10 қар, 2016 сағат 10:35

«Eurasian Book Fair-2016» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды

«Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген Ғабит Мүсіреповтің қанатты сөзі жайдан-жай айтылмаса керек-ті. Мақсаты осы сөзбен мазмұндас ТМД, Еуропа және Азияның 30-дан астам мемлекетінің өкілдері 9-12 қараша аралығында өтетін «Eurasian Book Fair-2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылуында бас қосты.

Қазақстан Республикасы Мә­дениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қол­дауы­мен жүзеге асқан көрменің ұйым­­дастырушысы «Фолиант» бас­пасы екенін айта кетсек дейміз. Еу­­ра­зия кеңістігіндегі ең ірі мәде­­ни-ағар­тушылық шара болып табыла­тын «Eurasian Book Fair-2016» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Алғашқы Еуразия кітап жәр­мең­кесі ТМД, Еуропа мен Азия мем­лекеттерінің баспа, кітап саудасы, ғылыми-ағартушылық және по­ли­графиялық компаниялардың ба­сын біріктірді. Оқырмандар мен сатып алушылар назарына жақын және алыс шет мемлекеттердің кітап шығару және полиграфия сала­сын­дағы жетекші баспа үй­лерінің за­манауи кітап өнімдерінің ассорти­мен­ті және жаңа технологиялары ұсы­нылды.

Көрме ашылуының құрметті қо­нақтары қатарында Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік хат­шысы Гүлшара Әбдіқалықова, мем­лекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, Беларусь Республикасы Ақпарат министрінің бірінші орынбасары И.Луцкий, Ре­сей­дің еңбек сіңірген мәдениет қай­раткері, профессор Б.Есенькин және т.б. болды.

«Биыл еліміз үшін тарихи белес – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Бұл ке­зең Қазақстан тарихы үшін дәуірлік оқиғалармен өлшенетін бейбітшілік пен келісімнің шежі­ресіне айналды. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық белесі аса жауапты тарихи міндетті орындау кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Бес инс­ти­туттық реформаның түпкілікті мақ­саты, арман-мұраты ортақ, Бола­шағы біртұтас ұлт құру екенін атап өтуіміз керек. Пре­зиден­­тіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында Қазақстан дү­ние жүзінің мемлекеттерімен эконо­микалық қана емес, мазмұны терең, тарихи, мәдени байланыс­тар орнатты. Осының дәлелі ретінде бүгінгі өткізіліп отырған І Еура­зия­лық халықаралық кітап көрме-жәр­меңкесі», деді Мем­лекеттік хатшы.

era_3885Көрме шеңберінде мәдени бағдар­ламалар жүзеге асы­рыла­тын болады. Шара ұйымдастыру­шыларының ақпаратына қара­ғанда, көрме-жәрмеңке жұмыс істейтін күндердің әрқайсысының әр сағатында түрлі мәдени-сауық, ғылыми шаралар өткізіледі. Мұн­­­дай шаралардың қатарына ғы­лыми-тәжірибелік конференция­лар, тұсаукесерлер, дөңгелек үс­телдер, танымал мәдениет қай­­­рат­­керлері, жазушылар мен ақын­дар, соның ішінде әд­ебиет сала­сын­дағы Нобель сый­лығының лау­реаттарымен кезде­су, форумдар, байқаулар мен викториналар кіретінін де естеріңізге саламыз. Солардың бір легі кеше болып өтті. Дәлірек айтсақ, Ұлттық музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Қазына» топтамасымен шығарған алғашқы кітаптарының таныстырылымы. Олар – «Ғасырлар алтыны. Ұлттық музейдің алтын және күміс бұйымдарының топтамасы» және «Ұлттық музей топтамасындағы қазақтың зергерлік өнері» атты түрлі-түсті альбом-каталогтар мен Қалиолла Ахметжанның «Қазақтың отты қаруларының тарихы» кітабы. Бұл сериялық басылымдарды дайын­дау мен басып шығарудағы негізгі мақсат – Қазақстанның ежел­гі және орта ғасырлар тарихы мен мәдениетіне қатысты тың материалдарды жинақтау, ғылыми талдау және толыққанды дерек ретінде ұсыну, ғылыми айналымға енгізу.

Сонымен қатар, жазушы Жа­рылқап Бейсенбайұлының Ұлттық музей ғылыми-методи­калық кеңесінің мақұлдауымен және Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Шоқан Уәлиханов» атты тарихи-ғұмырнамалық кітабының орысша жаңа басылымының таныс­тырылымы өткізілді. Ол шығарманың алғашқы басылы­мының тұсаукесері 2015 жылдың соңында Мәскеу қаласындағы Орыс география қоғамының штаб-пәтерінде өткен болатын.

Сондай-ақ, шара шеңберінде Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» атты респуб­ликалық форум болып өтті. Форум аясында «Үздік жазушы», «Үздік ақын», «Үздік балалар жазушысы», «Үздік балалар ақыны», «Үздік драматург» аталымдары бойынша онлайн-байқау қорытындысы шығарылып, көрерменнің көңі­лінен, оқырманның ойынан шық­қан үздіктер марапатталды. Фо­румның негізгі мақсаты – қоғам­ның әлеуметтік белсенділігі мен шығармашылықтарын дамыту құралы, мәдениеттің маңызды элементі ретіндегі оқуға жан-жақты қолдау көрсету, қазақстандық ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттауға және оқырмандардың сүйікті авторларын анықтауға септесу. Жиынға қатысушы зиялы қауым өкілдері «Қазіргі қоғамдағы әдебиеттің рөлі мен орны», «Адам өміріндегі кітап құндылығының мән-маңызы», «Кітапхана Қазақ­станның шығармашылық интеллигенциясы өкілдерін бірлестіру орталығы ретінде», «Кітапхана – Кітап – Жазушы» тәрізді тақы­рыптар төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.

«Тәуелсіздік жылдарында талантты ақын-жазушылардың тұтас тобы пайда болды, қаламгерлер қазақ әдебиетіндегі салт-дәстүрді әрі қарай жалғастыра отырып, Отанымыздың Тәуелсіздігін қалып­тастыру мен дамытуға үлес қоса­тын болады. Оқырмандар арасында сүйікті авторларды анықтау мақ­са­тында Ұлттық академиялық кітапхана 3 қарашадан 7 қарашаға дейін «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қа­лам­гер» тақырыбындағы бай­қауға онлайн-дауыс беру жүргізді. Үздікті таңдауға дауыс беріп, ат-салысқандар көп болды. Барлығы әділ болған сияқты», дейді бай­қауды ұйымдастырушылар.

Иә, дүйім дүние дамудың даң­ғыл жолына түссе де, кітап – өз биігінен төмендемейтін құнды мұра. Оны ұрпақтан ұрпаққа желісін үзбей жеткізу қоғамның әр мүшесінің арына жүктелген маңызды міндет болар. Кешегі көрменің көркін келтірген тағы бір тағылымды шара «Түркітанудағы аударма ісінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ашық семинар деуге болады. Алқалы жиынға Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов, Вен­грияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани, Моңғолияның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Баатарчулуун Лхагва сынды дипломаттар, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ас­сам­блея­сының Бас хатшысы Жан­дос Асанов, сондай-ақ, түр­кі халық­тарының ежелгі ес­кі мұ­­раларын қазіргі тілімізге ау­дар­­­ған белгілі түркологтар, әде­­би шы­ғармаларды аударып насихаттаған кәсіби аудармашылар, аударма теориясын зерттеуші ғалымдар қатысты.

Тарих ғылымдарының докторы Д.Қыдырәлі жүргізіп отырған семинардың алғашқы бөлімінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Түркі мұрасының тәржімалары: тәжірибе және тағылым», «Назарбаев Университеттің» про­фес­соры, түрколог Юлай Шами­лоғлы «Түркі тілдерінің қазірг­і әлемдік аударма өнеріндегі орны мен мүмкіндігі», сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер Пар­ла­менттік Ассамблеясының Бас хатшысы Жандос Асанов «Аудар­ма – түркі халықтарының рухани бірлігінің алтын көпірі» тақы­рыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.

Бұдан бөлек, семинар барысында TWESCO тарапынан әзір­ленген, Түркі әлемі аударма ісіне маңызды қызмет ететін екі ғылыми басылымның тұсаукесер рәсімі өтті. Осылайша Академия түркітанудағы іргелі еңбек саналатын «Древнетюркский словарь» («Көне түркі сөздігі») мен қырғыз ғалымдары К.Конкобаев. Н.Усеев, К.Шабданалиевтің автор­лығымен жарық көрген «Атлас древнетюркских письменных памятников республики Алтай» («Алтай республикасының көне түркі жазба ескерткіштерінің атласы») кітаптарын көпшілікке таныстырды. Аталған басылымдар кәсіби түркітанушылар және көне түркілердің мәдениеті, тілі мен тарихына қызығатын жалпы оқырман қауымға арналған. Сонымен қатар, Академия басшысы Түркі әлемі аударма ісіне ерекше еңбек сіңірген тұлғаларды марапаттады. Атап айтсақ, «Түркі әлемі ақын-жазушыларын насихаттау мен аударуға үлес қосқаны үшін» түркиялық жазушы, көркемсөз шебері Зафер Кибар және көрнекті түркітанушы ғалым Сейсенбай Құдасов «Көне армян-қыпшақ мұрасын зерттеп, тәржіма ісіне қызмет еткені үшін» Алғыс хаттарға ие болды.

Аталмыш көрме қарашаның 12-сіне дейін жалғасады.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан»