Белгілі саясаттанушы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Қарин «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұған дейін ҚСЗИ басқарған Ерлан Тынымбайұлы 1976 жылы 26 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1996 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті саясаттану кафедрасында мұғалім болып бастаған. Әр жылдары Е.Қарин Саяси зерттеулердің Орталық-Азиялық агенттігінің директоры, «Асар» Республикалық партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Антитеррористік бағдарламалар орталағының басшысы, Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Нұр Отан» ХДП стратегиялық даму жөніндегі хатшысы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтына директоры болып қызмет атқарған.
Сонымен бірге, Ерлан Қарин - Қазақстандағы Джиу-джитсу мен МММ құрметті президенті. Қазақстандық және шетелдік ғылыми және мерзімдік басылымдарда жарық көрген 100 астам мақалалар авторы. «Кұрмет» орденімен (2010), «Астанаға 10 жыл» (2008), «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне 20 жыл» (2012) мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Еске салайық, Кемелбек Ойшыбаев 24 қаңтарда "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрағасы қызметінен кеткен болатын.