Бүгін футзалдан UEFA Чемпиондар лигасы элиталық сатысының екінші турында Алматының «Қайраты» Италияның «Песаро» командасынан басым түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кездесу аса тартысты өтті. Есепті алғаш болып алматылық команда ашты. Олардың қатарынан 5-минутта Эдсон өз командасын алға шығарды. Одан кейін италиялық клуб қатарынан үш гол соғып кетті. Алдымен Фелипе Тонидандел 10-минутта таразы басын теңестірсе, сол минутта Салас «Песаро» клубын алға шығарды. Ал 22-минутта Жулио Де Оливейра есепті ұлғайта түсті. Осылайша италиялық клуб 3:1 есебімен алға шықты. Бұдан кейін «Қайрат» ойыншылары қатарынан төрт гол соқты. Алдымен 27-минутта Эдсон қанжығасын майласа, одан кейін 28-минутта Габриэл таразы басын теңестірді. Ал 29-минутта Луизиньо «Қайратты» алға шығарса, қорытынды есепті 40-минутта Біржан Оразов белгіледі. Нәтижесінде «Қайрат» 5:3 есебімен жеңіске жетті.
Екі турдың қорытындысы бойынша «Қайрат» турнир кестесінде үш ұпаймен үшінші орында тұр. Дәл осындай ұпай еншілеген «Песаро» екінші орында келеді. Көш басына 6 ұпаймен «Мурсия Эль-Посо» командасы шықты. Ал төртінші орындағы «Бенфиканың» еншісінде бірде-бір ұпай жоқ.
Енді «Қайрат» 24 қарашада Португалияның «Бенфика» командасымен кездеседі. Бүгін С тобында «Мурсия Эль-Посо» «Бенфиканы» 4:2 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ, Чемпиондар лигасы элиталық сатысының В тобында сынға түсіп жатқан Рудныйдың «Аят» Португалияның «Спортинг» командасынан 2:5 есебімен жеңіліп қалды. «Аят» кеше Ресейдің «Тюмень» командасынан 0:3 есебімен есе жіберген болатын. Қазақстандық команда енді 24 қарашада Хорватияның «Ново Вриеме» клубтарымен шеберлік байқасады.
Естеріңізге сала кетелік , «Қайрат» С тобында сынға түседі. Бұл ойындар Алматы қаласында өткізілуде. Кеше «Қайрат» Испанияның «Мурсия Эль-Посо» командасынан 1:4 есебімен жеңіліп қалған еді .