Ешбір қалада, елді мекеннің маңында артиллериялық оқ-дәрі болмайды. Бұл туралы Сенатта тілшілер сауалына жауап беру кезінде ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қоймаларда оқ-дәріні сақтау тәртібіне қатысты тексерулер тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Апатқа дейін Арыста да бірнеше тексеру жүргізілген болатын. Қандай да бір кемшіліктер анықталып, барлығы жойылған еді. Қазіргі кезде барлық гарнизон мен қалалар бойынша тағы бір тексеруді тағайындадым. Біздің мақсат - ешбір қалада, елді мекеннің маңында ешқандай артиллериялық оқ-дәріні қалдырмау. Тек әскери бөлімдер аумағын күзету үшін атыс қаруы патрондары ғана сақталады», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұрлан Ермекбаев Арыстағы жарылыс бойынша тергеу амалдары шамамен бір айдың ішінде аяқталатынын атап өтті.