Қазақстанның короновируске қарсы шаралары уақытылы қабылданды және дұрыс болды. Мұндай пікірді Еуропалық парламенттің (ЕП) Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегация басшысы, ЕП депутаты Фульвио Мартушелло білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда коронавируске қарсы күресте қолданылған шаралар уақытылы әрі өте дұрыс болды. Қазақстан эпидемиядан бір қадам алда жүріп, онда Еуропаның кейбір елдерінде біз көріп отырған үрей тудырарлық салдардың орын алуына жол берілмеді», - деді еуродепутат ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында.
«Енгізілген қатаң, бірақ қажетті шектеулер мыңдаған қазақстандық азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектесті. Тиісті шаралар денсаулық сақтау жүйесіне қысымды төмендетуге, ал дәрігерлердің өз мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік туғызды», - деп қосты ол.
«Осы тұрғыдан сіздің еліңіз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңестеріне сәйкес әрекет етуде. Жақында ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге коронавируспен күрес жүргізуде Қазақстанды үлгі етті», - деп атап өтті Мартушелло.
«Маңызды тағы бір тұсы, Үкімет індеттің алдын алудың превентивті шараларын қолға алып, денсаулық сақтау жүйесіне және әлеуметтік саланы қолдауға қомақты ресурсын бөлді. Ал қазақстандықтардың өзі жалпыға ортақ қатерге қарсы жұдырықтай жұмылды», - деді депутат.
«Елде өңір үшін бірегей болып табылатын биотехнологиялар мен қауіпті инфекциялар саласындағы ғылыми мекемелердің болуы қысқа мерзім ішінде коронавируске тест-жүйелерді жасап шығаруға, сондай-ақ індетке қарсы вакцина сынағын бастауға мүмкіндік берді. Осының барлығы қазақстандық биомедицина саласының бәсекеге жоғары қабілеттілігін танытып отыр», - деген сенімде ол.
«Коронавирус туралы айта келе, Қазақстанның Еуропалық одақпен дәстүрлі достық қатынасы туралы сөз қозғамасқа болмас. Кез келген дағдарыс аяқталады және қазір ЕО мен Қазақстан арасындағы қатынас нығая түсетін келешекке нағыз көз тастайтын уақыт», - деп атап өтті сұхбаттасушы.
«Наурыз айында Еуропалық одақ пен Қазақстан Серіктестік және ынтымақтастық туралы кеңейтілген келісім толық күшіне енген соң қарым-қатынастың жаңа әсерлі бөлімінің бетін ашты», - деп атап өтті ол.
«Келісімнің өз күшіне енген сәтінен біз оның басымдықтарын толық пайдалана аламыз – энергетика және көлік саласынан бастап, климат, білім және ғылым саласындағы бірлескен әрекеттерімізді тереңдетіп, жан-жақты қолдана аламыз», - деп түйіндеді сөзін Фульвио Мартушелло.