Францияның мемлекеттік кеңесі 9 желтоқсанда бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойды. Бұл туралы Reuters хабарлады. Ал Әблязовтің Facebook парақшасында модератордың атынан жазылған "Жеңдік!" деген пост жарияланды. Пост авторы Франция мемлекеттік кеңесінің француз тіліндегі шешіміне сілтеме жасайды.
7 желтоқсанда БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған қазақстандық бұрынғы олигарх Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадицияламауға шақырған. Мельцер мәлімдемесінде: "Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс" деген.
Бұған дейін Франция соты Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы шешім шығарып, Франция премьер-министрі Мануэль Вальс тиісті жарлыққа 17 қыркүйекте қол қойған. Бірақ Әблязовтің адвокаттары бұл шешімнің үстінен Франция мемлекеттік кеңесіне шағымданған.
Қазақстандық "БТА банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отыр. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан билігі Әблязовті "банктің 6 миллиард қаржысын жымқырды" деп айыптап, іздеу жариялаған. Әблязов бұл айыптауларды жоққа шығарып, өзінің қуғынға ұшырағанын мәлімдеп келеді. Қазақстан азаматтарын экстрадициялау туралы Астана мен Париждің арасында келісім жоқ.