Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ұжымына жаңа төраға - Ахметжан Есімовті таныстырды.
Ахметжан Есімов 1950 жылы 15 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген.
«Ауыл шаруашылығы өндірісінің процестер механизациясы» мамандығы бойынша 1974 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының механикалық факультетін бітірген. «Әлеуметтік-саяси қатынастар теориясы» мамандығы бойынша 1991 жылы Ресей қоғамдық ғылымдар академиясының әлеуметтік-саяси факультетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының докторы.
1990 жылдан - ҚазКСР Мемагроөнеркәсіп төрағасының бірінші орынбасары. 1992 жылдан - Алматы облыстық әкімшілігінің басшысы. 1994 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
1996 жылдан - ҚР Мемлекеттік хатшысы. 1996 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Мемлекеттік қаржы салымдар комитетінің төрағасы. 1998 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы. 1998 жылдан - ҚР Бенилюкс мемлекеттеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі.
2001 жылдан - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі. 2002 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі. 2004 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 2006 жылдың қаңтар айынан - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі. 2008 жылдан бері - Алматы қаласының әкімі.
«Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының төрағасы (2008 жылдан).
2015 жылдың 9 тамызынан "Астана ЭКСПО-2017" ҰК басқармасының төрағасы қызметін атқарды.
«Құрмет белгісі» (1982), «Парасат» (2002), «Отан» (2007) ордендерімен марапатталған.