25 қыр, 2023 сағат 09:35

"Ертіс орманы" лауазымды тұлғалары заңсыз ағаш кесті деген күдікке ілінді

Фото: Polisia.kz

Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері “Ертіс орманы” ерекше қорғалатын аумағында орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәселен, 18 қыркүйекте облыстық прокуратураның үйлестіруімен “Ертіс орманы” резерваты бойынша ауқымды операция жүргізілген.

"Полиция қызметкерлері “Ертіс орманы” РММ-де, Шалдай және Бесқарағай орманшылығында, сондай-ақ бірқатар басшылардың тұрғылықты жері бойынша 20-ға жуық санкцияланған тінту іс-шараларын жүргізді.

Тінту кезінде құжаттамадан басқа атыс қаруы, оқ-дәрілер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Қазіргі уақытта ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды" - делінген хабарламада.

Болжамды мәліметтер бойынша орманды заңсыз кесуге “Ертіс орманы” РММ-нің лауазымды тұлғалары қатысты болуы мүмкін.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.