28 нау, 2021 сағат 18:55

Футболдан ӘЧ-2022: Қазақстан құрамасы Франциядан ұтылып қалды

28 наурызда футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында елордада өткен Қазақстан және Франция кездесуі аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

FIFA жариялаған соңғы рейтингте Франция екінші орында тұр. Ал Қазақстан онда 122-орында келеді. 

Бүгінгі ойында соңғы әлем чемпионы - Франция емін-еркін қимыл көрсетті. Алғашқы минуттан шабуыл шебіне көбірек көңіл бөлді. Алаң иелері қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Осылайша тізгінді қолға алуға тырысты. Қазақстандықтар негізінен қорғанысқа көңіл бөліп, қарсыластар шабуылына төтеп берді. Дегенмен 19-минутта француздық шабуылшы Усман Дембеле қазақстандық құрама қақпасынан саңылау тапты. Ал 44-минутта қазақстандық қорғаушы Сергей Малый өз қақпасына гол соғып алды. 

Екінші кезеңде француздар шабуылға көбірек көңіл бөлді. Десе де діттеген мақсатына жете алған жоқ, Тіпті, атақты футболшы Килиан Мбаппе алаң иелері қақпасына белгіленген пенальтиден мүлт кетті. Оның тепкен соққысын қазақстандық қақпашы Александр Мокин сыртқа шығарып үлгерді. 

Кездесуде Франция құрамасы 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша төрт ұпаймен турнир кестесінде көш басына шықты. 

Сондай-ақ, бүгін аталған топта Украина өз алаңында Финляндияны қабылдайды. 

Енді Қазақстан құрамасы 31 наурызда сырт алаңда Украинамен шеберлік байқасады. Сол күні сырт алаңда Франция Босния және Герцоговинамен жасыл алаңға шығады. 

Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары - Франция, Украина, Босния және Герцоговина, Финляндия.