Ұлттық құраманың бас бапкері Станимир Стоилов қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚФФ баспасөз қызметі.
«Қазақстан футбол федерациясы мен Ұлттық құраманың бас бапкері Станимир Стоилов екі жақты келісім бойынша еңбек шартын үзді. Болгариялық маман Станимир Стоилов Қазақстан Ұлттық құрамасын 2018 жылдың наурызынан бері басқарып келген еді. Оның жетекшілігімен біздің құрама үш жолдастық матч өткізіп, УЕФА-ның жаңа турнирі - Ұлттар Лигасына қатысты. Сонымен қатар, жастар құрамасынан бірнеше ойыншыны шақыру арқылы ұлттық құраманы жасартты» делінген федерацияның Инстаграм парақшасында жарияланған хабарламада.
Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясы Станимир Стоилов пен оның жаттықтырушылар штабына қазақстандық футболды дамытуға қосқан үлесі мен атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.