ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі министрі Нұрлан Ермекбаев бетті тұмшалайтың киімдерге тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы ведомство басшысы дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифинг барысында айтты.
"Бұл жоба қоғамдық жерлерде бетті тұмшалайтын киімдерді тыйым салуды қарастырады. Бұл заң жобасын дайындау барысында мемлекеттік органдар мен сарапшылардың, азаматтардың пікірлері ескерілді. Әсіресе, халықаралық тәжірибеге назар аудардық", - деді Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде.
Министрдің айтуынша, сарапшылар мұндай шаралардың қолданылуы азаматтарды қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге көмектесетінін ескертеді.
"Сол себепті осы іспетті нормаларды енгізу туралы шешім қабылданды. Негізі, аталған мәселеге дін тұрғысынан емес, қауіпсіздік жағынан қарау қажет. Шын мәнінде, никаб, шадра, палаклава, пәренжі, я болмаса, маска сияқты киім-кешектер адамның бетін тұмшалап, құқық қорғаушылардың жұмысын қиындатады. Осының салдарынан қауіпсіздіктің деңгейі де төмендейді. Сосын ондай киімдер біздің қоғамымыз үшін жат нәрсе. Адамдар оны ашық айтып жатыр. Сол себепті аталған норманы енгізуді жөн көрдік", - дейді ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі министрі.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, сарапшылар аталған норманы жан-жақты пысықтап шықты, xалықаралық тәжірибе зерделенді. Халық арасында сауалнама да жүргізілді. Осы орайда қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылды.
Айта кетейік, ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев елшілер үшін арнайы баспасөз мәслиxатын өткізді. Министр діни қызмет және діни бірлестіктерге арналған заңнамаға қандай өзгерістердің енгізілетінін кеңінен айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметшілердің діни ұстанымына қатысты нақты үш шектеу болады.