Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров бала тәрбиелеудің ұлттық форматына қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан Республикасының басты құндылығы - адам және адамның өмірі. Осы тұрғыда, «Nur-Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында «Отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі» деп айқындалған. Бүгінде, жаһандану процестерінен туындаған ақпараттар легінің еселеп өсуіне байланысты, халқымыздың рухани кодын сақтау, бала тәрбиелеудің ұлттық форматы деформацияға ұшырап барады. Адамды, дәстүрлі жанұя институтын қорғайтын уақыт жетті және кезек күттірмейтін маңызды мәселе», - деді Е. Саиров.
Оның айтуынша, «Nur-Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Бақытты отбасы» пунктін іс жүзіне асырған кезде тиісті қадамдарға назар аудару қажет.
«Азаматтарға кешенді психологиялық көмек көрсету тетігін жақсарту, сонымен бірге, ата-аналарға құқықтық, рухани, әдістемелік қолдау көрсететін «Жанұяны қолдау орталықтары» институтын құра отырып, ата-ананы қолдау тетіктерін қарастыру өте өзекті. Бұл ретте балаларды қазіргі уақыттың талабына сай технологиялық бағытқа ерекше ден қоя отырып, ұлттық дәстүрлі құндылықтар аясында оқушылардың адамгершілігі мен моральдік келбетін қалыптастыра отырып тәрбиелеу, балалар мен ата-аналарға қиын жолдан бірлесіп шығуға жол көрсету мәселесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Азаматтардың өзінің ата-аналық миссиясын толыққанды орындауына жағдай жасау мақсатында Еңбек кодексінің баптары нақты орындалуы басты міндет.
Ата-аналардың бала тәрбиелеуге уақыты, жауапкершілігі және қауқары болуы тиіс», - деді депутат.
Оның пайымынша, педагогтардың және ата-ананың балабақша, мектеп жасындағы балаларды ұлттық құндылық аясында тәрбиелеу функциясын кеңейткен абзал. Осы орайда балаларды тәрбиелеудегі мектеп пен ата-аналардың бірлескен жауапкершілігін арттыратын жаңа форматқа көшу өте маңызды. Психологтардың кәсіби дайындығының білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру қажет.
«Білім және ғылым министрлігі балалардың дұрыс және тұрақты психоэмоционалдық жан-жақты дамуының мазмұнды бірыңғай бағдарламаларын әзірлеуін қолға алғаны абзал. Жұмыс істеп тұрған Кешенді психологиялық қызметтердің тиімділігін арттырып, олардың жұмысына қоғамдық мониторинг жасай отырып, бағыт-бағдарын кең ауқымды қоғам бақылауында ұстаған жөн. Білім беру саласында психологтардың штатын көбейтуді ұсынамыз. Әлеуметтік желіде жасөспірімдерді суицидке итермелейтін ақпаратты тежеудің ұтымды тетігін қалыптастыру, тәуекелі жоғары балаларға алдын алу іс-шараларын жасаудың практикасын енгізу тетігін қарастыру өзекті», - деді Е. Саиров.