03 ақп, 2022 сағат 13:15

Ерболат Досаев полиция қызметкерлерімен кездесті


Алматы әкімі Ерболат Досаев қалалық полиция департаментінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында қала әкімі полиция қызметкерлеріне террористік шабуылдар кезіндегі қызметтері үшін алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өз атымнан қаңтар трагедиясы кезінде кәсіби міндетті мінсіз атқарғаныңыз үшін алғыс айтам. Мұндай қайғылы жағдайды келесіде болдырмас үшін полиция қызметін жандандырып, заманауи техникамен жабдықтау керек екенін қалаға жасалған шабуыл айқындап берді. 

Қаза тапқан полицейлердің отбасыларына көмек көрсетілді, қазір бүлінген ғимараттар жөнделіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Біз бәріміз қаланың тыныштығы үшін тік тұрып, аянбай еңбек ете алатынымызға сенім білдіргім келеді. Біз сіздерге қаланың ең басты байлығы – Алматы тұрғындарының амандығы мен денсаулығын сеніп тапсырамыз», - деді Ерболат Досаев. 

Сондай-ақ қала әкіміне Жедел басқару орталығы, оның ішінде бүкіл қала бойынша орнатылған 10 мыңнан астам бейнекамераға қосылған бейнебақылау жүйесі көрсетілді.