01 мау, 2020 сағат 09:10

Есқайрат Хайдаров: Асыра сілтеудің басты зардабы – адам шығыны

Мемлекеттік комиссия құру жазықсыз жапа шеккен жандардың ақталуына жол ашады. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Рухани жаңғыру орталығының» аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров өз ой-толғамын осылайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру туралы мәлімдемесі қоғам тарапынан қолдау тауып отыр.

«Мемлекет басшысының «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», – деп өз сөзін түйіндеуі де ел тарихына деген жанашырлық, азаттық үшін өмірлерін сарп еткен ұлт зиялыларының аруақтарына деген құрмет деп білеміз. Президенттің бұл үндеуі барысында қуғын-сүргін құрбандарының тарихтағы роліне саяси баға беріліп, ұлт тарихын жаңаша тұрғыдан зерделеуге, тарихи сананы жаңғыртуға жол ашылады деп есептейміз», – дейді тарихшы-ғалым.

Шынымен де, ХХ ғасырдың 20-50 жылдары қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезеңдердің бірі болып табылады. Олай дейтін себебіміз, Кеңес билігінің ұлттарға қарсы жүргізген саясатының, тоталитарлық жүйенің озбырлығының кесірінен сол кездегі Кеңес халықтары, соның ішінде қазақ халқы зардап шегіп, зұлматты жылдарды басынан өткерді. 1921-1922 жылдардағы, 1932-33 жылдардағы ашаршылық нәубеті, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіндер қазақ халқын үлкен шығынға ұшыратты.

Асыра сілтеудің халқымызға алып келген басты зардабы – адам шығыны. Отандық зерттеушілер 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа қатысты 1,5 млн-нан 2,2 млн-ға дейінгі адам шығынын көрсетеді. Ал қазақ демографы Мақаш Тәтімов ұлттық трагедия алдында қазақтардың саны 4 млн 850 мыңға жетіп жығылса, ашаршылық жылдары 2 млн 22 мың адам қырғынға ұшырағанын дәлелдеп отыр. Тәуелсіздік жылдары ғылыми айналымға енген зерттеулерді сараптасақ, 1920-1930 жылдардағы ашаршылықта 4 – 4,5 млн-дай адам құрбан болған. Талас Омарбеков: «Қазақ аштыққа ұшырамағанда 40 миллион болар еді», - деп болжам жасайды.

Тарихшылардың бағалауынша, одақ бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Тізімдегі 631 атылған адамның 80 пайызы қазақтың белгілі адамдары болған. Нақақтан-нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары жазаланды.

Зұлматты жылдары қазақ жеріне күштеп қоныстандырылған өзге де халықтар саяси қуғын-сүргінге ұшырады. 1930 жылдардың екінші жартысы 1940 жылдардың басында Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен басқалар да өз еркімен келген жоқ. Барлығы 1,5 млн адам көшіп келді. Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің күштеп көшірілуі кеңес өкіметінің жүргізген ұлт саясатына байланысты болды. Соның нәтижесінде Қазақстан халқының ұлттық құрамы айтарлықтай өзгеріп, демографиялық ахуалы сандық және ұлттар арасындағы үлес салмағында айырмашылықтар байқалды.

Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында КСРО-да 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасқан. Олар: Алжир, Карлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері. Көлемі 3 гектарға жуық жерді алып жатқан «АЛЖИР»-де кезінде 30 мың әйел жазықсыз жапа шекті.

«АЛЖИР» 1937 жылы НКВД-ның арнайы бұйрығымен салынған. Қарағанды лагерінің 17-ші бөлімшесінің артынан 26-шы нүкте болып құрылған осынау тозақ орталығында темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келген. 

«Карлаг» – Қарағанды еңбекпен түзеу лагері – Гулаг архипелагындағы ең ірі азап лагері болды. 1931-1956 жылға дейін осылай аталды. Ең алғаш 1932 жылы мұнда 22 мың адам отырса, соның 87 пайызы қазақтар болған. 1941 жылы «Карлагта» соғыс тұтқындарының арнаулы лагері ашылып, 40 мың адам әкелінген. Қарағандыдан 30 шақырым жерде «Мамочкин дом» аталған Долинканың 4 жасқа дейінгі сәбилер мекемесінде тек 1943 жылы ғана 450 бала өкпе қабынуынан қырылған. Осылайша жазықсыз жапа шеккендер саны ұлтына, жасына, жынысына қарамай көбейе берген.

Есқайрат Ерболатұлының пайымдауынша, саяси тұтқындардың Кеңестік дәуірде ақталуына келер болсақ, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебайдың тұжырымдары ойға қонымды. Ғалымның айтуы бойынша 1953 жылы И.В.Сталин қайтыс болған соң билікке келген Н.С.Хрущев елдегі қоғамдық-саяси жағдайды өзгертуге тырысты. 1953,1955 жылдары лагерьлердегі 5 жылға дейін сотталғандар мен соғыс тұтқындарына кешірім берілді. Сталиндік саяси-қуғын сүргін құрбаны болған қайраткерлерді ақтау басталды. 1956 жылы 25 ақпанда Мәскеуде өткен КОКП-ның ХХ съезінде Н.С.Хрущев «Жеке басқа табынушылық пен оның зардаптары туралы» баяндама жасап, сталиндік қуғын-сүргін тұңғыш рет айыпталды. Бұл баяндаманың толық мәтіні КСРО-да тек 1989 жылы «Известия ЦК КПСС» журналында жарияланды. 

Ал сол кезеңде, тек 1956 жылы 30 маусымда КОКП ОК Президиумының «Жеке басқа табынушылық пен оның зардаптарын жою туралы» жұмсартылған қаулысы жарияланды. Осы кезден бастап «Хрущев жылымығы» деген атауға ие болған тарихи кезең басталды. Осы «жылымық жылдары» 1937–1938 жылдары жаппай қуғын-сүргін құрбаны болған жазықсыз жандарды ақтау шаралары одан ары жалғасып, олардың көпшілігі ақталып, отбасы мүшелері қамаудан босатылғанымен, саяси тұтқындар түрмелерде әлі де болса мыңдап отырған еді. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген категорияларға кешірім берілгенімен, олар ақталмай қалды. 

Саяси қуғын-сүргін тарихын қайта қарау мәселесі қайта құру жылдарында тағы көтерілді. Көптеген тарихи құжаттар мен фактілер ғылыми айналымға тартыла бастады. Осындай жағдайда, 1990 жылы тамызда КСРО президенті М.С. Горбачевтің «1920–1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің барлық құрбандарының праволарын қалпына келтіру туралы» жарлығы жарияланды. Жарлықта: «Зорлықпен коллективтендіру кезінде жазықсыз зардап шеккен, түрмеге қамалған, семьяларымен бірге күнкөріс қаржысынсыз, дауыс беру правосынсыз, тіпті бас бостандығынан айыру мерзімі жарияланбастан қияндағы аудандарға көшірілген совет адамдарынан әділетсіздік таңбасы осы кезге дейін алынған жоқ. Діни себептер бойынша қудаланған дін өкілдері мен азаматтар ақталуға тиіс», – деп ұзақ жылдар бойы ақталмай келген адамдардың ісін қайта қарауға жол ашқан М.С.Горбачев Желтоқсан көтерілісі тұсында жазықсыз жазаланған қазақ жастары жөнінде бір ауыз сөз айтпады. 

Сонымен қатар, «Бұл жарлық Ұлы Отан соғысы кезінде, соғыстың алдындағы және соғыстан кейінгі жылдары отанға және совет адамдарына қарсы қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға қолданылмайды» деп, соғыс тұтқындарын ақталушылар қатарынан бірден сызып тастады. Ресейде бұл мәселе ілгері жылжығанымен, біздің елімізде соғыс тұтқындары және де саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.

Тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі саяси жағдай мүлдем өзгеріп, 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді және 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланған болатын. 

«Осы кезеңге дейін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының тарихы мен тағдырлары біршама зерттеліп, тарихи еңбектер жарық көрді. Дегенмен, Кеңес дәуіріндегі тарихи тұлғалардың жеке құжаттарының жабық болып келгендігін, архив қорларына тарихшылардың қолдарының жетпегендігін атап көрсету керекпіз. Болашақта аталмыш тақырыпқа қатысты архив деректері ғылыми айналымға түседі деп ойлаймыз. Сонымен бірге Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық тұтастай бір ұлтты жойып жіберуге бағытталған саясат ретінде геноцид деп бағалануы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырмасы нәтижесінде қабылданатын заңдар мен бағдарламалар осы жұмыстың ары қарай жалғасуы мен жазықсыз жапа шеккен көптеген адамдардың ақталуына жол ашады деп сенеміз», деп түйіндеді ойын Е.Хайдаров.