12 мам, 2022 сағат 12:32

Ерейментау ауданында беймәлім дерттен 19 ірі қара қырылды


Ақмола облысының Ерейментау ауданында беймәлім дерттен 19 ірі қара қырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, үй жануарлары арасындағы этиологиясы белгісіз ауру Ерейментау ауданының 5 елді мекенінде (Ерейментау қаласы, Ақмырза, Еркіншілік, Веренка және Еңбек ауылдары) және 14 мал жайылым учаскелерінде тіркелген. Аудан бойынша барлығы 2,5 мың бас ірі қара және 1,7 мың бас қой-ешкі ауыру жұқтырған. 19 бас ірі қара мал қырылды. 

Қазіргі кезде, ветеринарлық қызмет мамандары барлық елді мекендердегі ауру мал басын тексеріп, симптоматикалық ем жүргізуде.

«Ерейментау ауданының ветеринарлық станциясы Ақмола облысының ветринария басқармасы жанынан ауру малдарды емдеу үшін қайтарымды қаражат ретінде 5 миллион теңге сомасына ветеринариялық препараттар сатып алды. Заңнамаға сәйкес емдеу мал иелері есебінен жүргізіледі», - делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар Ерейментау ауданында жаппай дертке шалдыққан үй жануарларынан алынған зертханалық сынама аусылға теріс нәтиже көрсетті.

Осы ретте, ветеринар мамандар жануарлардың иелеріне этиологиясы белгісіз аурудың алдын алу шарасы ретінде шикі сүтті, сондай-ақ оның негізінде дайындалған өнімдерді қолданбауға кеңес береді. Алдын алудағы өте маңызды шара-сүтті қайнату және пастерлеу қажеттігін ескертеді.