25 ақп, 2019 сағат 08:24

Фредди Меркьюриді сомдаған Рами Малик «Үздік актер» аталымында «Оскар» алды

Фредди Меркьюриді сомдаған Рами Малик «Үздік актер» аталымында «Оскар» алды.

24 ақпанда Лос-Анжелестегі Долби театрында Америка кино академиясының "Оскар" жүлдесі 91-рет тапсырылды.

Режиссер Питер Фарреллидің пианист Дон Ширли мен көлік жүргізушісі Тони Валлелонг арасындағы достықты көрсеткен биографиялық "Жасыл кітап" драмасы "Үздік фильм" номинациясын жеңіп алды.

"Шет тіліндегі үздік фильм" санатында Альфонсо Куаронның "Рома" (Мексика) фильмі жеңімпаз деп танылды. Осы фильм үшін Альфонсо Куарон "Үздік операторлық жұмыс" және "Үздік режиссер" санаты бойынша тағы екі "Оскарды" иемденді.

"Қара пантера" үздік костюм дизайны, үздік қоюшы-суретші жұмысы және үздік музыка (Людвиг Йоранссон) үшін үш "Оскарға" ие болды.

"Богемдық рапсодия" да үш жүлде алды. Бірі үздік монтаж үшін, қалған екеуі үздік дыбыс үшін берілді.

Осы фильмнің бас кейіпкері Фредди Меркьюриді сомдаған Рами Малек "Үздік актер" номинациясындағы алғашқы "Оскарын" алды. Ал, "Фаворит" фильмінде ойнаған рөлі үшін "Үзлік актриса" жүлдесі Оливия Коулманға бұйырды. Коулман үшін де бұл – тұңғыш "Оскар".

Қалған номинациялар бойынша нәтиже мынадай:

  • Екінші пландағы үздік актер – Махершала Али ("Жасыл кітап");
  • Екінші пландағы үздік актриса – Реджина Кинг ("Бил-стрит сөйлей алса");
  • Үздік толық метражды анимациялық фильм – "Өрмекші-адам";
  • Үздік қысқа метражды анимациялық фильм – "Бао";
  • Үздік қысқа метражды деректі фильм – "Нүкте. Сөйлемнің соңы";
  • Үздік вижуал эффектілер – "Айдағы адам";
  • Үздік қысқа метражды көркем фильм – "Тері";
  • Үздік ән – "Жұлдыз туды" фильміндегі "Shallow" әні.

Еске сала кетейік, Қазақстан атынан ұсынылған Сергей Дворцевойдың Мәскеудегі қырғыз мигрант қызының тағдыры туралы "Айка" драмасы бұл санатқа енбей қалған. "Айка" фильмі бұған дейін "Шетел тіліндегі үздік фильм" жүлдесінен үмітті тоғыз картинаның қатарында шорт-листке енген еді.