09 ақп, 2018 сағат 12:46

Ескі "хрущевкаларды" бұзып, жерді бизнеске беру керек – Назарбаев

Қала орталықтарындағы ескі хрущевкаларды сүріп, жерді бизнеске беруді тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Біз қолжетімді баспана жайлы айтып отырмыз, оны адамдарға пайдалануға беру үшін салып жатырмыз. Бірақ адамдар әлі күнге дейін ескі үйлерде тұрып жатыр, ал жаңа үйлерді жалға береді - ақша табу үшін. Бұл дұрыс та шығар... Бірақ бізге ескі үйлерді бұзу керек", - деді Президент.

Оның айтуынша, бұл мәселеге мемлекеттік-жеке серіктестікті араластыру керек.

«Мәселен, 4 қабатты хрущевка тұр. Мен жақсы білемін, 40-шы жылдары салынған болатын. Қазір олардың тұрғанына 60-70 жыл болды. Үй саламын деген бизнеске біз кредит арқылы қолдау көрсетеміз ғой. Екі-үш үй тұрған жерге рұқсат бергізіп үй салғызып, ана үйлердегілердің бәрін сонда кіргізу керек. Ал ескі үйлердің орынын бизнеске беру қажет, бұл тиімді», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасының атап өтуінше, бұл мемлекетке де, халыққа да, бизнеске де тиімді. «Бәріміз осымен шұғылданайық, жер қараңдар. Біріншіден, бұл қаланың келбетін әсемдеуге мүмкіншілік береді. Екіншіден халықтың жақсы үйге көшуіне жағдай жасайды. Бұл халықтың денсаулығына, көңіл-күйіне де қатысты жайт», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, кеңейтілген отырыс үкімет ғимаратында өтіп жатыр. Назарбаев отырыстың жоспары мен баяндамалардың кезегі жайлы айтып, премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа сөз берді.