03 жел, 2020 сағат 19:30

Ербол Юсупов, полиция майоры: «Бір күніміз бір күнге ұқсамайды»

Бүгінгі пандемия жағдайында медицина қызметкерлері сияқты полиция қызметкерлері де жауапты істерді атқарып отыр. Қысыл-таяң шақта әр участкелік полиция инспекторларына да артылатын жауапкершіліктің салмағы зор. Осы орайда «Ұлт» порталы Шымкент қаласы Полиция Департаменті әл-Фараби аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы, 2019 жылы ҚР Ішкі істер Минситрі Е.Тургумбаевтың шешімімен «Үздік учаскелік полиция инспекторы» деп танылып, марапатталған, полиция майоры Юсупов Ербол Айтбайұлымен шағын сұхбат ұйымдастырды.

-Ербол Айтбайұлы, сіздердің әр күніңіз неден басталады? Бір күнге шолу жасасақ?

-Бізде қызметте күнделікті бір жұмыс қайталанбайды. Нақты жұмыс, әр күні әртүрлі тапсырмалар түседі. Шақыртулар бойынша. Мысалы, біз таңғы сағат 8-де Полиция басқармасына барамыз. Басқарма бастығымен бірге селектор жиналысына қатысамыз. Ол жиналып 30 минуттай көлемінде болады. Сол жерден әл-Фараби аудандық полиция басқармасы бірінші орынбасары, полиция майоры Жәнібек Турлыбаев және жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Берік Шойынбаевтың  қатысуымен жиналыс болады. Ол жиналыста бізге күнделікті тапсырмалар беріледі. Бүгін не істеу керек, қандай жұмыс атқарылуы керек әкімшілік аумақта, қандай жұмыстар шұғыл болып тұр деген тапсырмалар беріледі бізге. Жоспар болып қойылады алдымызға не істеу керек екені. Сол жоспардың бәрін, орындау шараларының бәрін жазып, әкімшілік аумаққа шығамыз.

-Осы әкімшілік аумақтағы жұмыстарға кеңінен тоқталып өтсеңіз?

­-Әкімшілік әртүрлі шақыртулар түседі. Кейбір шақыртуларда сағаттап тұратын жағдайлар болады. Отбасылық жанжал болып жатыр деген шақыртулар да болып тұрады. Аталған шақыртуға барған кезде мысалыға айтатын болсақ, жәбірленуші азаматша өзінің күйеуі отбасы тұрмыстық қатынас саласында мас халде жанжал шығарып, ар-намысына тиетін сөздер мен былапты сөйлеп мазасын алатын жағдайларда арызын қабылдап, күйеуіне қатысты ҚР ӘҚБтК-ның 73 бабына сәйкес әкімшілік хаттама түзіп, жинақталған әкімшілік іс-құжатты әкімшілік шара көру үшін Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолдаймыз. Содан учаскелік полиция пунктінде Скаип арқылы онлайн әкімшілік сот өтеді. Егер де арызданушы бітімгерлішікке келіп жатса,сотпен әкімшілік іс қысқартылады. Кешірім бермеген жағдайда ҚР ӘҚБтК 73 бабына сәйкес ескерту жасауға не бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға әкеп соғады.

Жәбірленушіге қатысты отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқыққа қарсы мәнез-құлыққа жол бермеу туралы күйеуіне қатысты 30 тәулік мерзімге Қорғау нұсқамасы шығарылады. Осы аралықта күйеуі тарапынан отбасылық жанжалға жол берген кезде яғни  Қорғау нұсқамасын бұзған кезде оған қатысты ҚР ӘҚБК-ның 461 бабымен әкімшілік хаттама түзіліп, іс-құжаттар жиналып әкімшілік сотпен шара қолданылады.

-Жалпы есептің екі түрі бар: профилактикалық есеп және тізімдік есеп. Сіздерде көбіне қайсы болады?

-Бізде көбіне профилактикалық есеп бойынша қадағалаулар болады, әрқайсының істері болады. Сонымен тексереміз.

Әкімшілік аумақта қазір бізде учаскелік шаралар жүріп жатыр. Әр инспектор өзінің әкмшілік аумағындағы халықты есепке алады. Барып, үйде кім тұрады, үйдің иесі кім, қандай машинасы бар, қанша адам тұрады, оқитын жері, жұмыс орны қай жерде, машиналарының маркалары, нөмірлері бәрі толығымен тізіледі. Бір үйдің құжаты болады. Мысалы, Шымкент қаласы, 2 Б үйді алатын болсақ, соның өзінің папкасы болады. Жалпы үй подъезден тұрады, 60 пәтер және әрқайсының ақпараттары жазылады. Телефон нөмірлері. Үй болған соң труба жарылып кетуі мүмкін, су ағып кетуі мүмкін, сондай жағдайларда үй иелерін таба алмай қалатын кездер болады. Біз сол кезде журналдан қараймыз да бірден үй иесіне хабарласа аладымз. Бұл учаскелік шара қазір бізде жүріп жатыр. Әр учаскелік инспектор өзінің халқын есепке алып отырады. Пәтер жалдап тұрушылар тексеріледі, ол қашан келді, бір айда сол жерге тіркеуге тұрмайтын болса оған ескерту беріледі. Әкімшілік кодекстің 492 бабы бойынша ескерту береміз. Ескертуден кейін де тіркелмесе, оған айыппұл салынады. Сонымен қатар үй иесі де есепке қоймағаны үшін жауап береді.

-Халыққа қаншалықты жақынсыздар?

- Бізде халықпен кездесу болып тұрады. Үш ай сайын халықтың алдында есеп береміз. Халықпен кездесіп қандай ахуалдар болып жатын, қандай мәселелеріңіз бар, не жайттар болып жатыр деп шешілмей жатқан мәселелерді қараймыз. Өзіміздің істеген жұмысымызды айтамыз. Үш айдың көлемінде өанша қылмыс орын алғанын, оның қаншасы ашылды, қанша адам жауапқа тартылды, қанша адам емдеуге жіберілді деген сияқты.

Бізге әртүрлі жағдайлармен арызданады. Күйеуім немесе ұлым алкогольдік ішімдігін асыра көп мөлшерде қолданып жүргені үшін Наркологиялық диспансерге емдеуге жолдауын сұрайды, содан біз наркологиялық диспансерге емдеуге жеткіземіз. Ол жерден шыққан соң тағы да алкогольдік ішімдігін асыра көп мөлшерде қолданып жатса, жәбірленушіден арызын алып сот шешімі арқылы 6 айға немесе 1 жыл көлемінде мәдбүрлі түрде наркологиялық диспансерге емдеуге жолданады.

-Қазір пандемияға байланысты қандай шараларды атқарып жатырсыздар?

-Қазір пандемияға байланысты кешкі сағат 22:00-де әкімшілік аумақта орналасқан дүкендерді толығысмен аралаймыз, осы уақытта олар жабылу керек. Ал саған 23:00 де барлық дәмхана-мейрамханалар жабылады. Шымкент қаласы бас санитарлық дәрігерінің №43 қаулысы бойынша жабылу керек. Солардың жабылғанын қадағалаймыз, үнемі маскада болуын тексереміз. Егер маска болмайтын болса, түсініктеме алынып, шара қолдану үшін Шымкент қаласы әл-Фараби ауданы санитарлық-лэпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданады.

-Әңгімеңізге рақмет!