Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров өндірісте адам қаза тапқан жағдайда жұмыс беруші оның отбасына 10 жылдық жалақының көлемінде бір реттік төлем жөніндегі талапты қалыпқа келтіруді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Ұлттық кеңесте сөйлеген сөзінде еңбек қауіпсіздігі шараларын жетілдіруге ерекше назар аударды. Сонымен қатар, 2020 жылы республика кәсіпорындарында жазатайым оқиғалардың нәтижесінде 1 503 адам зардап шекті, бұл алдыңғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артық (1430) және өліммен аяқталған 208 жазатайым оқиға орын алды, бұл алдыңғы жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 15 пайызға артық (180)», - деді Саиров Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.
Кәсіподақтар федерациясының мәліметінше, 192 кәсіпорында адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғалар орын алып, 163 кәсіпорында жұмыс берушінің кінәсі дәлелденді. Бұл ретте тек 58 кәсіпорында кәсіподақ ұйымдары бар. Бұл көрініс жұмыс берушілердің қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріндегі жауапсыздығын байқатады.
«Өліммен аяқталған өндірістік жарақаттанудың ең жоғары деңгейі дәстүрлі түрде құрылыс саласында (19 %), тау-кен металлургия саласында (14 %), ауыл шаруашылығында (8%) байқалады», - деді депутат.
Осы орайла ол Үкімет пен бизнес еңбекті қорғау мен оның қауіпсіздігіне, елдің еңбек ресурстарының сапасын арттыруға жіті назар аударуы тиіс екенін айтты.
Бұл тұрғыда депутаттық сауалда жағдайды түзету үшін тиісті ұсыныстар айтылды:
1. Өндірісте адам қаза тапқан жағдайда жұмыс беруші оның отбасына 10 жылдық жалақының көлемінде бір реттік төлем жөніндегі талапты қалыпқа келтіру. Бүгінде кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін арттыруға ешқандай экономикалық ынталандыру жоқ. Сондықтан осы салада, адамдардың өліміне алып келетін, көзбояушылық пен формализм қаптап кеткен.
2. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың нұсқамаларын орындамағаны үшін жауапкершілік шараларын айқындай отырып, олардың мәртебесін құқықтық деңгейге шығару қажет. Тиісінше, еңбек саласындағы қоғамдық бақылаудың рөлі мен техникалық инспекторлардың миссиясын арттыру керек.
3. Әлеуметтік әріптестер елдің кәсіподақтарымен бірлесіп, техникалық инспекторлардың өкілеттіктерін арттыру мақсатында салалық келісімдерге және ұжымдық шарттарға еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың өзектендірілген өкілеттіктері мен материалдық ынталандыру қадамдарын енгізген дұрыс.
4. Өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби ауруларды есепке алу мен бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі қалыптастыру маңызды.
5. Өндірістегі жазатайым оқиғалардан, кәсіптік аурулардан зардап шеккендерді және кәсіптік тәуекелі жоғары қызметкерлерді жұмысқа орналастыру үшін қолданылатын мамандықтар Атласын әзірлеу маңызды.