.

Қуаныш құтты болсын, ағайын!

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,

журналист, «ҚР мәдениет саласының үздігі».

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар