МАУСЫМ
Жаз болса жарқыраған көлдiң бетi,
Көгерiп толқындайды алыс шетi.
Дiрiлдеп толқын басқан мөлдiр суын,
Шайқайды жас баладай желдiң лебi.
Халық әнi “Япыр-ай”
Начинается пора прелестных облаков
И. Бунин
Табиғатта әнсiз, жырсыз мезгiл болмайды. Жыл он екi айдың қай-қайсының да өзiне тән әуенi, өзiне тән бояуы, оны айтасыз мiнезi бар. Бұл — дау тудырмас ақиқат. Дегенмен, ұзақты күн бiр тынбай он екi перне, қос шектi безiлдетiп күй төккен дәулескер домбырашының да бiр уақ маңдай терiн сүртiп, мамыражай қалыпқа түсiп демалатын сәтi болады емес пе — өнерпаз табиғаттың сондай бiр саябыр табар мезгiлiн көргiңiз келсе — Маусым айындағы орман-тоғайға келiңiз.
Он екi айды он екi ағайынды жiгiтке теңеп, әрқайсысына ат қойып, айдар таққымыз келдi делiк. Маусымды қалған он бiр ағайынынан бөлiп алып “Сенiң атың — Үндемес” десек артық айтқандық емес пе екен?! Бұл кезде үш ай бойы үздiк-создық керуен тартып келетiн қанатты достарымыздың бәрi де келiп болады. Ең соңғы лекте оралатын сарғалдақтың мысықша мияулағанын немесе ит тұмсығы өтпес қалың жыныстың арасынан көкектiң шақырғаны құлаққа бiртүрлi тосын естiлуi кәдiк. Неге десеңiз, кеше ғана кең тоғайды керемет әуендерiмен басына көтерiп шулап жатқан құстар үнi бүгiнде пышақ кескендей сап тиылған. Тiптi, түнi бойы жағы сембей, қырық құбылта ән салатын бұлбұлдың даусы да естiлмейдi, ана беткей мен мына беткейдiң арасын әнмен жалғаған қарасайрақтың да қарасы көрiнбейдi. Таңшымшық қайда? Наурызек ше? Өзiм деп келген тоғайың бiр түрлi үнсiз қарсы алады.
— Шықпай-ақ қойсын ағам деп алдан,
Қалмаған көңiл бұл кiмнен.
Басқасы мейлi-ау, саған не болған
Бала күнгi дос, бүлдiрген,—
деген назды қай құсқа бағыштасақ екен?!
Алда-жалда тауға шыға қалсаңыз, таң алдында ұшпа шыңның бауырынан ұлардың үнiн ғана естуiңiз мүмкiн, ауық-ауық жалт етiп тауқұдiрет ұшып өтедi.
Маусымның “үндемес” аталатын себебi — бұл құстардың ұябасар мезгiлi. Құдай тағала Адам баласына жер бетiндегi тiршiлiк атаулыдан бөле-жара, арнап-атап ерекше сый бердi, ол — адамның ақыл-ойы, санасы дейдi екен ескi сопылардың рисалаларында. Рас. Бiрақ, сол ақыл мен сананың құстарда жоғына кiм кепiл бола алар екен?! Ұябасар мезгiл басталысымен олардың аталықтары “еркек тоқты — құрбандық” дегендей ұясын қорғаштап, маңына айбат шегiп, айнала ұшып жүредi. Бәлкiм, бұл олардың ең бақыты сәттерi болар. Күнiмен, түнiмен ұяға жем тасиды. Сарыауыздары сұмдық ашқарақ. Қазақ қарыны ашқанын немесе қаны кеуiп шөлдегенiн “балапандай шүйкiлдедiм-ау” деген теңеумен бiлдiредi. Ойын, думан, қызықтың бәрiнен баз кешедi. “Көгалды қуып гөлайттаған” (Абай) шақтар алыста қалды. Аталық құстың ең басты өнерi — әншiлiгi болса (аналық құстар, әдетте ән салмайды) ол болашақ ұрпақ қамы үшiн бұл уақытты ол өнерiн де “құрбан” етедi. Көнедi ол үнсiздiкке. Қиналса да көнедi. Бұл — серiнi семсерiнен, сұлуды сырғасынан, жүйрiктi шабысынан айырғанмен бiрдей емес пе, тәңiрiм-ау? Ал ендi осыдан кейiн құсты ақылсыз не санасыз деуге қалай аузың барады?
Табиғатта адам таң қалатын нәрселер көп. Әдетте, қай-қай құстардың да еркегi ерекше сәндi, түрлi-түстi қауырсындары көз жауын алып алыстан көрiнедi, ал мекиенi болса бетегеден биiк, жусаннан аласа, сұрғылт, сұрықсыздау боп келедi. Түрiк ғалымы Харун Яхья мұның себебiн аталық құстардың қауiп-қатерге бiрiншi боп бас тiгуге жаралғанын яки жоғарыда айтқан “еркек тоқты — құрбандық” деген принциппен өмiр сүретiнiн жазады. Құстардың бұл қасиетi атақты Альфред Брэм, Э. С. Томпсон, Иван Тургенев, Виталий Бианки, М. Пришвиндердi де таң қалдырған.
“Қанатыңмен қорғай жүр” дейтiн ана тiлегi осындайда ойға түседi. Сөйтiп ұяны аталық қорғайды, аталық құстарды Құдай қорғап жүргей-дағы.
Құстардың ұясы — өзiнше бiр әлем. Бұл әлеммен алғаш танысудың сәтi де осы маусым айында түспек. Бұған дейiнгi мамырда ұя салатын құстар аз, бұдан кейiнгi шiлдеде құс ұясы, көбiнесе көшкен жұрт, ескi қоныс. Сол ұялардың кейбiреуiне тоқтала кетелiк:
Виталий Бианки құс ұялары туралы “Лесная газета” кiтабында былай деп жазады:
“Ең кiшкентай ұя — сарыбас шымшықтың ұясы. Оймақтай деген теңеу осы ұяға лайық шығар.
Ең қарапайым ұя — жылқышы мен тентекқұстың ұясы, бұл екеуi көп еңбектенбей-ақ құмды жаймалап жұмыртқасын туа бередi.
Ең әдемi ұя — сарықас торғайдың ұясы. Ол ұясын қайыңның бұтағына iлiп тоқиды.
Ең жәйлi ұя — ұзынқұйрық сарышымшықтың ұясы”.
Сол ұяларға үңiлiп көрсек ше?
Кәдiмгi қарлығаш ұясын көбiне үйдiң маңдайшасына салатыны белгiлi. Оның жұмыртқасы 5-тен аспайды. Ұзынқанат қарлығаш болса 2—4 жұмыртқа табады. Бәбiсек 10—13 жұмыртқа, көкқарға 2—7 жұмыртқа, тентекқұс 2 жұмыртқа, ементұмсық 2—7 жұмыртқа, құралай 3—7 жұмыртқа табады. Көптеген құстар жылына екi рет балапан өргiзедi.
Адамдардың мұнысына рахмет — жазда аң аулауға қатаң тиым салынады. Құс балапанын, қоңыр аң лақ-қодығын өргiзгенше аңшы бiткен қу нәпсiсiн тежейдi. Ал бұрынғы замандарда мұндай заң болмаған көрiнедi. Мысалы, орыс жазушысы И. Тургеновтiң “Аңшының жазбалары” атты шығармасын қарап отырсаңыз (“Малиновая вода”, “ Бежин луг”, “Косьян с красивой мечи”, “Бирюк, т.б.”) шiлденiң ми қайнатар ыстығында да мылтығын асынып, дала кезiп аң атып жүрген орыстарды көремiз. Қазақ та қалыспаған секiлдi. Абай жаз туралы өлеңiнде былай дейдi:
Мылтық атқан, құс салған
Жас бозбала бiр бөлек
Су жағалап қутыңдап, — дейдi.
Дегенмен, маусымды “үндемес ай” деп шорт кескен тағы да дұрыс емес секiлдi. Кәрi еменнiң немесе “тесiк өкпе” қарағайдың тұсынан өтiп бара жатқанда әлсiз бiр дыбысты құлағыңыз шалуы әбден мүмкiн. Бұл — ашқарақ балапандардың тамақ сұрап ”қылқылдағаны” немесе тал бесiк-ұясын тарсынып ұшып кетуге ұмтылғаны. Демек, өмiр жалғасуда. Ат тұяғын тай басып, алға қарай, алыс жақтарға қарай талпынғаны. Өмiр сүрудiң қандай ғажап ләззат екенiн бiлсеңiз ғой, шiркiн.
Бұрынғы қазақтың қара өлеңi:
Маусым-мамыр ендеше маусым-мамыр,
Ел қонады жайлауға абыр-сабыр,— дейдi.
Әлбетте бұны Атырау-Алтай арасын алып жатқан байтақ даланың қай бұрышына да тән “абыр-сабыр” десек қателесемiз. Мәселеңки, оңтүстiк, оңтүстiк батыстың қазағы егiнiн егiп боп, жайлауға көшетiнi жас төлiн өргiзiп шөбiн орып, шөмелесiн үйiп мәз-майрам боп жатса, Солтүстiк, Орталық өңiрлерде жаз ендi-ендi кемелiне келiп, керторысына мiне бастайды. Алтайдың табиғаты мүлде басқа. Алатау, Талас Алатауы, Қаратаудың емшiлерi дәрiлiк шөптерiн жиып-терiп, кептiрiп алса, Алтайдың шөпшiлерi әлi тауға шыққан жоқ. Жыл он екi айдың әр қайсысының өзiне тән бояуын түстеп көрсек ше? Оңтүстiк қазағы маусымның түсi қызыл күрең дер едi, ал Алтай елi, Қытай қазағы болса “жасыл шапан маусым-ай, сағындырған даусын-ай, сәулем” деп әндеткен. Мұның-дағы себебiне үңiлсеңiз, табиғат — ананың таңқалдырар тамаша қасиеттерiне тап боласыз. Гүлдiң, шөптiң, ағаштың жылына бiр келетiн той-думан кезi — маусым айы. Бiрақ, соңғы жылдары табиғат та сан құбылып, өз “жұмыс кестесiн” бұзып алып жүр. Әдетте, маусымның ең басты ерекшелiгi бұл айдың ортасында (нақтырақ айтсақ, он бесi, он алтысында) итмұрын гүлдейтiн. Халық күнпарақтарының қай-қайсысы да бiрiнiң аузына түкiрiп қойғандай осы жәйттi қайталағанмен, биыл итмұрын он бес-жиырма күн ерте гүлдедi, долана да солай. Бұл — өткен мамыр айының көз аштырмас жауынды-шашынды салқын келгенiне қарамастан болған жәйт. Жолжелкен мен шәйқурай пiсiп тұр, бақ-бақ басы да ерте толды, гүлкекiрек тiптi бiтiк өсiптi. Келесi шiлде айын украиндықтар “липiнь” дейдi. Онысы бұл айда липа — жөке ағашы гүлдейдi дегенi. Ал бiздiң Алматыда жөке гүлдегелi қашан. Осы айдың аяғына шейiн, бұйырса, тауға бiткен жөкелер де гүлдеп бiтер деген үмiт бар. Әдетте биiкке бiткен өсiмдiктер етектегi егiске қарағанда бiр-екi жұма кеш пiсетiнi әлiмсақтан белгiлi. Қарағай мен шырша биылдыққа тұңғыш рет дән байлады. Жасминдi қазақша жұпар не ақжұпар деймiз. Төлеген Айбергеновтың:
Ақжұпар аңқып, бұрқырап азон тараған,
Барсың сен жаздың жаңбырында аппақ бораған,—
дейтiн өлеңiндегi ақжұпар, сол жасмин. Ол да биыл ерте гүлдеп кеттi. Исi де ерекше болды.
Бұрынғының адамдары жоғарыда айтқанымыздай жаздың басталуын итмұрынның гүлдеген күнiнен бастаса, фенологтар шәңкiш гүлдеген күндi жаздың алғашқы күнi деп есептеген. Биыл кешегi қалың жаңбырдың ара-арасында екеуi де гүлдеп кеттi, бiрақ қара нөсердiң астында бүрсең қаққан орман-тоғайға жаз келдi деп қалай айтуға болады?! Ал астрономдар маусымның яки жаздың келуiн жаңа айдың 20—22 жұлдызынан бастап санаған. “Үндеместiң айы”, “тыныштың айы” десек те маусымның да жуас қашаған боп жындысүрейленiп алатын кездерi бар. 1998 жылғы 21-маусымдағы қара дауыл халық шаруашылығына қанша зиян келтiрдi, 1904 жылғы 29-маусымда тұрған қатты жел жүз жылдық емендердi томарымен қопарып, үйлердiң тас-талқанын шығарған, 1934 жылы 20-маусымда Iле Алатауында бiр тәулiкте 90,2 миллиметр жаңбыр жауған, Есентай тасып секундына 31 текше метр су ағызғаны туралы тарихи мәлiметтер қағазға түскен.
1979 жылы 19-маусымда Орта Талғар өзенi арнасынан асып, жолындағы үй-жәй, қора-қопсыларды жұлып әкеткенiн бiлемiз. Сел тасқынының күштiлiгi сонша, үйлердiң iргетасына шейiн қопара ағызып, ондаған шақырымдарға апарып тастаған.
Құдай бетiн аулақ қылсын, 1887 жылғы Верныйдағы 9—10 баллдық жер сiлкiнiсi де осы маусым айында тiркелген болатын.
Десек те өз басым осы айды қазақтың айы дер едiм. Неге десеңiз, асып та, тасып та кетпейдi, жуан орта, жуас Ай. Аңызақ аптабы да жоқ, соқпасы да жоқ, бiрқалыпты, орнықты Ай.
Күннiң ұзарғаны кәдiмгiдей-ақ бiлiнедi.
Таңертеңгiлiк шөп басына тұнған шық қатар-қатар тiзiлген түйiршек лағылдардай жылтырайды. Халық емiнде аяқтың ауруы, балтырдың сыздауы қойсын деп, таңғы шықты жалаңаяқ кешетiн болған, үлкен кiсiлер көзiн шел қаптаса осы шықпен жуған, асқазан ауруын емдегенде таңғы шықты уысына толтырып ашқарынға да iшкен. Әсiресе, түймедақ пен бедеге тұнған шықты таң алагеуiмде бақырмен жинап жүретiн ешмiлердi талай көрдiк. Олардың пайымдауынша түнгi шықты — бақ-бақ басынан, таңғы шықты Ай жаңарғанда iшкен пайдалы көрiнедi. Шық бұл айда мол түссе — егiн бiтiк өседi деп есептейдi.
Халық емi демекшi, маусымда жер-дүние тегiс гүлдеп бiтедi дегенмен, пiсiп жетiлетiндерi сирек, ерте пiсетiн шөптер қатарында қазақтың атам заманнан жақсы көретiн қымыздығы мен рауғашы бар. Қымыздықтың қасиетiн көне дүние ақыны Вергилий жырлаған, қарт тарихтың атасы Плиний (үлкенi) жазған. Әбу-Әли-Ибн Сина болса өзiнiң “Дәрәгерлiк iлiмнiң ұстындары” атты еңбегiнде емдiк қасиеттерiн тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан дәлелдеп жазды. Калий, фосфор, кальций, магний, мыс, мырыш, натрийлермен қатар, бор, никель, титан, молибдендей микро элементтерге, А, В, В2, С, К, РР витаминдерi осы бiр сiз бен күнде көрiп жүретiн кiшкентай қымыздықтың бойынан молдап табылатынына сенудiң өзi қиын. Дегенмен, әңгiменiң расы осы.
Орыстардың ескi жазбаларында маусымның аяғында “күн тұсалады”. Мұны бiздiң қазақ “шiлденiң күнi — шiл адым” дейдi. Бiрақ, шiлдеге әлi ерте. Десек те, астрономия ғылымының деректерi осы кезде Жердiң Күндi айналу жылдамдығы бәсеңдейтiнiн жоққа шығармайды. Орыстар демекшi, бұл айдың көне славян тiлiнде екi-үш аты бар. Бiрiншi аты —”червень”. Онысы — кәдiмгi қызыл құрт. Ертеде орман елi осы құртты жинап-терiп, күдерi, былғары бояйтын қанкүрең бояу алған көрiнедi. Сол қызыл құрт осы айда өсiп жетiледi. Екiншi аты —”изок”. Мұнысы — айта беретiн шырылдауық шегiртке. Шегiртке де осы кезде шырылдай бастайды. Әлбетте, халықтың наным-сенiмдердiң бәрi бiрдей шындыққа жанаса бермейдi. Бiз әңгiмелеп отырған славян халықтарының өте ерте кездегi яки дiн кiрмей тұрған дәуiрлердегi нанымы бойынша маусым — су перiлерiнiң айы, суға барған жас жiгiттер мен қыздарды албасты басады деп қорыққан. Албасты да, су перiсi де елдiң зәре-құтын алып, түнге салым үйден аттап шығармағаны туралы деректер бар. Олардан қорғану үшiн көйлегiне ине түйреуiш қадап, кейiн келе мойнына айқыш таққан.
Славян халықтары мифологиясында папоротник туралы аңыз әрi әдемi, әрi күлкiлi. “Самарқанның көк тасы жылына бiр мәрте еридi екен” дегендей, олар да папоротниктi жылына бiр мәрте, нақты айтсақ, осы маусым айының 24 жаңасына қараған түнi гүлдейдi деп сенген. Сол түнi ұйықтап қалмау үшiн ортаға алау жағып, қыз-бозбала әрлi-берлi секiрiп, би билеп ойын-сауық құрған. Бiздiң ақсүйек iздеп жұп-жұп боп түнге сiнiп “жоғалып” кететiнiмiз секiлдi орыстар, украиндықтар, беларустар “ғаламат қазынаға бастайтын қасиеттi гүл — папоротниктi” iздейтiн болған. Күлкiлi дейтiн себебiмiз — попоротник ешқашан гүлдемейдi, оның гүлдеуiне биологиялық негiз жоқ.
Тағы бiр танымал өсiмдiк — қоңырау гүл. Ол Алматының тау-тасын айтпағанда қала iшiнде, жол жиектерiне де өсе бередi. Төрт-бес жапырақты көгiлдiр гүл. Сыртқы пiшiнi төңкерiлген қоңырауға ұқсайды. Әбу-Әли ибн Сина ол туралы “көгiлдiр қоңырау гүлдердi терiп әкелiп кептiр де, кешке шәй ғып демдеп iш” деп кеңес бередi. Титiмдей ғана сүйкiмдi гүлшенiң өн бойынан аскорбин, флавонид, антимикроб, суыққа қарсы микроэлементтердiң талайы табылады. Оны ертеде қазақтар бастың сақинасы ұстаса, баспасы көтерiлiп, тамағы iссе, буындары сырқыраса пайдаланған. Ит қауып алған кiсiнiң жарасын осы қоңыраугүлдiң жапырағымен таңған. Құста сарышымшық, өсiмдiкте — қоңыраугүл адамдарға үйiр. Кiсi аяғы баспайтын кең беткейлердiң топырағы қанша құнарлы болса да ондай жерде қоңыраугүл өспейдi.
Қазақтың ескi мақалында айтылғандай жақсысын айтып, жаманын таяп қойсақ, бұл айда емдiк шөптермен бiрге улы өсiмдiктер де гүлдейдi. “Алтын бар жерде жылан бар” демекшi, әдемi гүлдiң бәрi пайдалы емес. Улы өсiмдiктер туралы бiз бұрынғы мақалаларымызда да айтқанбыз. Бұл жолы — уқорғасынға ғана тоқтала кетелiк. Қазақ кейде оны бәрпi деп те атайды. “Ботаниктердiң атасы” аталған Теофист оны аконий деп атаған, осы атау оның ғылыми атына айналған көрiнедi. Аңызға сенсек, Акона қаласының маңында тозақ үңгiрi бопты. Оның есiгiн үш басты Шербер төбет күзетедi екен. Геракл батыр тозаққа түсiп үш басты иттi желкесiнен қысып ұстап сыртқа алып шығады. Тар қапас, тас қараңғыда өмiр сүрiп үйренген Шербер ит жарқыраған күнге көзi қарығып аузынан сiлекейi ағып кетедi. Сол иттiң сiлекейi тамған жерге осы аконит өсiп шығыпты дейдi. Ол өте улы өсiмдiк. Әсiресе, бiр-бiрiне жалғаса бiтетiн бунақ-бунақ тамыры қауiптi. Тамырынан емдiк дәрi жасамақ болған дүмше емшiлердiң талайы уланып, көп жағдайда өлiп қалғаны туралы деректер бар.
Уқорғасынның бойы адамның тiзесiнен сәл асады, көкшiл гүлдерi осы маусымда ашылады, аршаның арасында, өзен жағалауында өседi.
Жер бетiнде 10 мыңға тақау улы өсiмдiктер бар екен. Бiздiң даламызда соның қаншасы өседi екен — бұл әлi нақты жауабы жоқ сұрақ. Олардың қауiптiлiгi сонда, сыртқы түрi әдемi де бейкүнә гүлдерге ұқсайды. Қазақ “бiлмеген у жейдi” деп осындайда айтқан болса керек. Мысалы, күймескүл сұңғақ бойлы сұлу гүл, утамырдың исi жас сәбiздiң исiне ұқсайды, убалдырғанның жапырағы, кәдiмгi күнделiктi асқа пайдаланып жүрген ақжелкеннiң (петрушка) жапырағынан аумайды. Аңызға сенсек, өлiм жазасына кесiлген көне грек ойшылы Сократ жаңағы айтқан утамырдың сөлiн iшiп тiл тартпай кеткен.
Абайдың бұл айға деген iзет-үриетi мына өлеңнен байқалмай ма?
Жаздыгүн шiлде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсiп толғанда;
Күркiреп жатқан өзенге,
Көшiп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйiрi шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап.
Абайдың алдындағы Қазтуған жырау ды тыңдап көрелiк:
Салп-салпыншақ анау үш өзен
Салуалы менiң ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер,
Жатып қалып бiр тоқты,
Жайылып мың қой болған жер,
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежiдегi адамға
Түн ұйқысын таптырмас.
Қайран менiң Едiлiм,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сiздерге
Менен қалған мынау Едiл жұрт!..
Бiздiң пайымдауымызша бұл да жаздың суретi.
Бұл айды Л. Толстой, И. Бунин, А. Куприн, М. Пришвиндер өте жақсы көрген. К. Паутовский, И. Бунин туралы очеркiнде: “Оның жаз айы туралы жазбалары қашан да сағынышқа толы. Мысалы мына бiр сөзге назар аударыңызшы. “Бақ гүлдеп болды, жасыл желекке оранды, күн ұзақ бұлбұл сайрап, күнұзақ терезелердiң желдеткiштерi ашық тұрды”.
Ал М. Пришвин болса бұл ай туралы “Кеше ғана құтырынған көктемгi су тасқынының орнында бүгiн гүл тасқыны” деп жазады.
Алексей Саврасов, Иван Шишкин, Алексей Венецианов, Орал Таңсықбаев, Әбiлхан Қастеевтер бұл мезгiлде өз шығармаларында асқан сүйiспеншiлiкпен арқау еткен. Бүгiнгi мақалаға өрнек болсын деп И. Шишкиннiң бiр-екi суретiн жариялап отырмыз.
Бiздiң қазақ “айдың жаманы жоқ” деп Жаңа Айда жарылқауды, ескi айды есiркеудi тiлейдi. Санасын қайдағы бiр болмаған, болмайтын наным-сенiм, жосық-жаралғылармен тұмшаламаған екi халық болса, бiрi — бiздермiз. Сол үшiн ата-бабаларымызға тағы да тағзым.
Маусымнан 5 күн, шiлдеден 30 күн, тамыздан тағы 5 күн, 40 күн шiлде келедi ертең. Ол ендi басқа әңгiме...
ШIЛДЕ
Шiлде, шiлдем — шiлде айым,
Шырылдап торғай күн сайын.
Шұбар ала шешектер,
Шудаланған көк шөптер,
Жапырақтар жалпайды.
Жас қозылар марқайды,
Ұшты көкек қуалай,
Сайда пiстi таңқурай.
Құрт, iрiмшiк қайналды
Құлындар да байланды.
Iлияс Жансүгiров
Асылы, Алматының орман-тоғайларын аралас ормандар деген мақұл болар. Себебi Алтайдағыдай самсап самырсын өскен, не Едiл-Жайықтың екi жағасын тең жайлаған таза ақ қайыңдар аралы, Көкшетаудың көп көлiн көмкере бiткен қалың қарағай мекенi мұнда жоқтың қасы. Есесiн мұнда үйеңкi, қарағаш, қарағай, қайың, тал, терек шырғанақ, итмұрын долана... бәрi де бар, бәрi де аралас-құралас қоныстанады. Бейне түбiн қуып, түп-тұқиянын түгендесең бiр шалдың белiнен тарайтын қарға тамырлы (әлде қарғы тұмарлы ма) қазақтың өзi секiлдi. Бұрынғы шалдар “Жерiне қарай құланы, тауына қарай бұланы” деген. Бiз, екiбастан сол шалдардан асып жаңа бiрдеңе айта алмаспыз.
Әлқисса, сол аралас орманда алты қанат, төрт қанат үй тiгердей кейде ат шаптырымдай ашық алаңқайлар кездеседi. Алаңқай. Ат жүргiзбес шалғын пiсiп тұр. Тал түс. Маңай меңiреу тыныштық. Тек ту төменде тас-тастың арасынан сығыраңдаған маңқа бұлақтың “әнi” талып естiледi. Ызың етiп ара да ұшпайды. Кенет қалың итмұрынның арасынан елiктiң лағы шығып, екi құлағы селтиiп тың тыңдап тұра қалды. Үп етiп жел тұрса, шөп басы сәл қимылдаса зулай жөнелмек. Үргедек. Сақ. Қайдан шыққанын кiм бiлсiн, тосыннан жонарқасына сарышымшықтың балапаны ұшып кеп қона кеттi. Кiшкене құйрығын әрi-берi шолтаңдатып, шақырылмаған қонақты қуып тастағысы келiп, сары ауыз одан үркетiн сыңай танытпай “жонасты бойлап” әрлi-берлi жүре бастады. Екеуi де перiште. Екеуi де балапан. Сiз шiлде деген не деп сұрайсыз ғой, ә? Менiңше шiлде деген осы. Яки шiлденiң суретiн салу керек болса бұдан артқан көрiнiс табылар ма?! Басқаша айтсақ, тап осы көрiнiстi басқа маусымда көре алмайсыз. Елiк лағын аяқтандырып, құс балапанын ұшыратын кез — ең қасиеттi кез, ең қастерлi ай десек келiсесiз бе?
Шiлде жаңа қанаттанған жас құстар үшiн “дебюттер айы”. Балапан балауса әнiн концертке алғаш шығатын әншiдей қобалжып, қорқасоқтай бастайды. Бүгiн ұяңдау, ертең одан гөрi сәндiрек, келесi жұмада тiптi әуездiрек, сөйтiп жүргенде ата-анасындай әсем дауысты әншi боп шыққанын өзi де бiлмей қалады. Думанға толы дүние деген осы. Жалғасып жатқан өмiр...
Балапан қанаттанатын кездегi аналық құстың жүрегiн түсiнер ме едiк, шiркiн. Қарыны ашқан, қаны кеуiп шөлдеген балапан күнi бойы бiр тынбай шүйкiлдей бередi, шүйкiлдей бередi. Шүйкiлдеген сайын ана байғұс жанын шүберекке түйiп шырқ айналады. Әрбiр құсты — шөл қысып жылаған сәбиiн ажалдан құтқармақ болып, Сафа мен Маруа атты екi таудың арасында жалаң аяқ, жалаң бас аласұрған Ажарға теңесек артық болар ма екен? Ананың үлкен, кiшiсi болмайды ғой.
Өскен сайын балапан ашқарақтана түседi.
Өскен сайын балапанға қауып көп. Шүйкiлдеген дауысын естiп күндiз қырғи мен қаршыға, түнде үкi мен жапалақ аңдиды. “Ақырын сөйле, үй артында кiсi бар, балам” дегендi шырылдап айтып ұяны айнала ұшқан ана торғай...
Өскен сайын балапан әрнеге әуес. Ұяда тып-тыныш отырудың орнына, басын қылтитып ұшып келе жатқан әрбiр қанаттыны анам деп ойлайды. Аузын ашады, тамақ тiлейдi, Мейiрiм күтедi.
Оның ұядан ә деп ұшар кезi де ана үшiн уайымға толы кез. Әр балапанның мiнезi әртүрлi. Бiрден шарықтап әуелеп кететiн кесек бiтiмдiлерi де бар, әр бұтаға соқтығып орта жолда мертiгiп қалатын әлжуаздары да бар. Ана үшiн екеуi де қайғы.
Бұл жерде де құстарға бiзден бұрын табиғаттың өзi жәрдемге келедi.
Оған осы шiлде айының 20-жұлдызынан бастап қыран баптаған құсбегiдерге аң аулауға рұқсат берiлетiнiн қосыңыз. Ендi көп ұзамай қаншеңгел бүркiт томағасы сыпырылмақ. Тепсе темiр үзердей тегеурiндi сұңқарлар да әлеңкедей жаланып шыға келмек.
Өзге айлардың отыз-отыз бiр күнде ұшығына шығып жатсақ, шiлденiң табаны күректей қырық күнге созылатын тағы бiр себебi — осы жүгiрген аң, ұшқан құс атты тiршiлiк иелерiнiң жарық дүниеге бетке алып тiзгiн қағар мезгiлi болғандықтан емес пе екен? Кереметi күштi кең құдай асықпай-аптықпай, жанұшыра, жанықпай әбден қарақанаттансын, әбден аяқтанып алсын деп тағы бiр он күндi артық қосып берген секiлдi.
Құстардың сәл ғана тыныш алған “симфониясы” қайта жандана бастаған. Бiрақ бұл осыған дейiнгi әуен емес, нақышы басқа, сазы өңге. Шәкәрiм қажы айтпақшы “бұл ән бұрынғы әннен өзгерек, бұған өзгеше әуен сөз керек”.
Шiлде айын құстардың жаңа жылы немесе туған айы десе қалай болар екен?!
Сұңқылдақ аққу көл бетiне тұңғыш рет көгiлдiрiн ертiп шығады. Осы суреттi көрген адам:
— Айналайын қарағым, кекiлдiм-ай,
Балапаны аққудың секiлдiм-ай,—
дейтiн халық өлеңiнiң мәнiн бiрден түсiнер едi.
Қасқалдақ қамыс арасына қашып тығылып, үркiп шығып жүрiп-ақ шұбыртып балапан ертедi. Керемет сүйкiмдi кiшкентай қара құстар қаннен қаперсiз ерсiлi-қарсылы жүзе бастайды. Қаннен қаперсiз жүзуге болмайды дегендi қанат сусылымен айтып, қысқа күнде қырық толқыған анасы өте сақ.
Тартар да сол. Мына жарық дүние есiгiн ендi ашқан балапандарының есендiгiн ойлап ұшып-қонып жүгiрумен күнi өтедi.
Қызғыш құс нақ 33 күннен соң ұшады. Ұшқанда кеше ғана ұяда жатқан қызылшақа балапан кәдiмгi ересек құстардай ерсiлi-қарсылы самғап еркiн ұшады. Ерте есейетiн құстың бiрi осы қызғыш.
Үйрек пен қаздың балапан баулығанын көрудiң өзi бiр қызық. Үйрек үшiн бауырынан өрген балапандарынан өткен әрi әлсiз, әрi аурушаң, әрi нәзiк, әрi дәрменсiз ештеңе жоқтай. Құдай тағала ол балапандарды суда жүзу үшiн, ауада ұшу үшiн жаратқанын ана үйрек бiлмейтiн секiлдi. Жүзудi де, ұшуды да тек өзi, бiр өзi ғана үйретуге тиiстi. Ешкiмге сенуге болмайды. Балапандары өз бетiнше ештеңе де iстеуге жарамайды. Оларға тек қамқорлық керек. Ана үйректiң ерекше өбектеуiн осылай ғана түсiнуге болады.
Қаздың да бұдан айырмашылығы шамалы. Қаздың демекшi, табиғатта қызық-қызық оқиғалар бола бередi. 2002 жылғы 27 шiлдеде Ресейдiң “Павлоградские новости” газетi Пересодовка селосындағы бiр кiсiнiң қазы жұмыртқа басып, төрт аяқты балапан шығарғанын хабарлады. Фенологтар мұндай жәйттердiң сирек те болса ұшырасатынын жазуда. Дегенмен мына құбылысты жаман ырымға балаған үй иесi төрт аяқты қазды жергiлiктi зоопаркке өткiзiп тынған.
Бiз көкек туралы оның өз жұмыртқасын әдетте кiшкентай таңшымшықтың ұясына салатынын айтқанбыз. Көкектiң балапаны бiр-екi күн бұрын жұмыртқа жарады да, дереу ұяластарын сыртқа теуiп шығарып тастай бастайды. Өзi ашқарақ, өте жылдам өседi. Шiлденiң ми қайнатар ыстығында денесi өзiнен үлкен “өгей баласына” су жеткiзу — құртақандай шымшық үшiн үлкен шаруа.
Бiр таңқаларлық жәйт — ана көкек бауырынан өрмесе де туған баласының тағдыры әрi қарай не боларын көзiмен көргiсi келiп сол маңнан ұзамайды, сырттай бақылап айналсоқтап жүредi. Сiз бен бiздiң көкек дауысын көп еститiн кезiмiз де осы кез. Бәлкiм, ол көкектiң шақырғаны емес, тумай жатып жат болған балапанын ойлап өксiгенi шығар. Көкек көп ұзамай жылы жаққа қайта бастайды. Баласының есен-түгел өргенiн көрген соң көңiлi жайланып ендi кете берсем де болады дей ме екен, әлде қарақанаттанып қатар ұша бастаған перзенттерiнiң көзiне түсуге ұяла ма екен — әйтеуiр, ең ерте қайтатын құстардың бiрi — осы көкек. Әйтпесе, шiлдеде құс қайтушы ма едi?
Кейбiр халықтар бұл айды бөдене айы деп те атайды. Мұнысы құлаққа кiредi. Бұл кезде бөдене әдбен семiредi. Шығыс базарларында әр маусымның өзiне тән тағамдары болады. Бұл —“будена шурпа” дейтiн сорпаның кезi. Шөп-шаламға шылап қуырып та жейдi. Славян халықтары да шiлде айының үшiншi жұлдызын “Мефодий — переплятник” деп бөденеге бағыштайды. Және бiр сенiм бойынша осы күнi жаңбыр жауса 40 күн бойы тоқтамайды деп қорқады.
Сенiм демекшi, халық ежелден шiлде тым ысып кетсе, алда келетiн желтоқсан айы суық болады деп есептеген.
Үшiншi онкүндiкте қайыңның ұшар басындағы жапырақтары сарғая бастаса күз ерте түседi, есесiн көктем ерте шығады, егер төменгi жапырақтары сарғайса күз кеш түседi, қыс ұзаққа созылады.
Шық қалың түспей, шөп басы құрғап кетсе — жаңбыр жауады.
Шыршаның дәнегi шырқау басына үймелеп шықса — қыс кеш түседi, қар қаңтардың ғана жаууы мүмкiн.
Шырша демекшi, қарағайдың бiздiң Алтай қазақтары балқарағай-самырсын деп атайтын түрi бар, оның жаңғағы ерекше дәмдi келедi. Орыстар оны “тайганың наны” деп ерекше қадiрлейдi, бұл кезде сапар шексе, аңға шықса жол азық алмайды, себебi “тайганың өзi нанын пiсiрiп күтiп тұр” дейтiн көрiнедi. Шiлденiң 17—18 жұлдызынан сол қарағайлы-самырсынды ормандарда ұзақты күн бiр тынбай тиiн жүгiрiп, әшейiнде көзге сирек түсетiн самырсын құс (кедровка) әрi-берi ұшып ән сала бастайды. Себебi, балқарағайдың пiскен жаңғағының алғаш дәмiн тататын — осы екеуi. Самырсын құс бұған қоса осы балқарағайдың ұрығын жан-жаққа шашып, Алтайдың Алтай болуына өзiнше үлес қосатын бiрден бiр “диқан торғай”, жергiлiктi ел оны шауқарға дейдi.
Қазақтың “Мәуелi ағаш майысқақ” дейтiн кезi де осы кез.
Аялы ағаш — саялы. Рас, әзiрге саялы ғана, яки жемiс ағаштары, алма, алмұрт әлi пiскен жоқ. Бiрақ, қарақаттың алмұрттан несi кем? Алхорына алмадан кем деп кiм айтты? Қауынның әңгелек деген кiшкене түрi мен ала қарбыз қырық күнде пiседi. Жер жаңғақ гүлдеп, тамыры дән байлайды.
Сүттiгендi, халық аңызында айтылғандай, жылан жалайтын кез де осы кез.
Тау жайлаған қазақ, қырғыз бұл кезде үндiнiң қарашайы, қытайдың көкшайын сандық түбiне тастап, кептiрген шәйқурайға жұпаргүл қосып қайнатады. Әрi күш беретiн, әрi шөлiңдi қандыратын сусын осындай-ақ болар.
Табиғат бiлгiрi, тамаша ақын Iлияс Жансүгiровтiң:
Қымызын сарыкүйiктiң iшемiз деп
Албандар жайлайды екен тауды биiк,—
деп жырлаған қымыздың кезi — осы кез.
“Сүмбiледе су суық, ат семiрер құнтиып” дейтiн кез де осы шiлденiң орта шенi.
Бәрiн айт та бiрiн айт, бүлдiргеннiң жырын айт. Он екi айдың әрқайсына шөптiң атын берiп көрелiкшi, Беларусь ағайындар шiлденi жөке ағашының айы дейдi. Мұның да жаны бар. Жөке гүлдеп араларынана ерекше емдiк қасиетi бар бал жинайтын тұсы — осы тұс. Бiрақ, жөке, бiздiң байқауымызша кей жылы ерте, кей жылы кеш гүлдейдi. Биыл да, былтыр да ерте гүлдеп кеттi. Диқан өзбек мақтаның су iшетiн кезi дейдi. Бұ да жөн. Ал бүлдiрген тек шiлдеде ғана пiседi. Оны, тiптi шөп бiткеннiң бiр орнынан қозғалмайтын темiрқазығы десе де болғандай.
— Ендеше, қарағайлы, қарағайлы,
Көп жылқы қарағайды аралайды.
Осылай жақсы — жайсаң бас қосқанда
Отырған бекер қарап жарамайды.
Бүлдiрген,
Қандай жақсы құрбылармен бiр жүрген,—
деген әннiң шiлде айында тумағанына кепiл бола аласыз ба? Немесе
— Ағайынды өлеңiм абысынды, бүлдiрген,
Жаза тастап қамшымның сабы сынды, бүлдiрген
Тауда өскен бүлдiрген,
Таста өскен бүлдiрген.
Боласарым болмаса
Жағдайымды кiм бiлген,—
дейтiн әндегi “бүлдiрген” сөзiнiң тармақ сайын қайталануы — тәттi жидектi таңдайға басып, қайта-қайта дәмiн алып отырып шырқалған әуен секiлдi естiледi.
М. Әуезовтiң “Абай жолы” эпопеясында қазақ балаларының бүлдiрген құмарлығын қалай әдемi суреттейдi. Тәкежан, жас мырза, өзiнiң iнiлерiне келiп тұр.
“—...Ертеңдi кеш суды лайлағанша, тым құрыса бүлдiрген терсеңдершi!— дедi.
— Бүлдiрген?
— Қай бүлдiрген?
— Бүлдiрген қайда?
— Ей, ағатай, айтшы — деп Оспан мен Смағұл тағы жалынды. Бала атаулының жаз болады десе, ерекше сағынатыны — бүлдiрген. ...Бүлдiрген исi аңқыған, көк майса шалғыны бар, жасыл беткейде балалар жемiс терiп жатқалы көп болып едi. Күн екiндiгi қарай жақындап, адыр-адырдың көлеңкесi молайып, сай-сайларда қоңыр салқын самал соға бастады,— деп жазады классик.
Марқұм ақын Жұматай Жақыпбаев шiлденiң суретiн өлеңмен өрнектегенде:
Тау бетi балқып сарыала түстерге
— Таңқурай ағып, долана пiскенде,
Сарыала құлмақ сабағын үзiлтiп,
Сәмбi талдарға орала түскенде,— дейдi.
Дәл байқаған. Дұрыс аңғарған. Таңқурай осы кезде пiседi. Құлмақ өрмек жiбiндей шұбала түседi. Саңырауқұлақтар да шiлдеде пiсе бастайды.
Осы айда гүлдейтiн және бiр ерекше өсiмдiктiң атын орыс ағайындар “лунник” дейдi. Бiз мұны Айгөлек гүл немесе Ай гүл деп атар едiк. Ай гүл десе ай гүл. Нақты айтсақ ол дәл бүгiндерi кешкi сағат сегiз жарым, тоғыз шамасында гүлiн аша бастайды. Ашқанда кәдiмгiдей сырт етiп дыбыс шығарып ашады. Сөйтiп айналасы бие сауым, бие сауым да емес, сүт пiсiрiм уақыттың iшiнде күнi бойы найзашашақтанып елеусiз ғана тұрған сидам бұталар кенет көз жауын алатын сарғалдақтар әлемiне айналады. Аула толы сары гүлдер. Алақанын айға ашқан осы бiр әдемi дүниенi қызықтаудың өзi бiр ғанибет. Сол сарыгүлдер теңiзi таң атып күн қыза бастаған сәт жиырылып, қайта жиналып, қауызына қайыра енiп кетедi. Көрген түстей дүние. Түнi бойы, түнi бойы емес-ау, осыдан жарым сағат қана бұрын дәл осы жерде сап-сары гүлдер жайнап тұр едi дегенге сенудiң өзi қиын.
Жауынгер ақын Махамбет қалай деушi едi: “Бiзге бiткен бес еркектiң буы бар”. Ай гүл соншалықты нәзiк болса, андыз, әсiресе қара андыз ғаламат қасиеттерiмен дараланады. Бiр андыздың бойында тоғыз шөптiң қасиетi бар екен. Қазақ “андызды жерде ат өлмес” деп бекер айтпаған. Андыз шiлдеде гүлдегеннен қара күзге дейiн гүлдейдi.
Бұл кезде көптеген құстар түлейдi. Керiсiнше көптеген өсiмдiктер гүлдеп, толып, пiсiп жетiп бастайды. Мойыл да соның бiрi. Алматы тауларының мойылдары биыл жылдағыдан ерте пiсетiн сыңайлы. Бiрақ бұл жыл сайын осылай болады деген сөз емес.
Бұрын айтқанымыздай, шiлде (чил)— парсының қырық деген сөзiнен шықса керек. Iлкiде шығыста “шiлде ұстау”, “шiлдеге түсу” деген дiни шаралар болғаны мәлiм. Бұл да, әсте қазақ даласына кең тараған сопылық-мстикалық ағымның сүндет-атрибуттарының бiрi боса керек, мағынасы — медресе шатырхатын (дипломын) алған үздiк шәкiрт немесе дәруiш, сопы, ақын, ғұлама жер астына (қылуетке) түсiп қырық күн бойы ешкiмдi көрмей, еш жаққа шықпай, ешкiммен тiлдеспей, жападан жалғыз отырып Жаратқанды ғана ойлайды, таңдайына бiр түйiр құрманы басып, Жаратқанмен ғана үнсiз тiлдеседi. Мұны бүгiнгi ғылыми тiл медитация деп жүр. “Шiлдеге түсу” дегенi осы. Оңтүстiк Қазақстан облысы, Түркiстан ауданына қарасты Қарнақ елдi мекенiндегi көне медреседе осындай “шiлде үйi” яки жер асты қылуетi әлi күнге сақталған. “Шiлдеге түскен” шәкiрттердiң көбi қырық күнге шыдай алмай, тiптi есi ауысып жынды боп кеткендерi туралы әңгiмелер де әлi айтылады. Қырық күн шiлдесiн толық атқарғанда ақиқатқа жетедi-мыс. Бұл жолы, бөлек әңгiменiң желiсi.
Жалпы, қырық саны туралы әңгiме көп. Әсiресе, шығыста. Әлбетте оның iшiнде құлаққа кiретiндерi де, шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтындары да бар. Әсте, “өткеннiң бәрi тарих емес” деген сөз — дұрыс сөз.
Шiлде — табиғаттың жан-жақты толған, толысқан, жетiлген шағы, дер шағы. Дер шағы демекшi, мұны көне римдiктер кейде ай патшасы деп те атаған. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 44-жылыЮлий Цезарь дүниеге келедi. Кейiн әлемдi аузына қаратқан императордың құрметiне ол туған жаздың екiншi айы юльй немесе июль аталады. Бiз пайдаланып жүрген күнпарақтағы шiлденiң аты осыдан шыққан.
Л. Н. Толстойдың “Репейник”(“Ошаған”) деген шағын әңгiмесi бар.
А. Чехов шiлденi асқан сүйiспеншiлiкпен суреттеген әңгiмесiн “Степь” (“Дала”) деп атайды.
И. Тургенеев болса “Аңшының жазбаларында”, “Шiркiн, шiлденiң таңдары-ай” деп таңдай қағады.
Бүгiн бiз марқұм Ә. Қастеев ақсақалдың осы айды бейнелеген бiр-екi суретiн қоса жариялап отырмыз. 1934 жылы салынған мына бiр сурет “Киiз үйдiң жанындағы Атай” деп аталады. Абайдың “Жазды күн шiлде болғанда” атты өлеңiн суреттiң астына латынша жазған. Жарқын жаздың тамаша бiр көрiнiсi. “Жайлау” (1959), “Есiк көлi” (1959) секiлдi суреттерде де жазды бейнелейдi.
Шiлденiң тағы бiр естен кетпес суретiн ақын Нармахан Бегалиев былай суреттейдi:
Гүл-гүл дәурен бұл-бұл ұшып басыңнан,
Дәл осылай өтедi ғой, жан еркем.
Түнде сенiң күмiс күлкiң шашылған,
Шабындыққа шалғы түстi таңертең.
Таңғы ауа. Жаңа орылған шөптiң исi... Аспанда шөкiм бұлт жоқ. Жүректе аздаған мұң бар, сағыныш бар.
Өмiр сүргiң келедi.
Шiлде...
ТАМЫЗ
Ол қиялшыл бала болатын. Жаздың ми қайнатар ыстығында өзге балалар салқын үйге кiрiп алып, күн төбеден ауғанша ұйықтап жатса, ол көл жағасындағы нән қараталдың басына өрмелеп шығып алыстарға қарауды ұнататын едi. Көз ұшында бұлдыраған сағым, сағымның алақанында дiрiлдеген Қаратаудың ұзын шұбақ жоталары, ортада ұшы-қиыры жоқ оман дария... Дариядан өтсем бәрi де өзгерiп сала берер ме едi деп ойлайтын бала. “Бәрiбiр мен бұл ауылда қалмаймын”,– дейтiн тағы өзiне-өзi ант берiп.
Күн болса жанып тұр. Тай-құлын, бота-тайлақ көлеңке iздеп сенделiп кеткен. Қой-ешкi көне тамның көлеңкесiне тығылыпты. Маңай құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Қырқа-адырлар шөбi сарғайып, күңсiп тұр. Әжесi кеше “Сарша тамыз келiптi-ау” деп отыр едi. “Сарша” дегендi әсте сарғайған далаға қарап айтқан болды ғой.
Көл жағасына жеңiл машина тоқтады. Шамасы қаланың қазақтары болса керек, орысша сөйлесiп, дабырласып жүрiп шатыр тiктi, мосыға шәугiм асып, от жақты. Бұл жартылай жалаңаш аға-апаларға қарап күлкiсi келдi. Қимылдары ебедейсiз, иiлiп-бүгiлiуi қиын. Төңiрек қу тезектен аяқ алып жүргiсiз, ал мына кiсiлер болса жыңғылдың жас бұтағын сындыра алмай әлек. Жыңғыл оңай сына ма екен, неге шөпшек термейдi?! Күлiп жiбердi. Өзi құралыптас қызы бар екен, төбесiне үйiп алған ақбантигi желбiреп шапқылап жүрген, кенет қалт тұра қалып бұған қарап әлденелердi айтты. Түсiнбедi. Түсiнбегенi қыз орысша сөйлейдi. Шамада “неменеге күлесiң?” деп ренжiп тұр. Неткен әдемi қыз. “Келешекте алыс қалаға оқуға кетемiн, үлкен жiгiт боламын, сонда дәл осындай әдемi қызға үйленемiн”. Мұның iшкi ойын сезiп қойғандай қыз терiс айналып кеттi. Тал басынан түсiп, демде бiр құшақ шөпшек терiп әкелдi. Мосының астына әуелi тамызық тастап, iле қу тезектi айналдыра қалап “үп” деп едi, күнi бойы бықсып, түтеп жанбай жатқан от лап ете түстi. Шәйнек бұрқылдап сала бердi. Қыздың әкесi бұған кәмпит берген– алмады. Көлдi жағалап әрi кеттi. Соңына қарауға ұялды. Қоғалы иiрiмнен өте бергенде шатыр жақтан қыз айқайлайды. Жүгiрiп келедi. Тағы да орысша сөйлейдi. Иiрiмнен әрi су бетiн жауып өскен тұңғиық-гүлдердi нұсқап бiрдеңе дейдi.
–Ол тұңғиық қой, – дедi, бұл “соны да бiлмейсiң бе” дегендей .Қыз тағы сөйледi.
– Неткен әдемi гүлдер?!– деп түсiндi бұл қыздың сөзiн.
– Не, алып берейiн бе?– деп сұрады бұл. Қыз және бiрдеңелер айтты.
– Су терең ғой, қорықпайсың ба?– деп сұрап тұр деп түсiнген бұл:
– Түк те қорықпаймын,– дедi.
– Қой, керек емес,– деп түсiндi, бұл қыздың келесi орысшасын.
– Осы жерде тұр. Кетiп қалма, мен қазiр,– дедi. Дедi де шегiншектеп келiп суға секiрiп кеттi.
Су сұмдық салқын екен. Шекесiнен бiр-ақ шықты. Тұңғиықтың тамыры тереңге кетедi. Әдемi жапырағына ара қонып отыр екен. Су шашып үркiтiп жiбердi. Гүл әжесi айтатын ертегiлердегi перi қыздарының аппақ қайығы секiлдi. Орта тұсы сарғылтым, жиек-жапырақшалары көгiлдiрленiп әсем тербеледi. Бұрын тұңғиықтың мұншалықты әдемi екенiн қалай аңғармаған. “Тiптi, тұңғиықтың астында су перiсi жатады, гүлiн жұлған баланы су астына алып кетедi” дегендi естiп маңына жоламайтын. Байқаса, дүниедегi ең әдемi гүл – тұңғиық екен. Гүлдiң бiр құшағын төсiне қойып, шалқалай жүзiп жағаға келдi, қыз дегбiрсiздене күтiп тұр екен, әлдене дейдi.
Рахмет, айтқаны болар деп түсiндi бала.
– Несiне рахмет, арғы жақта, Тұрғанбек көкемнiң қорасы жақта тiптi көп, мiне мынадай үлкен дедi бұл екiленiп, –ертең тағы кел, көп қып ап беремiн, қалаңа алып кетесiң, жарай ма?
Қыз басын изедi. Сосын шатырға қарай жүгiре жөнелдi. Ұзамай жеңiл машина қасқа жолға түсiп қаласына тартып бара жатты.
Сол күнi бала өмiрiнде тұңғыш рет судың суықтығын сезiп едi. Бұл келген тамыз болатын. Тiсi-тiсiне тимей сақылдап, жағада отырып боз бұлау боп жылап едi. Қызды қимаған. Мына дүниенiң өзi ойлағандай жылы, мейрiмдi, рахымды емес екенiн, бәлкiм, ол сол күнi алғаш рет бiлген болар. Ол, мүмкiн, бүл дүниеде қимасынан айырылып жалғыз қалу деген сұмдық болатындығын да сол күнi тұңғыш рет сездi. “Сүмбiле туа су салқын, таразыда таң салқын” дегендi әжесiнен күнде естiп жүрсе де мән бермейтiн. Тамыздағы судың салқындығы деген не, оның алдында қарашаның қара суығы, желтоқсанның жентек қары, қаңтар-ақпанның қаїарлы борандары тұр едi. Бала әзiрге оның ешқайсысы туралы ойламайды . Әзiрге – оны тамыз айы қоршап тұр. Досына күтпеген жерден мiнез көрсетiп ренжiтiп алғанына ұялғандай шалқар көл үнсiз. “Қойшы ендi түспеймiн, сен суықсың” дейдi бала бұртиып. Өкпелегені бұл.
Содан берi қанша жыл өттi.
Содан берi қаншама тамыз өттi оның басынан.
Кешегi жарқын жаз әп-сәтте жалт етiп өте шыққанын тамыз туа бiлесiң. Жүрекке бiр түрлi мұң ұялайды.
Қанша жыл өтсе де сол тамыз, сол қыз есiнен шыққан емес.
Тамыз – бiр аяулы мезет, жаз әлi аттан да, тақтан да түскен жоқ, бiрақ алда, жақын арада заман бiр өзгерiс болатынын сезесің. Iштей толқисың. Қай-қайдағы есiңе түседi.
Еркем тамыз, жаныңдамын күрсiнсең,
Қалған күнiм өзiңмен өтсе едi.
Алматыға тұңғыш келiп тұрсың сен,
Менен бұрын ешкiм өпкен жоқ сенi.
Мығым шашы,
Сабау қара кiрпiгi.
Қандай теңеу тапсам дейтiн ботама
Менi ұйықтатып тұрып кеттi ол бiр күнi.
Содан қайтып оралған жоқ о, тоба!
Қала бей-жай.
Шығып жолдың шетiне.
Кiрпiдейiн жиырламыз бәрiмiз.
Опа жағып әжiм-әжiм бетiне,
Келе жатыр сап-сары күз – Кәрi қыз,
Бiз алда-жалда айларға жаңадан ат қою керек болса, өткен шiлденi “ұя басар” деп, тамызды “қанат қақты” деп атауды ұсынар едiк. Биылғы жылдың балапандары ұядан шығып, әуелi таяқ тастам жерге барып, әудем жерге, одан көк аспанның төсiн шарықтап ұшып жөнелетiн, шын мәнiнде, қанат қақты ай – осы ай. Саңырау құр мен үкiнi бұл кезде көрмеген дұрыс, себебi олар түлейдi, түлегенде де кейде жон арқасы қардай боп жалаңаштанып, оғаш көрiнедi. Үйректiң еркегi де жалаңаштанып қалады. Үйрек демекшi, қаз бен үйрек ескi әнде айтатындай “Ащы көл тұщы көлдiң арасы бар” деп көлден көлге ұшып әбiгерлене бастайды. Себебi ұзақ жол, алыс сапарға аттанарда “жал-жаясын жауып” – кең даланы армансыз бр аралап алғысы келедi.
Тамыз – дегелектердiң қайтатын айы. Кеше ғана үй алдындағы үлкен ағаш басында не шатырда таңдайын тақылдатып “тұратын қасыңызда қасынсып” ерке күйеу кенет көмейiне құм құйылғандай үнсiз қалады. Елегiзiп ұясына келедi. Өлiп қалған жоқ па екен деген қаупiңiз бар. Ұя бос. Демек, халық әнiнде айтылатындай “ләйлек кеттi жаз кеттi, қанатында саз кеттi”. Жақсы көретiн құсыңызды қимай қу ағаштың басындағы иесiз ұяға қарап қаласыз. Тағы да жүрекке бiр мұң ұялайды. Төңерек бiрлен құлазып сала бердi. Аспан бозара бастайды. Жерге қарайсыз – шөп басына тұнған шық қайтып кеткен дегелектiң көз жасы секiлдi мөлтiлдейдi. Тамызды шықтың айы десе де болғандй. Бұл таң шық ерекше қалың түседi. Ерте кезде шық деген аспаннан құлаған жақұт жұлдыздарың шашыранды сынықтары екен деген аңыз болғанға ұқсайды. Жақұт жерге түскен соң ерiп шөп басына жабысады-мыс. Және бiр аңызда Жер-Ана батқан күн үшiн жыласа, атқан таң үшiн қуанып екi жылайтын көрiнедi. Шық Жер-Ананың көз жасы ретiнде осыдан едi дейдi.
Тамыз түндерiнiң тағы бiр ерекшелiгi – жұлдыздар жиi ағады. Қазақтың ырым-жоралғысында айтылатын аққан жұлдыз көрген “жұлдыз жоғары” деп үш рет не жетi рет айту керек деген сөз осындай түндерде ауған болуы мүмкiн. Астрономиялық ерекшелiктер адамдарды қай кезде де қызықтырған. Бiреулер “жұлдыз ақса – кiсi өледi” деп қорықса, ендi бiреулер “жоқ, жұлдыз ақса – құдайдан тiлек тiле, мұратыңа жетесiң” дейдi. Бiз соңғы сенiмдi қолдар едiк.
Тамызда сарғалдақ (кейде оны мысықторғай деп те атайды) деген құстың айы деп те атайды. Аталмыш торғай осы айда ерекше шабыттанады. Кешегi көкек, сайрақ, байқыз шақыратын тау-тас, орман-тоғайлардан ендi ендi соның “шулағанын” естисiз. Халық сенiмiнде “сарғалдақ шақырса күн құлақтанады” деген. Дегелектiң қандай да ауа райынан қолайсыздығымен байланыстырады. Сарғалдақ туралы И.Бунин “Август” деген өлеңiнде тамаша суреттейдi.
Кей жылдары тырналар да тамыздың аяғында қайтады. Мұндай кезде жұрт қазан айының ортасы ауа аяз болады деп жорамалдап қам-қаракетiн жасай бастайды. Ал тырна қыркүйекте қайтса қыс жайлы болады.
Қазақтың тағы бiр ескi мақалы “Күзгi қымызды күйеуге берме” дейдi. Тамыз жаздың соңғы, күздiң басы десек, бұл айда шөптiң буыны қатып, жемiс-жидектер пiсе бастайды. Күшiне мiнiп, бабына келедi. Ат-айғырлардың сауыры жылтырап семiрiп, түнiмен үйiрдi шырқ үйiрiп азынай кiсiнейтiн кезi осы кез.Үлек пен бура да шыбын-шiркей азайған соң майын өркешiне жинай бастайды.
Көктемде туған қозы тұңғыш рет қырқылады. Қырқым аяқталған соң еркек-ұрғашысы бөлiнiп, iле күзем басталады. Күзем жүннен үзiк, туарлық басатыны белгiлi, ол қозының жүнiнен ше? Халық әнiнде айтылатын:
Алты қырдан асырайын,
Ақ текемет басайын
Жетi қырға жеткiзейiн
Желекi кiлем басайын,
деп осы тамыз айын да айтса керек. Қозының жүнi – сапалы, мықты, әрi нәзiк бола тұрса да ұзын боп келедi. Аяқ астында жататын текемет үшiн ең керегi осы. Жыл он екi ай көшiп-қонып өмiр өткiзген көшпелi халық малдың мүйiзiнен бастап тұяғына дейiн далаға тастамаған, керегiне тиiмдi пайдаланып бала-шаға, келiн-кепшiктi ұқыптылыққа үйреткен.
Тағы бiр рауяатта кешегi Шығыс Түркiстан қазақтары арасында бұл айда “лақтың басын соғу” деген жоралғы болған. Жоралғы дейтiн себебiмiзге келсек, шөп қатая ешкi семiредi. Әсiресе лағының бөтекесiн май басып қалады. Көңiл жақын дос-жар, құрамдас кiсiлер кейде бiр-бiрiне лақ сыйлап шақырысады екен. Бiр-жар сағат қайнар-қайнамастан ет былқып майы бетiне қалқып шыға келедi. Шошайып тұрған екiтұқыл мүйiзiн түбiнен сығымдап қысып қалсаңыз, әбден пiскен жас лақтың басы қақ айрылады. “Лақтың басын соғу” дегенi мiне осы. Қазақ әрбiр күнiн көңiлдi өткiзуге тырысқан. Малдың соңында қыс-жазы салпақтап мойны ырғайдай, битi торғайдай боп арып-ашып, азып-тозып кетпеудiң бiр жолы – Алла тағаланың әрбiр күнiн ырызғы-несiбелi деп түсiнiп, әр күндi көңiлдi өткiз. Бiр ауылда “лақтың басын сақтап” ендi бiр ауылда қыз ұзатып жатса, қырдың астындағы келесi ауылда қыз-бозбала жиналып жүн сабап жатады. Жүн сабау – жастардың бас қосатын тағы бiр мерекесi. Үлкен кiсiлерден аулақ, сырт көзден тыс сырласатын оңаша әңгiмелесетiн өзiнше бiр “бастаңғы”.
Етектiң шөбi сарғая бастаған мен тау беткейлерi әлi жап-жасыл. Жасыл дегенiмiз не, жұпар (душица) гүлдер ендi-ендi кемелiне келе бастайды. Биiкте өскен андыз көз тартып, ұшар басындағы сары гүлi алақандай боп ашылған, оған iлесе ермен гүлдеп тұр. “Андызды жерде ат өлмес, ермендi жерде ер өлмес” дегендi осы екеуiнiң тамыз айында қатар пiскенiн көрген сүйсiнген қазақ айтпады ма екен? Шәйқурайдың сары гүлдерi алыстан көз тартады. Шiлдеде сай-саладан шөптердi жинап болған емшiлер ендi тауға беттейдi. Айтуларына қарағанда, таудың шәйқурайы емдiк қасиетi ерекше шөп боп есептелiнедi.
Әсiресе, бiздiң Алматының тауларында тамыз туа гүл ашып, беткей-беткейдi басып салатын өсiмдiктiң бiрi орыстар малька деп атайтын көкнар түстес гүл. Оның гүл-жапырақтарын жүрек ауруына қарсы пайдаланатын көрiнедi.
Кеш гүлдейтiн тау бүлдiргендерi пiсiп, қарақат қап-қара боп толысады.
Көне славян тiлiнде бұл айды “серпень” деген, онысын қазақшаласақ “орақ айы” дейгенге саяды. Орақ айы дейтiн себебi, бұл айда егiн жинау басталады. Өздерi “екiншi нанымыз” деп есептейтiн картоп пен саңырауқұлақтардың маусымы да осы кез. Н.В.Гоголь жазатын жәрмеңке мезгiлi де осы тамыз. Орыстар бұл айды моншаға түскенде шабынатын қайың сыпырғыларын дайындап, сыпыртқыларын күзге әзiрлей бастайды. 14-тамызға1 (“первый снос”) жазбен қыстау күнi, бал күнi 19-тамызға (“второй снос”) алма пiсетiн күн деп айдар тағады.
Әдетте орыстар 2-тамыз Улия пайғамбардың күнi деп ұлактап, “жаздың беломыртқасы сынды, күз көкiрекке мiндi” деп есептеген. Бiздiң қазақтың жұлдызнамалары мен есепшiлерi мұны жоққа шығарды, себебi әр жердiң ауа райы әр басқа.
Тамыздың тамылжыған тамаша ғой дегенмен, кейде аяқ-астынан бұлқан-талқан боп шат-шалекейiмiздi шығаратын жылдар да бар. Осыдан бiр, екi-үш жыл бұрын Алматы облысы Нарынқол өңiрiнiң Қарасаз, Сарыжаз, Шәлкөде төңiрегiнде 1-тамыз күнi қар жауып, елдiң үмiт артып отырған картоптарын суық ұрып кеткен. Ал Ресейде 1986 жылы алғашқы аяз 17-тамызда, 1997-98 жылдары 2-тамызда, 2001 жылы 3-тамызда, 2002 жылы 12-тамызда жүрген аң-құс қырылып, егiндi үсiк шалған.
Табиғат неге ашуланады екен? Неге жазықсыз жан-жануарларды аяқ астынан нiлдей бұзылып қырына алды екен? Осының бәрiне адамдар кiнәлi емес пе? “Адам қолы жасаған ұяттардан” (Т.Айбергенов) бүкiл әлем зардап шеккен кездер аз ба? Төмендегi мысалға айтпағанымыз-
Көнеримдiк күнпарақ бойынша қазiргi шiлде айы жылдың бесiншi айы боп есептелiнiп, квинтилия атанса, келесi алтыншы ай секстилис делiнгенi мәлiм. Юлий Цезарь бесiншi айды сенаттың шешiмi бойынша өз атымен атады. (июль деген аттың осыдан шыққанын бұдан бұрынғы мақаламызда айтқанбыз).
Тағы бiр тарихи әңгiме былай өрбидi.
Цезарь жас болса да бас болады деп таныған Гай Октавиан ештеңеден хабары жоқ, денсаулығы нашар, қатар құрбысымен араласпайтын бiртоға жiгiт болып өседi. Ылғи сен тұр мен атайын қаған тұқымының арасынан ешбiр ерекше қасиетiмен дараланбайтын осы бiр әлжуаз, шынжау бозбалаға ұлы нағашысының неге ықыласы ауды екен – оны ешкiм бiлмейдi. Әйтуiр, қаған жиенiнiң үйiне жиi келедi екен.
– Бұл кiм? деп сұрайды екен жиенi қақпаны ашарда.
– Бұ ма, бұл –Квинтилия ғой,– дейдi екен Юлий Цезарь.
– Ә, сiз бе едiңiз жоғары шығыңыз, төрлетiңiз,– деп жiк-жаппар болған Октавиге қарап қуланған нағашысы:
– Ал сiз кiм боласыз? ,– деп сұрайтын көрiнедi.
– Бiз бе, бiз бұйырса секстилис болармыз,– жеп жауап бергендi ұнатады екен жиенi.
– Дұрыс, өте дұрыс, сiз секстилис боласыз!– дейдi Юлий Цезарь жұртқа естiртiп дауыстап.
Өнер атаулыға, әсiресе өлеңге жаны құштар рим елi нағашылы-жиендi бұл жауаптасуын, әдемi сөз, әзiл-қалжың деп қабылдағанмен, ол екеуi кiмнiң ненi меңзеп тұрғанын жақсы бiлетiн. Құдайым мың арнамен мың дария ағызса да, пенденiң бiр арнасын мәңгi құрғатып қояды екен. Әлемдi жұмсам жұдырығымда ұстаймын деген Цезарьдың ұлы болмады, яғни тақ мұрагерi кiм болары беймәлiм едi. Цезарьдан соң кiм император болады? Бес, бестен кейiн алты-квантилиядан кейiн секстилис деген сөздiң мағанасы осы едi. Гай Октивий көнерим күнпарағының алтыншы айында, яғни сектилис айында дүниеге келгенi мәлiм.
Әлқисса Юлий Цезарь қанды көйлек достарының қапияда қақ жүрегiнен тиген қанжарынан опат болған соң мұрагерлiк жиенiне қалды. Хатқа түскен, мөр басылған өсиет-намада солай жазылыпты. Көне Римде заңның қатал сақталғаны мәлiм – бұған Марк Антони де, Клеопатра да, тiптi Брутт та ештеңе iстей алмады. Заңның аты-заң. Әр патша өзiн бұрынғы патшалардан гөрi ақылдымын деп есептейдi. Анығында шын ақыл иесi Құдай ғана. Нағашысының неден өлгенiн бiлетiн Гай Октавиан темiр сауыт киiп жүредi, Цезарь сияқты данышпандыққа ұмтылғаннан гөрi суық ақылға ғана жүгiндi, ақ көңiл емес, сақ болды, өзiне ешкiмдi жақындатпады. Іысқасы, өткен қателiктердiң ешқайсысын да қайталамауға тырысты. “Мен Цезарь емеспiн, басқамын” дейдi екен ылғи. Ия, ол салқын ақыл, суық жүрекпен бәсекелестерiнiң бәрiн құрта бiлдi, қыл аяғы “кеше гөр” деп өкiре жылаған Клеопатраға да жiбiмедi. Бiрақ, сенат (қоршаған орта деп түсiнiңiз) өз дегенiн iстемей қоймады. Бiрде, кiм екенi белгiсiз, сенаторлардың бiрi.
– Аса құрметтi,– деп бастады сөзiн жас қағанға қарап: (Жас қаған күнде естiп жүрген сөзi болған соң сыр бермей сазарып отыра берген).
– Август,– дедi әлгi сенатор сөзiн жалғап. Бұл “Қасиеттi немесе құдайдың сүйген құлы ” деген мағана беретiн сөз едi. Келесi сенатор күнпарақтағы бесiншi ай Цезарьдың құрметiне июль деп аталғанын, оның заңды мұрагерi Гай Октавианның құрметiне алтыншы – секстилис айын неге Август деп атамасқа деп ұсынысын жасады. Бiрауыздан қабылданған осы ұсыныс бойынша ол ендi Гай Юлий Цезарь Октавиан атанды. Бiрақ, сенаттың шешiмi–құдайдың шешiмi емес болатын. Барлық патшалар секiлдi ол да құдай болуға ұмтылды. Ал Құдайтағаламның әмiрi басқаша жазулы едi. Ол араға бiрсыпыра уақыт салып, рим күнпарағы бойынша 19 август күнi қайтыс болды.
“Август оның өзi ме, ажалы ма,
Қалды солай халықтың мазағына”
дейтiн өлең сол Октавиан Августке арналған деседi.
Анығында барлық пәле өзiмiзде, яки адамдарда, әтпесе Айдың не жазығы бар?!
Август–шiлде, келе-келе алтыншы айдан сегiзiншi айға ауысып, жылдың ең берекелi, мерекелi мезгiлiне айналды демiз-ау, ақиқатына келсек, Құдайдың әр күнi құтты, әр айы мерекелi, берекелi емес пе? Берекелi болатыны – бұл кезде жаз әбден толысып, пiсiп, шөп атаулының буыны қатады. Қазақ айтатын “сүмбiледе су суық, таразыда таң салқыны” осы кез.
Сөйтіп, Демокрит қалдырған жазбаларға сенсек, Адамзат о баста кілем, алаша, өрмек тоқуды өрмекшіден үйренген көрінеді. Ал біз Демокрит ақсақалдың бұл ойын Адамзат о баста кілем, алаша, өрмек тоқуды өрмекшіден күзде, анық айтсақ қыркүйек айында үйренген деп толықтырғымыз келеді. Халық жұмбағында айтатындай “ұзын-ұзын ұзардай, ұзын аққан сулардай, ағаш атқа мінгізіп, ұзартып қойған мұнардай”, қиыннан қиюластырып, үзілдіріп үзбелеп, тізілдіріп тізбелеп көз жауын алатын көркем өрмекті осы айда тоқиды. Өрмекшінің торы! Әсіресе, таңертең қарасаң, бейне бір уыс жаңбыр (бір уыс бұлт емес) тұтасып келіп жауа алмай біз білмейтін әлдебір құдіреттің күшімен ағаш басына ілініп қалт тұрып қалған секілді. Күн сәулесімен құбылып жылт-жылт етеді. Бұл – таңғы шық тұнған өрмекшінің торы.
Ол сізге жете алмай, сіз оған жете алмай аңтарылып тұрғаныңыз. Бұл аралықта ауа райының өзі мынадай әсем тізілген әлгі шықмоншақтарды төгіп-шашып алмайын дегендей үп еткен желсіз, жаңбырсыз жадырап, жайнап тұрады. Классик айтатын “сұлулық әлемді құтқарады” дегенге саямыз ба, әлде гидрометеорология заңдылығы ма – әйтеуір ерте күзде осындай бір естен кетпес ерекше күндер болады. Қазақ мұны мизам шуақ десе, орыс ағайындардың аузынан суы құрып “бабье лето” деп тамсанатын кезеңі осы кезең. Барлық жақсы әндер секілді “бабье лето” да тез таусылады. Іле сұрғылт тұман, суық жаңбырлар дәуірі басталады да, соңы боз қырау, одан ақ қар, көк мұзға айналып сала береді. Ақ қар, көк мұзға асықпайықшы. “Ах, август, аялдашы бір апта” дейді ақын қыз Шәмшия Жұбатова. Әсте, осы сөзді қыркүйектегі тамылжыған тамаша таңдарға арнап айтса да орынды болар еді. Шынында, жақсы күндер, жайдарман түндер неге жылдам өте шығады екен.
Тағы бір рауаятта – қыркүйек жылдың ымырты деп те аталады. Сонда қалай, алдымызда түн тұр ма? Сенгің келмейді. Сенгің келмейтіндіктен жаңағы айтқан жарқ етіп өте шығатын жақсы шақтар туралы ойланғың келеді.
Бұл ай – сағыныш айы.
Сағыныш айы. Тыраулап тырналар қайтады. Жүрегіңді суырып алатындай мұңды дауыс. Тырна төмен ұшса қыс жылы болады, жоғарылап ұшып жоғалса – қақаған қаңтар, ашулы ақпан күтіп тұр дей беріңіз, мейлі, қыс қатты болса болсын-ақ, әр нәрсе өз мезгілімен емес пе! Мына тырналарды қайтеміз? Кеудеге сыймай аласұрған жүректі қалай жұбатамыз?!
Содан ба екен, кейбір елдердің ауыз әдебиетінде кездесетін “қыркүйек – сары түлкідей құбылады” деген теңеу де ұнамайды. Неге оны қызыл түлкі емес, сары түлкіге теңейді. Орман-тоғай, шөп-шалғын арасында әуелі қу түлкінің өзі емес құйрығы не жоны жылт-жылт көрініп қалады, бара-бара бүкіл дүние сап-сары боп құлпырып сала бермек.
Украйындар бұл айды “вересень” деп атайды. Мұнысы “қырау түсетін ай” дегені. Біз болсақ қырау түседі дегеннен гөрі шық түседі дегенді қалаймыз. Қырау да, қар да әлі алда емес пе?
Жоқ, бұл қу түлкінің айы емес, жылдың ымырты да емес бұл кезең.
Жаз әлі өткен жоқ.
Жақсы күндер алда әлі.
Қараңызшы, өзгерген не бар, бәрі қаз-қалпында емес пе? Гүлкекіре тура тамыздағыдай, тамыз ғана емес шілдедегідей ағы ақ, көгі көк құлпырып тұр. Солған, мұңайған, сарғайған, қураған жоқ. Сол қалпы. И.Бунин мен М.Пришвин сүйсіне жырлайтын көгілжім гүл де (мальва) солай. Шайшөп болса, “Кім сізге күз келді деген?” деп етектен төске өрлеп балмағыз атып жайнап тұр. “Мен сенен қалайын ба?” дегендей жұпар гүл мен қарабас шөп таңғы салқын, кешкі желмен таудың сәнін келтіріп еркін ырғалады. Кейбір гүлдер бұл айда екінші рет гүлдейді. Күн жайлы келсе, алма мен өрік ағашы да қайта гүлдеп кетуі мүмкін. Әлбетте, олардың жеміс беріп үлгермейтінін ойласаң жүрегің ауырады. Бәлкім, “алты күн атан болғанша, бір күн бура болып зіркілде” демекші, төмен қарап бұқпантайлай бергенше төніп келе жатқан күз қаһарын қаймықпай қарсы алайын дейтін болар.
Ағаш жапырақтарының сарғайғанын бақылаудың өзі қызық. Жер-дүниені суық демімен бір қарып өтетін алғашқы үсікке гүлдер болмаса жеміс ағаштары да, жабайы өскен тал-қайың, емен-теректер де сыр бере қоймайды. Сырт келбеті гүлхеріге немесе шашыратқыға ұқсайтын сентябрина атты екпе қоңырқай бақтарға гүлдер жаңа реңк беріп, солғын ажарын ашып, шырайландыра түседі. Ағаштар да “қане, қайсымыз мықтымыз?” дегендей қаһарлы суыққа қарсы тұрып, іштей қалтырағанмен сырттай асқақ қалпын бұзар емес.
Дегенмен, жайдары жаздағыдай күміс күлкі, сыңғыр да, сыбдыр да жоқ, үнсіз ымдасып, ақырын сыбырласады. “Бөрі арығын білдірмес сыртқа жүнін қампайтар” деген осы.
Айдың 22-нен 23-іне қараған кезі – күн мен түннің күзгі теңелуі, яки, күздің астраномиялық тұрғыдан басталатын күні. Тұқымдастары арасында күз келгенін алғаш мойындайтын долана. Бірінші соның жапырағы сарғаяды. Бірақ, долана аз. Сондықтан бір қарағанда одан да бұрын үйеңкі сарғайған секілді көрінеді. Іле Алатауы, Талас, Жоңғар Алатауларында айдың аяғына таман үйеңкі біткен қып-қызыл түске еніп көздің жауын алады.
Тізбе, тізбе, тізбе тау, тізбек орман,
Тізбек орман еді ғой – біздегі арман.
Күрең қызыл үйеңкі аралына
Күрең қыздың ауылы күзде қонған.
Алтын теңге төккендей жолға кілең,
Тізбе, тізбе жапырақ – ол да күрең.
“Қарама!” деп, күледі, көзім басып
Күрең сұлу ып-ыстық қолдарымен.
Күрең тауды қиялап таң атады,
Көр, көр деймін, өзіме қара тағы,
Қарай бер сен жапқанша жанарымды,
Қара күздің сұп-суық алақаны.
Іле-шала алмұрт ағаштары сары алтын сырғаларын сыбдырлата бастайды. Отыз күн, кейде қырық күн бойы беріспей, ақтық демі қалғанша айқасатын үш батыр – емен, қайың, шетен. Бұл кезде мойыл мен көктерек жапырақтарынан түгел айырылып, қырқымнан шыққан тоқтыдай жалаңаштанып қалады.
Бірақ күз әлі кемеліне келген жоқ, қорғансыз да нәзік жасыл жапырақтарды сарғайтумен шектеліп тұр. Тұрсын солай. Әдепкі теке тірестен өзі де болдырып қалған сыңайлы, аптықпайды, асықпайды, ұйытқи соғып, берекетіңді алатын оғаш, одағай мінезі басылған. Біз айтып отырған, мизам шуақ осы.
Біз табиғаттан өзімізге керегін, өзімізге дүниетанымы сәйкес құбылыстарды іздейміз һәм табамыз да. Табиғатпен үйлесе, үндесе алмаған кез - ажалдың тақап қалған кезі болар, әсте. Беті аулақ.
Қожақаттың мөлдір қара жемісін бүгін теріп кетсең, ертең тағы сонша жемісі пісіп жетіледі. Бөріқарақат бұтақтары тығыз салған дән жемістерін көтере алмай майысып тұр. Мына берекелі, мерекелі күзге шашуы болар, алып еменнің дәнегінен аяқ алып жүргісіз. Тиын сол дәнекті ағаш қуысындағы ініне тасып әлек.
Алматының алмалары-ай дегізетін кез ғой бұл. Әттең, баяғы бала кезіміздегі апорт жоқ. Алматының тауларын бұл айда апорттың елесі кезіп жүреді.
Тырна мен сарғалдақ, көкек пен қарлығаш көрінбейді. Бөдененің быты-быты естілмегелі қашан. Қайтеміз, қайтқан құстардың жолы болсын! Есесін, “таудан түсіп келе жатыр салқын күз” (Аманхан Әлім) деп ақын айтпақшы, алты ай жаз биікте жүрген сарыбауыр шымшықтар төменге түсіп, “қырдағы, ойдағы елмен араласқандай” жыра-жыра, сай-сала азан-қазан, у да шу. Жылы жаққа қайтарда біздің далада аз күн аялдап өтетін құстар қаншама?!
Қараторғай мен жаурауық, таңшымшық пен бүрген торғайдың жаздағыдай сайран салғанын қалар едік, бірақ бір сұмдықты сезгендей бәрі де үнсіз, ән салса даусын шарықтатпай бәсең салады, шуылдамайды, қанаттарын қатты қақпай төмен ұшады. Қарғаның өзі қарқылдамайды. Сақ сауысқан бәрін сырттан бақылып тал басында жеке отыр. Не ойлайды ол? Нені біліп отыр? Не болды, сендерге құстар?
Баяғыда, ауылда, ат суытамыз деп таңды таңға ұрып ұйықтамай бәйгеге жүйрікті де, баланы да дайындамаушы ма еді? Ондайда, тіпті аламан жарыстың ширегін, кейін жарты жолын, келе-келе бүтіндей шауып өтіп, қосар атты қаншырдай қатырып әбден баптаушы еді ғой. Құстар да солай. Ұзақты күн ұзақ қарғалар мен қарлығаштар, қара сайрақтар мен қаздар, тырналар топ-топ боп топтасып көк төсін тілгілеп, әрі-бері ұшады. Тас түйін боп шырқау көкке тік көтеріліп, өзін-өзі жерге допша лақтырады, енді бір сәт қайқаң етіп қайта көтеріліп жазыла ұшады, жалт етіп оңға бұрылып, солға бұрылып түрлі-түрлі қимылдар жасайды. Ғалымдардың болжамы бойынша мұның бәрі бекерден бекер болмайды. Бұл кезде құстар әбден семіреді. Бұл да “Жортар аттың тоғы игі” демекші, Құдайдың құдіретімен біз ессіз санайтын қанатты ағайындарымыздың ұзақ жолдың алдында күш жинауы, қазақша айтсақ “жал-жаясын жауып қоңдануы” болса керек.
Сөйтіп, бізден ұшып құстардың көбі Африка, Үндістан, Еуропа елдеріне кетіп жатса, енді бір тобы солтүстіктен біздің далаға қыстауға келіп жатады. Олардың арасында – қызыл төс суық торғай, кекілді самырқұстар (ертеректе Алматыдағы Таулы Қыраттың әр бөктерінде топ-тобымен қыстап жүретін), бір бойында жеті түсті қауырсыны бар әсем шымшық, қызылқунақ, шекілдек құстар бар. Біздің даламыз бен біздің қаламыз ашыққандар мен торыққандарға пана болатынын ойласаң тұла бойыңды қуаныш кернейді.
Бұл кезде құстар түлейді. Түлек кезі олар үшін қауіпті кез. Үйректің кежегі қызылды-жасылды “тонын” тастаса, қоңырқай “жадағай” жамылады. Жаңа қауырсындар ұзын, салалы және өте қалың боп өседі. Табиғат қандай шебер десеңізші, әр нәрсе өз уақтысымен, өз кезегімен! Осының бәрін басқарып, үйлестіріп тұрған бір құдірет барына қалай сенбейсіз?
Ертең ұшып кетеді олар. Содан келесі көктемге дейін жоқ. Алаң көңіл күндер басталмақ. Туу жазға дейін.
Үш мың, бес, он мың шақырымдық жолдар күтіп тұр оларды.
“Тұлпар тұрып ұйқтайды” деуші едік қой, сол сияқты құстар ұшып бара жатып ұйықтайды. Мысалы, дегелектер тәулігіне бар-болғаны 10-15 минут қана көз шырымын алады екен. Ұшып бара жатып ұйықтағанда бағытынан ауытқып басқа жаққа лағып кетпеуі үшін “ұйқышыл” дегелек әуелі қалың лектің орта тұсына кіріп алады екен, сәл бұрылып бара жатса, өзге құстар қанатымен қағып дұрыс жолға салып отыратын көрінеді. Ұйқысы қанып, сергіп оянған дегелек содан соң серіктерін демалдырып өзі топ бастап жөнеледі. Сөйтіп, алма-кезек демалып, ерте күнді кеш қылмай межелі жерге жеткенше тынбай ұшады екен. Мұндай мықтылық адамның қолынан келмейді. Әсте, біз өзіміздің әбден толысқан, толған, шығыста айтатындай (Инсони Камил) кемелденген тіршілік иесі болуымыз үшін әлі талай жолдардан өтуіміз керегін естен шығармауымыз керек шығар.
Қарқылдақ шағала болса туу ит арқасы қиянға – Арктикаға барып ұя басады. Қыстауға Антарктидаға ұшады. Сонда ол ұшып өтетін жолдың жалпы ұзындығы – он мың шақырымнан асады екен.
Қыркүйек құстардың өздеріне тән ерекшеліктері айқындалатын ай. “Ат жүйрігі білінбес бәйгеге түсіп жарыспай” демекші, кешеге дейін ең жылдам ұшатын құс деп сұңқар мен бүркітті, жоғарыда айтқан қарқылдақ шағаланы атап келдік. Қыркүйек айы - фенологтардың бұл қателігіне түзету енгізетін ай ретінде бағалы. Ғылыми дәлелденгендей, ең жылдам ұшатын құс – кәдімгі сіз бен біз бала кезімізден көріп өскен ақ тамақ қарлығаштар екен. Және бұл жаңалыққа Қазақстанда Шақпақ құс сақиналайтын бекеті деректері бойынша тағы бір рет дәлелденген.
Бой тоңазытар таңғы салқынмен орманға келсеңіз, емен, қарағайлардың түбіне үңіліп, сай-саланы кезіп жүрген саңырауқұлақ терушілерді көресіз. Арасында қазақ ілуде біреу. Біздің ел қызықпаған кәсіп. Бекер-ақ, әсте, кәсіптің үлкен-кішісі жоқ, пайдалы әрекетімен қай-қайсысы да тәуір емес пе? Міне, сол шөпші ағайындардан жазып алған кейбір мәліметтеріміз:
- Жөкенің тұқымын қыркүйек – қазан айларында;
- Еменнің дәнін қыркүйек – қараша айларында;
- Қайың тұқымын шілде – тамыз айларында;
- Көктал мен теректің тұқымын жаздың басында, алғашқы бүрін жарып, гүлін ашқан соң 35 күннен кейін жинайды. Бұл шамада, сәуірдің аяғы, мамырдың бастапқы аптасына тұспа тұс келеді.
- Мойылдың дәнін – тамызда;
- Қарағайдың дәнегін қараша мен наурызда;
- Үйеңкі дәнегін қыркүйек - қарашада жинайды.
Көшеттен өнім аламын дейтіндер емен мен қылқан жапырақты ағаштардан өзге ағаш дәнін күзде еккенді дұрыс көреді екен.
Сондай-ақ, қазір қан-қызыл долананың, жатаған арша мен итмұрынның дәні, андыз, бақ-бақ, аюбалдырған, шүйгіншөптің тамырын қазатын кез.
Өзге жан-жануарлар да бұл айда қоныс жаңартып, қысқа дайындыққа кіріседі. Бұлан бауырынан жарап, кең тоғайды шиырлайды. Бұл кезде оның жолына кесе көлденең тұру қауіпті. Түлкі түлеп, құндыз біткен құнайы үшін су бөгеп “үй сала” бастайды. Ұрпақ қамын ойлаған осы бір кішкентай аң атан бойлы ақ қайыңды кішкентай тісімен қырқып, қиып баудай түсіреді дегенге сену қиын. Құндыз “құрлысшы” туралы әңгіме – басқа әңгіме.
Ат жаратып, бие ағытатын күн де алыс емес.
Тобылғы күнгейде, ырғай теріскейде – қойшы-қолаң, жылқышы, түйекеш, диқан мен сушы – әркім өз харакетінде.
Жылан ініне кірсе жылы күндер аяқталды дейді екен бұрынғылар.
Қыркүйек айы туралы елдің төмендегідей ырым-жорамалдары, аңдатпалары мен аңғарған жәйіттері бар:
Еменнің дәні мол боп, тарыдай шашылып жатса (биыл дәл осылай боп тұр) қар қалың, қыс қатты болады дейді.
Қыркүйектің басында өрмекші торын жиі құрса да – қыс аязды келеді дейді.
Қайың жапырақтары ұшар басынан бастап сарғайса – көктем ерте шығатын көрінеді.
Бұл айда күн күркіресе – күз жылы болғанмен, қыста қар көп түседі дейді.
Қыркүйек әрі жылы, әрі жаңбырсыз, желсіз боп келсе – қыс кеш түседі.
Жаңбырлы кеште үкі шақырса – күн жәйлі болатынының белгісі.
Күздің келгенін – итмұрынның піскеніне қарап білерсіз.
Қара мал қалай қарап жатады – ертеңіне жел сол жақтан тұрмақ.
Құмырсқа илеуінің төбесі шошақ боп бітсе – қатты қыс келе жатыр дей беріңіз.
Тауық ерте түлесе – қыс керісінше жылы болады.
Тоғыстың бірі – “Киік матау” – қыркүйектің соңы. Киіктің текесі желге қарап желсе – күн әлі жылы, ыққа қараса суытады.
Көрдіңіз ғой, біз мақтап, марапаттап отырған айда қар да, аяз да, жаңбыр да, жел де болады екен. Жел, жаңбыр демекші, бұл айдың екінші аты Көктем айы. Қалайша? Өзіңіз білесіз, экватордың көлденең сызығы Жерді Оңтүстік және Солтүстік жарты шар деп екіге бөліп тұр емес пе, сол Оңтүстік жарты шар елдерінде бұл кезде көктем басталады. Ол біздің наурыз айына сайма сай келеді. Сөйтіп сіз осы тұста алда жалда Африкаға немесе Жаңа Зеландия мен Австралияға не Оңтүстік Америкаға бара қалсаңыз осыдан алты-жеті ай бұрын өтіп кеткен Көктеммен қайта қауышасыз.
Қыркүйек, расында да біз айтқандай бейқам, мамыражай, жылы, жұпар, жұмсақ, берекелі, мерекелі мезгіл ме? Анығында “сұрғылт тұман дым бүркіп” (Абай) келетін салыңқы иін салқын күз емес пе? Диқан егінін ерте түскен суыққа үсітіп алып, малшы күзеуге күйзеліп түсіп, бағбан жемісін қар астында қалдырып, жолаушы жолдан қалып, көктайғақ тарпаң мен тағыны тұсап-шідерлеп аңшы мылтығының қарауылына іліндіретін кәдімгі күз ғой дейсіз бе?
Мүмкін, бірақ сіз ғафу етіңіз, біздің қыркүйегіміз осындай мезгіл. Сізге, не ұнамай ма? Ұнаса мен сіздің досыңызбын.
ҚАЗАН
Қазан айы қашан дәл биылғыдай жаймашуақ болды екен?! Құдай тағаланың ықыласы ауып, мейрiмi түсiп бiз пенделерiне берген бiр нығыметi дейсiз бе, жоқ бүкiл ғаламдық жылынудың бiздi айналып өтпейiн дегенi ме, әлде келер қыстың кереметiм әлi алда деп тырнағын iшiне бүккен алдамшы тыныштығы ма – әйтеуiр майтоңғысыз мамыражай күндер ұзаққа созылды. Санаған адам бiледi, ара-тұра сiркiреп өткен болмашы жаңбырды есепке алмасақ қыркүйектiң соңы – қазанның өне бойы қырық жетi тәулiк бойы күн ашық болды. Тек соңғы күндерi ғана аспан аздап қабақ шыта бастаған сыңайлы. Қазақтың күн қайыруға бағытталған ескi өлеңiнде:
“Қай қазан, мына қазан – жәйлi қазан.
Мал семiз, малшы ыржақай, майлы қазан”,–
дейтiн жолдар бар. Демек, биылғыдай мамыражай күздер қашан да болған, лайым бұдан былай да бола бергей. “Майлы қазан” дегеннен шығады, бұл расында шыбын-шiркей жоғалып, шөптiң буыны қатып, төрт-түлiк қоңданатын кезi. Бала-шаға соғымға дейiн қызылсырап қалмасын деп қойы мен тайыншасын сойып күздеудегi елдiң “қазан майлайтын” берекелi, мерекелi шағы. Ойдағы диқан дәнiн ұраға төгiп, ендiгi жерде қай базарда қандай нарық бар екен деп санасымен байып – ол жатыр.
Табиғат ше? Ағаш бiткен жапырақтарынан айрылып, өңi қуқыл тартқан. Әсiресе, үйеңкiнiң қызыл ала, жөкенiң сары ала жапырақтары “табан астында аяқпен бопыр ақша басқандай сықырлайды”. (Жұматай Жақыпбаев).
Бiр айға бiр ат аздық ететiн секiлдi.
Әр айға қосымша құстың, аңның, ағаштың атын қоюға болмас па?
Мысалы дейсiз бе? Мысалы, қазан айын шетеннiң айы десек ше?
Күзгi желiк күллi алапты күпiр ғып,
Астан-кестен.
Не боп кеткен бұ тiрлiк?
Шетен ғана қызарады шет тауда,
Ұялады – оған-дағы шүкiрлiк.
Шетен ғана қызарады қияда,
Оған бола күз айылын жия ма.
Шешең байғұс сен туғанда, әттең-ай
Шетен бесiк неге алмаған, би аға?
Би-ағасы бар болсын, әңгiме ол туралы емес, жоқ ол әңгiме етуге арзымайды, әңгiме – табиғат хақында болмақ.
Шынында, шетеннiң күзгi “өртi” ерекше. Көлденең жатқан көкжасыл таулар кенет бiр түннiң iшiнде сақал-шашын қызылға бояп ұйқыға кеткен үндiнiң абызы секiлдi. Әсiресе, қара жидек шетен (рябина черноплодная немесе арония) батар күннiң сәулесiмен құбылғанда бейне алыстан талып көрiнетiн тандырдың аузындай алаулайды. Сөйтiп, мамыр-маусымда алма ағашының гүлдерi секiлдi аппақ гүлдерiн ашатын шетен күз түсе жапырақтары жалқын тартып екiншi рет құбылуда.
Шетеннiң жидегi өт татиды. Iшiн ашсаңыз үш дәнегi болады. Әдетте сол ащы жидек алғашқы аяз сорып өткен соң әдепкi дәмiн жоғалтып шырын татиды. Айтпағымыз ащы болған соң оған ешкiм де, ештеңе де тимейдi, өрттей қызарып ұзақ тұрады. “Бiз шетеннен қаламыз ба?” дегендей өрiктiң жапырақтары да нарттай жанады. Бiрақ жемiс ағаштарының денi бұл кезде жалаңаштанып бiткен, сұрқай, сидаң, сұрықсыз. Осыдан бар-жоғы бес-алты ай бұрын мына сидиған бұтақтар аппақ гүлдерге бөленiп алыстан мен мұндалап тұратын едi дегенге қалай сенесiң. Күзбен ақтық жапырағы қалғанша айқасатын мықтының бiрi сирень. Көктемнiң жазға ұласар кезiнде әрi кетсе екi апта ғана гүлдеп одан кейiн көзге iлiне бермес көп бұтаның бiрiне айналатын сиреньнiң осындай ғажап қасиетi бар. “Тұлпар бойын жасырады” демекшi елеусiз тұрып-тұрып, ең мықты дейтiн еменнiң өзi сидиып жалаңаш қалғанда қара жаңбырға қасқайып қарсы туратын жасыл жапырақты ерекше нұрланып сала бередi. Алғашқы қар жауғанша сирень жапырағынан айырылмайды. Орманшылар арасында “сирень бiр жылда екi рет гүлдейдi” деген әңгiме бар. Бiрiншi гүлдеуi – көктемде, екiншi рет гүлдейдi дегенде қазан мен қарашаның қаїарынан қаймықпаған өрлiгiн айтса керек.
Халық жорамалында “Ағаштың жапырақтары кеш түссе қыс ұзаққа созылады әрi суық болады” дейдi. Бетi аулақ, биыл әлi жапырағы түспеген ағаштар бар. Славян халықтары ертеректе бұл айдың атын “жапырақ түсетiн ай” (листопад) деп бекер айтпаған.
Биылғы қазанның қыркүйектен айырмашылығы аз боп тұр, әйтпесе, бұл екеуi бiр үйдiң бiрi сабырлы, бiрi шайпау апалы-сiңiлi екi қызы секiлдi екi бөлек мiнездiң иелерi.
Күнпарақтар бiзге дейiн талай ауысқан. А.Грибоедовтың “Ақылдың азабы” атты драмасы бәрiмiзге мектеп қабырғасынан таныс қой. Сонда Хлестова қалай деушi едi: “Календарлардың бәрi де өтiрiк айтады” демей ме?! Расында, табиғатты сүйген адамның ешқайсысы да күнпараққа қарамайды, себебi табиғат қатып қалған қара тас емес, ай сайын, апта сайын, тiптi сағат сайын өзгерiп отыратын тiрi құбылыс. Биылғы күздiң аужайына қарасақ айда отыз күн емес, қырық күн деп есептеген мақұл болар едi.
Ғылымда қазанның орташа температурасы +3, 3,8 градус делiнедi. Биылғы күз одан бiрнеше есе жылы болып тұр.
Қайыңның алтын сырғалары жерде жатыр төгiлiп.
Емен жапырақтары жездей жалтырайды.
Дегенмен, қазанның түсi сары да, қызыл да, күлгiн де, көгiлтiм де, ақсұр да, жасыл да түс емес, қазанның түсi – қарақоңыр. Жер бедерi бiр тегiс, топырағы бетiне шығып, алуан түрлi құстардан тек қарға мен құзғынға ғана мекен боп құлазып жатыр. “Құзғын” демекшi бұл айдың “қазан” аталуы әу баста осы құзғынның атына байланысты деген де сөз бар. Көне түрiктер құзғынды “кұзан” деген көрiнедi, құзанымыз келе-келе фонетикалық өзгерiстерге ұшырап “қазанға” айналған. Ғылым, оның iшiнде тiл iлiмi де – болжамға толы.
Осындай жерi де, құсы да қарақоңыр, аспанын екi бастан қара бұлттар бүркеген қазан айының өзiнен iздеген адам алуан түрлi бояу табар едi. Күзгi селдiр орманда келе жатып кенет араның ызыңын естисiз. Байқап қарасаңыз әбеқоңыр әлемнiң ортасында “жылқы iшiнде – ала жүр” әдемi бiр гүл өсiп тұрады. Сары гүл. Оны сарыраушан дейдi, орысша аты – золотая розга. Күздiң ең соңғы гүлi!
Сарыраушаннан ертеде каучук алған дейдi.
Сарыраушаннан матаның өңiн келтiрер түрлi-түстi бояулар алған көрiнедi.
Сарыраушан иiс май, опа-долап өндiрiсiнде кеңiнен қолданылған дейдi.
Мұның бiрi де қызық емес. Қызығы сол – қарайған, қоңыр тартқан, уайым шеккен табиғаттың қайғысын жеңiлдетейiн, жабыққан көңiлiн көтерейiн дегендей суықтан, соғатын желден сескенбей, жасқанбай гүлдейдi. Бәлкiм ол күнi ертең жынды дауыл, қасат қардың құрбаны болатынын сезетiн де шығар. Мейлi. Өлiмнiң де өлiмi бар.
“Өлiм емес бұл өлiм есiркейтiн,
Әдемi өлiм, бұл өлiм ғажап өлiм”,–
дейдi ақын. Рас айтады. Бұл тармақтарға тағы бiр еншiлес iздесек – ол хризантема гүлдерi. Алғашқы қар жауып тұрғанда ол әлi ажарын бермей әдемiлене түседi. Жерорта теңiзi жағалауы елдерi “хризантема солса қыстың келгенi” дейдi екен. Өкiнiшке орай, соңғы жылдары Алматы мен Астанада, Атырау, Ақтауда вилла, коттедж салуға жаппай кiрiскен “жаңа қазақтар” да олардың алтын-күмiске малынған “жаңа бәйбiшелерi” де үй алдына гүл отырғызуға көңiл бөле бермейдi, бiтпейтiн, таусылмайтын құрлыстың соңында жүргенде ағаш, гүл өсiру, баптауды ұмытып та кетедi. Нәтижесiнде салған үйi тастың үстiне тас үйген секiлдi сұрықсыз, сұрқай бiр ғимаратқа айналады.
Есентай бойы – ен тоғай.
Есентай бойы – құстардың мекенi.
Жазда қай құстың қай ағаштың арасынан шырқағанын бiлмейсiң. Бұлбұлдың әнiн естiгенмен өзiн көрмегендер көп. Ағаш бiткен қанатты достарының ұяларын жапырақтарымен бүркемелеп сұқ көзден, суық желден, күннен қорғап тұрады. Ағаш құстарды қорғаса, құстар зиянкестерден ағаштарды қорғайды. Сiз бен бiз ақтарған неше бiр ақылды кiтаптарда айтыла беретiн, қайталана беретiн “үйлесiм“ (гармония) деген осы емес пе? Сiз бен бiз сырттай табынып, iштей ақыл жетпес үлкен бiр ұғымдарға балап жүрген Ұлы үйлесiм өте-мөте қарапайым нәрсе екен. Әсте, ұлы нәрселердiң қай қайсысы да қарапайым. Ендi бүгiн ағаш жапырағынан айырылғанда жалаңаш бұтақтағы ескi ұялар анық көрiнедi. Мұнда да үйлесiм бар, тәртiп, заңдылық бар. Қарға ұя салған ағашқа басқа құс жоламайды. Құрқылтайдың салбырып тұрған “қалта-ұясы” сол ағашты жалғыз иемденген.
В. Бианки өзiнiң бiр әңгiмесiн “Двойная весна” деп атаған. Солтүстiктегi Ленинградта сең ендi жүре бастаса, оңтүстiктегi Кавказ тауларында көктемнiң кемелiне келiп тұрғанын айтады. Екi аймақ, екi көктем.
Қазақстанның әр бiр жыл мезгiлiн осылай атауға болар едi.
Есентай бойын қазан айында көктемнiң өзi болмағанымен елесi кезiп жүрсе, Көкшетаудың көк ормандарын қар басып салыпты. Ендi бiр жұмада сол суық бiзге де жетуi керек. Бiз айтып отырған жаймашуақ қазан солтүстiкте бұдан бiр ай бұрын қонақ едi, жәйлi “қонақтың” соңын ала “кәрi құда” қыс келгелi қашан.
“Жұт жетi ағайынды” деймiз.
“Жетi қазына”, “Жетi шәрiп” т.б.
Қазан қалай келедi, жетi қырдың астынан ақырып келедi, жетi жынын шақырып келедi, жетi сауал арта келедi, жетi сауап тарта келедi; жетi сауабы не жетi сауалы не дейсiз бе?
- Егiнiңдi егейiн бе деп келедi? (Ақ егiстi їәм жемiс ағаштарын отырғызуды мегзеп айтса керек).
- Қырманыңды суырайын ба, қызылыңды қуырайын ба деп келедi (жиын-терiмдi нұсқап отыр).
- Бөркiңдi терiс кигiзейiн бе дейдi екен (халық “қазанның қара дауылы” деп атайтын желдi айтады).
- Тұнығыңды ылайлайын ба дейдi екен (Өзен-көлдiң тартылуы, бұлақтардың сарқылуы).
- Тұмарыңды жұлайын ба деп келедi екен (“қазанның жапырақ желi” яки жапырақтардың түсуi, жемiстердiң пiсуi).
- Төбеңнен құяйын ба? деп келедi екен (жаңбыр, тұман, қар).
- Төменнен сыпырайын ба? (“қазан ұрды” дейтiн ызғырықты айтып отыр).
Халықтың қазанға берген бағасы осындай. Мұның қай-қайсысы да талай жылға тәжiрибеден алынған, көзбен көрiп, көңiлге түйгеннен шыққан ойлар. Артық-кемi жоқ.
Қазан атты келе ме, қатты келе ме, шана мiнiп келе ме, арба жегiп келе ме? деп сұрайтын көрiнедi iлгерiде. Шанаға мiнiп келгенi – қар жауғаны, арба жеккенi – құрғақшылық жаймашуақ, жайлы мезгiл болғаны емес пе?
Тағы бiр рауятта алғашқы қар жауып ерiп кеткен соң алты аптадан кейiн нағыз қыс түседi дейдi.
Қысқа әлi ерте. “Қазан жылы болса қыс қатты болады” дегенге де сенгiң келмейдi.
Суық түндердiң, сұрғылт күдердiң қыр астына келiп берi өтуге жүрексiнiп тұрғаны, бiзден емес әлi қайтпаған құстардан қорыққаны болар. Әлде, құстарды құрметтегенi ме?
Аза бойыңды қаза ғып қазанда тырна қайтады. Иван Буниннiң бiр әңгiмесi бар едi ғой, “Кешеу күздiң шайдай ашық салқын-күнi едi, кең жолда желе жортып келе жатыр едiм, кенет соңымнан ат тұяғының дүсiрi естiлдi, бұрылып қарасам, бiреу жеңiл арба жеккен атын ақ тер, көк тер ғып шауып келедi екен. Тани кеттiм – көршi деревнядағы пәленше деген екен. Малы қонды, шаруасы оңды қаражамбас күйлi жiгiт болатын. Киген киiм, мiнген атының өзi қатарының алды екенiн айтқызбай-ақ танытып тұр. Сонымен, жанымнан “Мырза, жол берiңiз, былай кетiңiз, мырза” деп айқай салып ағызып өте шықты. “Апырмай, астындағы аты қам екен, аяғына қан түсiрiп обалына қалмаса қайтсiн” дегенiмше болған жоқ ұзап барып атынан аунап түсiп, жер бауырлап жата кеттi. Байқаймын, удай мас. Тақап келiп едiм, сақалын жас жуып:
– Кеттi ғой, мырза, жеткiзбей кеттi ғой,– дедi өксiп,– кетiп қалды ғой, мырза. Тырналарды айтам, тырналарды. Кетiп бара жатыр тырналар”.
Бунин неге ұлы? Әсте, Абыз табиғат өзiн өлердей сүйген суреткермен “сыйға-сый” деп ұлылығын бөлiсетен болуға керек.
Аңшылардың арасында “күздi күнi атқан оқ құсқа тимейдi” деген сөз бар. Мұның мәнiсi неде? Әлбетте, оқ тиедi, бiрақ құс құламауы мүмкiн. Мысалы, қырғауыл қарауылға нақ iлiккенмен ауып барып қайта ұшып кетедi, үйрек пен қаз да солай, оңайлықпен құламайды. Себеп? Күзде құстар әбден семiредi бұл бiр, екiншiден – түлеуден кейiн пайда болған қауырсындары қалың боп өседi, қашықтан талып жеткен бытыраның өтпейтiнi содан. Мұның мәнiсiне бармаған желауыздар неше түрлi адам сенгiсiз әңгiмелердi әлдеқандай бiр құбыжықтармен байланыстыра майын тамыза “жырлағанда” аңқау елге нағыз “арамза молда” боп шыға келмек.
– Бiздiң ел ерте көшiп, кеш қайтады.
Елменен бiрге көшiп құс қайтады,–
дейдi халық өлең. Бұл жыр да, шамасы, биылғыдай жәйлi, қазаны майлы, қазанда шықса керек.
Құстар кеш қайтты.
Боқырау (Покров) (ескi есеп бойынша 14-қазан) тыныш өттi! Қар да, жаңбыр да жаумады, тiптi жел тұрып ағаш басы қимылдаған жоқ. Әдете, боқырауда алғашқы қар түсушi едi. Жиын-терiм аяқталып, диқан демiн алса, малшы қора-қопсысын қайта бiр қарап қысқа дайындалатын.
Айдың басында бал арасы омартаның есiгiн iштен “iлiп” ұйқыға кетпеушi ме едi?!
Оны айтасыз, биыл қазанның соңында бақ-бақ қайта толып үлпiлдей ұшты.
Бәрiн жақсылыққа жорып бiз отырмыз.
Көресiз әлi, бәрi де жақсы болады. Жақсы ырым, жақсы сөз, жақсы заман...
«Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бəрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ та Ерəлінің кең жазығында көп бұлаңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңада атқан. Салқын түннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына шейін суландырған».
1980 жылдардың бас кезі еді...
Бір кезде Жəнібек хан салдырды дейтін алтын тəжді Астрахань шаһарынан бері қарай бүгінде қазақ жері. Əрі қарай ормандай қалың орыс тұр. Бабалар «Қайран да менің Еділім, мен қалмадым, сен қалдың» дейтін Ана Еділдің бір сағасы – Бозаң. Суретші табиғаттың Бозаңнан өтерде жеті бояу салған қоржыны қапияда суға ағып кетіп, бері қарай созылып жатқан маң даланы əбеқоңыр түспен шимайлай берген секілді. Оның үстіне таң атқалы себелеп тұрған мына бір суық жаңбыр да жердің миын шығарып, Мұхаңның, Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы» романында айтылатын күңгірт, бұлыңғыр аспан еңсеңді езе түсердей. Мұхаң сөзбен салған осы бір суретті іштей қайталаумен совхоздан совхозға өтіп Гурьевке келе жатырмыз. Еділдің жоғарғы салаларындай сыңсыған орман, көкорай шалғын мұнда аз. Əр жер, əр жерде жалғыз-жарым жеке өскен сексеуіл мен жетім бұйырғын қарауытады, жердің бетіне шыққан жарасындай боп, ойдым-ойдым ала сор алыстан ағараңдайды. Гурьевке жеткенде табиғат сізді аса көңілдендіре алмайды.
Гурьевтің ол кезде, шынын айтсақ, қала сиқы шамалы. Жер асты сулары тым жақын болғандықтан ба – көшенің тал-терегі биік боп өспейді, шерміш баладай жатаған. Əсем жаратылыстан гөрі əлжуаз тарбиған-тарбиған аурушаң бір əлемнің ішіне кіріп кеткендей көңілің əлем-жəлем болады. Қарашаның қақ ортасы болса да біз тоқтаған үйдің дəлізінде сары маса өріп жүр, жертөледен қолқаңды қабатын жаман иіс келеді. Ол кезде Қазақстан облыс орталықтарының арасында ең нашар қалалар Гурьев пен Қызылорда еді. Гурьевте адам көз тастап қарайтын жалғыз ғана ғимарат бар – ол да болса орыстың шіркеуі екен дейді жолсерік орыс журналист терезеден сыртқа қар- ап. Онысымен қоймай тағы да, пердені ашып шіркеуге бара жатқан кемпірлерге «С параздником Вас, ведь, сегодня Гурьев день» деді айқайлап. «Знаем, сынок, знаем» дейді кемпірлер көңілденіп. Қараша айының 28-ін орыстар «Гурьев күні» деп ерекше қастерлейтінін кейін білдім. Дəл осы күні қар түссе ол қашан күн жылынғанша жатады дейді екен. Тағы бірде «Ала байтал мінген Гурий жын-шайтанның бəрін жерге тықты» деп те жоритын көрінеді.
Ала байтал дейтін себебі – бұл айда қар түсуі мүмкін, қар түспеген күннің өзінде шөп басын қырау шалары анық. Жер ала дейтін шақ осы. Қара алтынның Отаны атанған қайран аймақтың мына ахуалы шынында аянышты еді. «Қайтеміз, өз байлығың өзіңе бұйырмасын» деген қарғысқа ұшыраған ел болар- мыз, əсте» дейміз іштей.
Біздің қазақтың «Қараша келеді, жақсылыққа бақса бетегеден биік, жусаннан аласа келеді, жамандыққа бақса қары мен жаңбыры таласа келеді» дейтін айы осы ай. Байқап отырсаңыз, көшпелі ел он екі айдың ешқайсысын да жамандамаған. Қараша тұрмақ, қаһарлы қаңтардың өзінен жылылық тауып, қыстың жазға бергісіз май тоңғысыз күндері деп сүйсінеді.
Сүйсіне білгенге не жетсін. Сол жылы Гурьевтің аяқ алып жүргісіз батпақ көшесін кешіп келе жатып, Жайық бойында өсіп тұрған жалғыз түп талшын ағашын көргенім есімде. Шулы қалада күтпеген жерден ескі танысыңды кездестіргенде əуелі абдырап қаласың ғой, сəлден соң құшақтар айқаса кетеді. Жалғыз талшынды көргенде дəл сондай күй кештік. «Жазған-ау, сен мұнда қайдан жүрсің?». Мұны мен айттым ба, жоқ ол айтты ма? Əсте, мен айтқан болармын, себебі талшын ағашын Жайық бойынан кездестірдім десеңіз табиғаттан азды-көпті хабары бар адамның ешқайсысы сенбес еді. Əсте, сол замандағы жас натуралистер станциясы түлектері ме, əлде солтүстік жақтан не Кавказдан көшіп келген ағайындардың бірі əкеліп отырғызып, күтіп баптады ма екен – əйтеуір сұрғылт түман басқан суық кеште сүп-сұр үйлердің арасынан нарттай жанып шыға келген талшын ескі таныстай көзге оттай басылды. Ол – бір жылда түсін үш рет өзгертетін ағаш. Көктемде жаңғақтың жапырақтары сияқты жайылып өседі де, қызыл күрең түске енеді, жаз ортасында ашық көк, күзде сары алтындай жарқырап алыстан көз тартады. Осының бəрі бір ағашқа тəн бояулар екеніне сенудің өзі қиын. Қарашада талшын жаңғағы пісіп, жерге төгіледі. Бүгінде Ал- матыда талшын көптеп отырғызыла бастады. Мысалы, соңғы төрт-бес жылда тартылған əл-Фараби даңғылы жағасының екі беті қаз-қатар талшын. Күтімі тəуір болса тағы бірер жылдан соң шырқап көкке жайылып, шынардай сұлу боп бой түзеп кетері сөзсіз. Содан бері талшын десе Киев те, Алматы да, Бішкек те, Стамбул да емес, сонау ит арқасы қияндағы Гурьевте көрген жалғыз ағаш есіме түседі. Адамның басы – Алланың добы дейді. Адамның көңілі ше? Күтпеген жерден жолыққан жетім тал көңіл күйімді көтеріп жібергені есімде. Мен енді қарашаның өңі қап-қара емес, бұның да өзіне тəн түрлі бояулары, алуан нақыш-саздары барын ойлай бастадым. Сол күні кешке Жайықтың төменгі ағысынан аққулар ұшып өткенін естідім. Ол жылдары аққулар бүгінгідей Маңғыстау жарты аралында қыстамайтын. Сұлу құс, құпия жұмбақ құс іңкəр көңілді одан сайын ынтықтырушы еді. Қайда қыстайды олар, қайдан келеді бізге?
Сол Гурьев бүгінде айдынды Атырау шаһары боп адам танымастай өзгерген. Ұлы өзгерістің басында қазақтың аймаңдай азаматы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов тұрғанын бүкіл Алаш біледі. «Болар істің басына жақсы келер қасына», қолға алса бітпейтін шаруа болмайды екен. «Бұ дүнияда екі қала ешқашан көгермейтін болса бірі Гурьев» деген сөз əшейін бозада айтылар бос сөздің бірі болды.
Сол жолы біз қаланың сары масасына таланып келе жатып осы айда Алтай мен Жетісу тауларында шыбынсыз жаз өтіп, алтын күз сапарын аяқтап, қыс келетінін ойладық. Адам қысты да сағына ма екен? Сағынады. Қарашаның қара лайсаң жолы, суық жаңбыры жалықтырғанда ақ қар жапқан тауларды аңсайсың. Таулар қай кезде де əдемі.
Қыпша бел өзен жақта анау,
Сайрады сол құс тіл безеп.
Қыламықтаған ақ қар-ау,
Кідіре тұршы бір мезет
Қайтпайтын шақты сағынып,
Қайғысын шегіп арманның,
Қараша қарын жамылып
Қамығып əнге салған кім, –
десек, ол құс, əлбетте сушылқара. Сушылқара өзенде мұз қатқанда келіп, суық суға сүңгіп қорек іздейтін ерекше құс. Осы бір ақ төс қоңыр торғай туралы əңгіме де, аңыз да көп.
Қарашада келетін тек бұл ғана емес, сондай-ақ қайшы ауыз, əсемшымшық, суықторғай, сарышымшық, шекілдектер алыстан келсе, саңырау құр, шіл, тентекқұс, сарыторғай, қарақұр, қарға, сауысқан, торғайлар қыстап қалады. Дегенмен, жаздың кеткені білінеді. Алда не күтіп тұр? Көңіл алаң. Əлденені күтесің, сағынасың.
Көп ағаның арасындағы жалғыз қарындастай аяулы Жайық, ақ Жайық ағады бұлаңдап.
Иə, қарашада қайтатын құстар қайтып болады. Бұл əлімсақтан əлбетте аян жəйт. Ал енді қарашада біздің өлкемізге келетін құстар бар десем сенер ме едіңіз? Қарашаны кейде «жылдың өліарасы» деп те атайды. Жылдың өліарасы осы кезең болса, айдың өлірасы деген не? Осы туралы бір ауыз сөз. Қазақ жаңа ай туардан бұрынғы үш күнді өліара дейді. Жаңа ай дегеніміз бүгінгі сіз бен біз қолданып жүрген күнпараққа сай келмейді. Бұл жерде қияқтанып туатын жартыкеш Айды (кейбіреулер шатасып жүргендей он бесінен толған Айды емес) айтып отырмыз. Осы үш күнде аспандағы Ай көрінбей «жасырынбақ ойнап» жатады. Осы үш күнде көбінесе күн райы бұзылады. Мысалы 2014, 2016, 2017-жылдардың қарашадағы өліаралары осындай күрт құбылуларымен есте қалды. Бірақ былтырғы жылы Алматыда, қара- шаның күн райы жиырма тоғыз, отыз дəреже ыстық боп басталды да, он алтысы күні аздаған қар аралас жаңбыр жауды. Ертесіне қайтадан ашылып кеткені есімізде. Шымкентте тұратын жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбайдың есебі бойынша осы айдың 23-і не 24-інде Ай мен Үркер бір сызықтың бойымен жүріп келіп, бір бірімен бет- теседі. Тоғыс дегеніміз осы. Екеуі өткен айдың яки қазанның 25-і күні тоғысты. Бұл есепке дау айтушылар болса, тыңдауға əзірміз. Бір адамның есебінен гөрі екі адамның есебі əрқашан да тура шығады ғой. Нұрғабыл ауа райын бақылаумен отыз жылдан бері айналысады. Қазір ол марқұм Назарбек Қожамсейітовтен кейінгі бірден бір жұлдызшы боп танылып жүр. Болжамдары көбінесе дəл келіп жатады. Алғашқы мақалалары кезінде республикалық «Зерде» журналында жарияланған кезден бастап-ақ ол ел назарына ілікті. Бүгінде көптеген шаруалар Нұрғабылдың есебіне жүгінеді.
Біз тоғыс туралы келесі мақалаларымыздың бірінде басқа да есепшілердің болжамдарына құлақ түре отырып кеңірек айтатын боламыз. Шығыс философиясында қарғыстың жаманы «өтпелі кезеңде өмір сүргейсің» деген екен. Қараша байғұс, сол айтпақшы, «менде жазық жоқ, бар күнəм сонда – өліара кезеңді атқару маған нəсіп болғаны» дегендей көз жасын көлдетіп ұзап барады. Осы кезде оның қайғысын жеңілдете, қайғыға демеу болайын, көңілін сергітейін дегендей алыстан ұшып жететін бір құс бар. Оның аты – самырқұс. Осы бір аласапыран шақта алдыңнан шығатын самырқұсты Жайық бойынан қанша іздесем де көрмедім. Əдетте қараша айында олар шетен дəндерімен қоректену үшін қаптап ұшып келетін. Қомағайлығы сонша, тəтті дəнге құнығып кетіп күпті боп қалады да, ағаш басынан жерге топ етіп құлайды. Сырын білмейтін адам өліп қалған екен деп ойлауы мүмкін. Бірақ, ол тірі. Дəнекке түйіліп демі жетпей жерге құлады. Сəлден соң кішкентай ғана асқазаны үздіксіз жұмыс істеп, тал қоректі жылдамдата қорыта бастайды, ұзамай құс есін жинап қайта ұша жөнеледі. Əсіресе, балапан самырқұстар тойғанын білмейді.
Самырқұс келсе сəн келеді,
Самырқұс келсе əн келеді.
Мырзашөл қазақтарының «Қараша топар аяқ сүйретілген, Кіреді жылан інге иретілген» дейтұғын кезі бұл. Басқа аймақтарда жылан ініне қыркүйек өте-ақ кіріп алуы мүмкін. Жыланның уы шоқтай, қаны мұздай. Оның дене қызуы сыртқы ортаның қызуына байланысты. Күн ысыса ол, бабына келеді, уы күшейеді, ауа салқындаса керісінше əлсірейді. Бұл айда күн қызуы бар болғаны 15 дəрежеде болса жылан жұтқан асын қорыта алмай, əлсіреп жатады, ал 10 дəрежеде ғана болса əрең қозғалады, 2-3 ғана дəреже жылыда иретіліп, белін жаза алмай жатып қалуы əбден мүмкін, күн жазатайым 4-6 дəрежеге суытса серейіп қатып қалуы кəдік. Бұдан жылан тек күн ыстықта ғана өмір сүреді екен деген тоқтам шықпауы керек, шамадан тыс ыстық та ол үшін қауіпті. Мысалы, ғалымдар 43 дəреже ыстықта күн көзінде қал- ған жыландардың жаппай қырылғанын бақылаған. Мырзашөл демекші, бұл аймақта кешегі кеңес заманында мақта жинау науқаны қарашаның орта шеніне дейін жалғасатын. Бұл іске жаппай жұмылдырылған мектеп оқушылары оқу бағдарламаларынан көп артта қалып келді. Нəтижеде білім сапасы төмендейтіні дау тудырмаса керек. Бүгінде мақта жинауға «жаппай жұмылдыру» əдісі жоқ. Оңтүстік диқандарының арасында «қырықпа қауын» аталатын қауын түрімен (Ел арасында «Дүнияда шырын қауын қырықпа деймін, Қырықпаңыз жүдə ұнамды жұртқа деймін, Қырықпаңыз сықпаңызбен таяр болса, Не бопты ұшырардай жұтқа деймін» дейтұғын өлең бар) «қара дарбыз» немесе «күз тарбыз» дейтұғын қарбыз түрін де осы кезде жинай бастайды. Бұл екеуін жер еміп өскен ағайындар айнытпай, бұзбай сақтап келіп жаңа жыл мейрамында дастархан мəзіріне қосады. Тəшкеннің Алай базарында өзбек ағайындар осы екі сортты наурыз мейрамында да сатып тұрады.
Жиын-терімнің толық аяқталар кезі осы кез. Көне Рим қағанатында, тіпті одан арғы Вавилон елінде де қарашаны «салық айы» деп атапты. Неге дегенде, науқан аяқталғаннан кейін түсім-пайда, зиян-шығынның есеп қисабы безбенделеді емес пе? Абай «Қарашада өмір тұр, Тоқтатсаң тоқсан көнер ме, Арттағы майда көңіл жүр, Жалынсаң қайтып келер ме?» дейді. Күз келсе адам неге осы ойшыл боп кетеді ек- ен деген сауалға ешкім жауап берген жоқ. Ең бастысы, кісінің өзіне қояр сұрағы көбейеді. Көбейген сайын жауап табылмайды. Абай айтпақшы, жалынсаң да. Шыныңызды айтыңызшы, солай емес пе?
Әбілхан Қастеевтің “Желтоқсан. Жаңаөзен” атты аяқталмай қалған суреттер топтамасының эскиздері оның Алматыдағы музей үйінде сақталған. Акварельдік жұмыстар.
Желтоқсан сайын сол суреттерді қайта бір көріп шығу әдетке айналғалы қашан. Көрген сайын Байронның “Манфредіндегі” бір жолдар жадымда жаңғырады. Оны сөзімнің соңында айтамын. Атақты суретші аталмыш топтамасын 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасынан көп жыл бұрын, 2015-жылғы Жаңөзен қырғынынан да көп жыл бұрын салған. Не ұқсастық бар? Не біріктіріп тұр бұл қайғылы күндерді? Қәне, бажайлап бір қаралық.
Жаңаөзен. Желтоқсан. Ызалы күн ызғырығы өңменіңнен өтіп құтырып тұр. Қайғылы емес, қаралы емес. Шаршаңқы да емес, шарасыз да емес. [Екібастан, шат шадыман шақтар туралы әңгіме болуы да мүмкін емес]. Ызалы. Неге ызалы ол? Қарақошқыл әлем қарғанып тұрған секілді. Жылап тұрған жоқ. Болдырып та тұрған жоқ. Айқайламайды, дауыс салып еңкілдемейді де. Қарғап тұр. Кімді қарғап тұр ол? Қазір сәлден соң күн тұтылатын сықылды. Ойды қырға, қырды құрдымға қуардай суық жел азынайды. Қойны қонышыңнан өтіп, жылы денеңе әпсәтте жылан кіріп кеткендей жиырыласың. Киім қамсау емес. Ас азық емес. Сәл мызғып алмаққа жантайсаң жаның мұрныңның ұшына келіп қайта атып тұрасың. Қатар келе жатқан кісінің жүзін көрмейсің. Себебі ол да сендай басқа жаққа қарап тұр. Қайда дейсіз бе? Аспанға. Аспанда құдай бар, ол әділетті деп сенгендіктен.
Менің еркімде болса бұл суретке “Аспаны жоқ қала”деп ат қояр едім.
Біздің ауылдағы поштаның дәлізінде қайдан, қашан, қалай келгенін ешкім де білмейді, бір сурет жапсырулы тұратын. Ескі бір журналдың ішкі айқарма бетіне басылған түрлі түсті сурет. Көрген сайын зәрем ұшушы еді. Кейін білдім, бұл Тицианның “Лаврентий әулиенің азап кешуі”деген жұмысы екен. Тірі адамды лаулап жанған ошақтың үстіне шалқасынан тастап шыжғырып жатыр, ол аздай қызыл жеңсіз [әлде, қызыл шәпкілі ме?] киген біреу әлгінің бауырына айыр бас қара темірді күштеп тығып тұр. Өкпе бауырын бітеулей суырып алмақшы. Құлағында сырғасы жылтырайды. Құл ғой демек. Ұзақ қарасаң сол бір құл, бірнеше қызыл жағалы жендеттерге айналып кетеді. Белінде қанжар. Арғы жағында темір дулығалы біреу тұр, бет ауызы көрінбейді. Отқа тірідей қақталған кісі құлындағы дауысы құраққа шығып шыңғырады. Неге дүр, мен осы суреттегі адамдарды бір үйдің кісілері деп ойлайтынмын. Ағалы інілі. Бір атаның балалары секілді көрінетін. Бет аузын тұмшалап алған ағасы жұртты бір біріне айдап салып тірідей өртеп, өлтіртіп жатыр. Өзі тасада қалмақшы.
Кейін мен әлемнің көптеген музейлерін араладым. Орта ғасырлардағы Еуропа қыл қалам шеберлерінің шіркеу безендірмелерін, Інжіл хикаяларын, Иса пайғамбардың ажалын, ақыр заман азаптарын бейнелеген суреттерінің ешқайсы да бала кезде көрген әлгі екі суреттей әсер етпеді. Бірақ Әбілхан ақсақалдың жанымды бұдан да бетер түршіктіретін “Желтоқсан. Жаңаөзен” атты суреті барын мен ол кезде білмеппін. “Желтоқсан сайын жетім боп, Бір жылап алар жүрек бар”десек, бұл да осы айда туған жолдар. Күндер өтер, айлар, жылдар өтер, жаңа ғасырлар келер. Қазақ баласы Желтоқсанды ұмытар ма екен? Ұмытса оның несі қазақ?
Әбілхан ақсақалдың музейінен осындай ой құшағында шығасыз.
Сол Алматы, сол өзен.
Жер дүние түнде жауған қардан соң алыс жолдан шаршап келіп бір сәт қалғып кеткен атасының ұйқысын бұзып алмайын деген баладай демін ішіне тартып тына қалған. Төңірек аппақ-ау, аппақ. Тек бұта басына ілініп қалған бір жапырақ қызыл матадай боп әр жерден суықторғай көрінеді. Кіп-кішкентай боп алып “мал тапқыш”. Мына қалың қарда енді қайтайын деп құс біткен абдырап тұрғанда суықторғай қанатын қағып-қағып жіберіп, ұштаны үйеңкі мен ұшқатты басып қалған қарды сау еткізіп жерге бір-ақ төгеді. Төгеді де күзден қалған дәнектерді, бүршік-бүрлерді тауып жей бастайды. “Е, еңбек етсең бұл күзде де жем табуға болады екен ғой” дегендей төрт түлік мал қимайды.
Қырғауылдың балапандары әлдеқашан қарақанаттанып, шырғанаққа қона бастағалы қашан.
Әсемшымшық әнге басады.
Шекілдек қайыңның “сырғаларын” жұлқылай бастайды.
Мұның бәрі дән-дәнекпен қоретенетін құстардың әрекеті. Ал жаз бойы құрт-құмырсқа жеп күн көріп келген қанатты достарымыз қайтеді екен. Орыстың бір мақалы “жорғалау үшін жаралғандар ұшуға жарамайды” дейді. Бекер. Дана табиғат өз перзенттерін өлтіріп алмау үшін “қайта құбра” батайды. Мысалы, тентекқұс дереу өсімдік дәнін іздеуге көшеді. Іздеуге көшкенде, ол жаз бойы “көкалды қуып, гөлайттай” бермей, тырнағына ілінген үйеңкі мен жөңкенің, жаңғақ пен шиенің дәндерін өзі білетін ағаш қуыстарына тыға берген. Ертеңгі күнін ойлап ерте бастан қамданған кәнігі шаруадай бүгінде оның жағасы жайлау, төсі қыстау. Ештеңеден кемдік көрер емес. Сарышымшықтар да солай. Жазда қуыс-қалтарысқа әкеп қыздың жиған жүгіндей қаз-қатар жинап қойған өсімдік дәндерімен қатар қатып семіп қалған шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаларды бірден қылғытады.
“Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанға” дейді Абай атамыз. Түлкінің аңшы біткенді ерекше еліктіретін кезі осы кез. “Түлкі түгінен жазады” дейді халық. Әсте бұл о баста, қате айтылған мақал. Олай дейтініміз, түлкі тамақ іздеп жортуылда жүреді. Күздегідей өріп жүрген тышқан жоқ. Балапан құстар әлдеқашан есейіп, жылы жаққа ұшып кеткен. Содан “түлкідейін түн қатып” дейтін күндер басталады. Түк таппаған соң жазған түлкі жаңа жауған қарда із кеседі, сол кезде қыран, бүркіттің, ұшқыр тазының не берен мылтықтың қарауылына ілігеді.
Борсық, құндыз, тиін қысқы ұйқыға бас қойғалы қашан. Рас, қыс жайлы болған жылдары тиін көпке дейін “көз ілмейді”. Соның бір мысалы, төбеңде лашын айналады. Төменнен қарап тұрып осы құсты башқұрт ағайындардың “сәпсәң” дейтінін ойлайсың. Бұл біздің тілге аударсақ “шапшаң” яки “жылдам, тез” дегені емес пе? Орыстар башқұрттардан үйренді ме екен, бұл құсты “сапсан” дейді. Кенет лашын құлдилай бастайды. Не көрді екен? Бір қарасаңыз көзге ілінер ештеңе жоқ. Сөйтсек, түйетайлы беткейге жапа-тармағай өскен қалың шыршаның бұтақтарында екі тиін ойнап жүр екен. Жыртқыштың қанат сусылын естіген мезет екеуі де жып беріп ағаштың қуысына кіріп кетті. Сауысқан үркіп ұшты. Бұл неден қорықты екен, бұл кімге керекпін деп ойлайды екен
22-желтоқсан жылдың ең қысқа күні. Көзді ашып жұмғанша қас қараяды, астрономиялық тұрғыдан қыстың басталар күні осы күн. Бірақ, дәл биылғыдай жәйлі қыс қашан болды екен?! Құдай тағала ұзағынан сүйіндіргей, май тоңғысыз жылы күндер тым ұзаққа созылды. Желтоқсанның басында төрт-бес күн тәулік бойы суытты, бірақ ол ұзаққа созылмады Бірақ, халық болжамдарына сенсек, қыс жылы болса, келер жаз жәйсіз келеді. Сонда бізді жаңбырлы, найзағайлы суық жаз күтіп тұр ма? Сенгім келмейді.
Желтоқсан – құсы көп ай. Тарихқа көз салсаңыз, бұл айда неше бір ұлы оқиғалар болған. Біз үшін бұл ай 1986 жылы қазақ жастарының көтерілісімен қымбат. Бұл қозғалаң туралы да соңғы кезде әртүрлі алыпқашпа әңгіме көп. Саясат жүрген жер – лаң. Лаңсыз, дау-дамайсыз, таза өмір сүруге болмас па, тоба? Мысалы, Ана-Табиғат секілді.
“Қыс қыстығын қылмаса, жаз жаздығын қылмайды” дейді ел.
Айыр қалпақ ағайындар желтоқсанды бештин айы, кейбір деректерде үштің айы дейді. Желтоқсанның соңғы онкүндігінен[ қазақша бұл кез күннің қысқы тоқырауы] бастап туу сонау ақпанның басына шейінгі аралықты қырғыздар қырық бірдің шілдесі деп атайды. Қырық бірдің шілдесін он онбес күнге жіктейді, сонда “Темір аяз”, “Мүйіз аяз” және “Киіз аяз” дейтұғын үш бөлек күндер тізбесі шығады. Ең қатал қыс желтоқсанның соңы, қаңтардың басы яки “темір аяз” деп санайды. Кешеге дейін малмен бірге аңшылықты ата кәсіп көріп келген көршіміз желтоқсанды “Тау теке айы” немесе “теке бұрқылдақ ”деп те ныспылайды. Қырғызбен қатар көшіп, қабат қонып жүретін біздің дулат, шапыраштылар да “теке бұрқылдақтың айы желтоқсан” дейтінін талай этнограф жазып қалдырған. Халық танымы бойынша бұл айда тау теке таста ойнақтап, түн ортасы ауа, яки Үркер бата күйті келген тау ешкілерді шашау шығармай үйіріп ұстайды.
Қырғыз бауырлардың ауыз әдебиеті табиғат құбылыстарына орай шығарылған дүниелерге өте бай. Соның бірі жұмбақтар. Оны табышмақ дейді. Текенің жарайтын кезі мен сасай боп арықтап, болдырып қалатын бір жұмалық “өттің дәурен” қысқа мезгілін тұспалдаған бір “табышмақты” қазақ өлеңінің иіріміне салсақ, шама шама мынадай шумақтар шығуы мүмкін:
Айыр, айыр айыр тау, Айыр сақал қарт екен, Үйген тасты айырған, Үйірлеп бұлт қайырған, Ала шапан кім десем, Ала ат мінген сарт екен. Қатын көрсе тұра қап, Қайырылатын салты екен, Пайымынан әпсәтте Айырылатын салты екен, Күшін сарқып, белінен, Майырлатын салты екен, Бес ай күткен базарын, Бес минөтте тарқатар, Ақылы аздау халық екен.
Қара ат мінген кім демес, Қара сақал сарт екен, Қима тастан секірген, Қимылы да шалт екен, Алты ай жиған ақшасы, Алты күнде тәркі екен.
Жалт жалт еткен, жалт еткен, Тастай берік мүйізі Тасты соқса сарт еткен,Тасты соқса тасырқап, Көзінің оты жарқ еткен. Жеті ай жиған жілік май, Жеті күнде сарп еткен.
“Теке бұрқылдаққа” байланысты айтылар тағы аңызда күші тасып, тастан тасқа ұшып секіріп ойнап жүрген жас текені көрген кәрі ешкі “кандын койнунда қалтырап жатқанча, кулдун койнында кутырып жат” [“ханның қойнында қалтырып жатқанша құлдың қойнында құтырып жат”] деп шыбыштарды кәрі текенің көзін ала бере үйірден бөліп тауға айдап салады мыс.
...Әбілхан Қастеев ақсақалдың “Желтоқсан. Жаңаөзен”атты топтамасын көргенде Байронның “Манфред” поэмасындағы нахақтан өлген ананың қарғысы еске түседі, оны сөз соңында айтам дедім ғой. Міне, сол қарғыс: [аударған жас ақын Айбол Исламғалиев] “Түндерің ұйқысыз өтсін және менің мұңлы бейнем сенің харам жаныңды, қанышер жүрегіңді мәңгі торуылдап, басың азаптан арылмағай... Сол елдің елесі сенің тозағына айналсын, қара бет!”
Есенғали Раушанов