- Түркия басшысы Реджеп Тайып Эрдоған Ресей президенті Владимир Путинге телефон арқылы хабарласып, Анкарада өлтірілген Елші Андрей Карловқа жасалған шабуыл жөнінде айтып берді.
Бұл туралы Р.Эрдоғанның баспасөз хатшысы Ибрагим Калын мәлім етті, деп хабарлайды Би-Би-Си CNN Turk телекомпаниясының "Твиттердегі" ресми аккаунтына сілтеме жасап.
Ресей елшісі 19 желтоқсан күні Анкарада «Ресей Калининградтан Камчаткаға дейін» атты көрменің ашылуында сөз сөйлеу барысында атып өлтірілді.
Тапаншамен қаруланған ер адам елшіге оқ атқаннан кейін «Аллаху әкбар! Аллепо туралы ұмытпаңдар! Сирия туралы ұмытпаңдар!», деп айғайлаған.
Анкара мэрі Мелик Гекчек «Твиттердегі» өзінің жазбасында, шабуыл жасаған ер адам полицей болғанын, ал оның қылмыстық әрекеті 2016 жылдың жазында ғана ретке келтірілген Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қайта ушықтыру болып табылатынын айтты.
РФ СІМ Андрей Карловтың өлтірілгені туралы ақпаратты растап, орын алған жағдайды лаңкестік екендігін айтты. Және бұл мәселені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің талқысына шығаруға уәде етті.
Андрей Карлов Түркиядағы елшілік қызметіне 2013 жылдың 12 маусымында кіріскен еді. Айта кетейік, соңғы кездері Түркияда Сириядағы ресейлік саясатқа қарсы акциялар жиі өтіп тұрды.