ҚР Парламенті Сенатында азаматтық қоғам мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстел отырысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев діни саладағы заң жобасының кейбір нормаларына түсініктеме берді.
«Кейбір адамдардың қате түсініктері немесе әдейі жасалып отырған жалған, бұрмалаған мәліметтері бойынша мынаны айтқым келеді, заңның өзінде мектеп киімі, міндетті екпе егу нормалары туралы сөз қозғалмаған, сақал, шалбар, т.б. сияқты сөздер мүлдем жоқ», - деп баса айтты министр.
Н. Ермекбаевтың айтуынша, заң жобасы қоғам мен мемлекет алдында адамдар өз міндеттерін сақтай отырып, олардың құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ету мәселесін бастапқы орынға қойып отыр. Заң жобасының бастапқы ұсынылған нормалары түскен ұсыныстарды есепке ала отырып түзетілу үстінде.
Діни саладағы заң жобасы еліміздегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік іргетасын қалыптастыруға бағытталған.
«Қазақстан Республикасының азаматтық қоғамды дамыту мәселелері бойынша заңнамасын жетілдіру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысына депутаттар мен мемлекеттік орган өкілдері, қоғамдық бірлестік жетекшілері қатысып, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты.
Атап айтқанда, қоғамдық кеңестердің міндеттері, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік әріптестігін нығайту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс сапасын арттыру, үкіметтік емес ұйымдарға гранттар бөлу, волонтерлық қызметті дамыту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Атамекен» кіші бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.