Үкімет кеше латын графикасындағы жетілдірілген қазақ әліпбиінің жобасын жариялады.
Жылдар бойы жүздеген ғалымның талқысынан өткен әліпбидің бұл жобасын жасарда жекелеген тіл мамандарының да, халықтың да пікірі ескерілген секілді. Бұл бағыттағы ендігі қадам қандай болмақ? Осы және өзге де сұрақтарды бұл істің басы-қасында жүрген Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешовке қойып көрген едік.
- Ербол мырза, бүгін Үкімет әліпби жобасын мақұлдады. Бұл нұсқаны соңғы әрі нақты жоба деуге бола ма?
- 2019 жылы 21 қазанда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға әліпбиді жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатын. Сол тапсырма бойынша күні кешеге дейін бізге келіп түскен 30-ға тарта әліпби жобасына сараптама жасадық. Жалпы әліпби түзудің үш түрі бар. Апострофты қойдық, диграфты қойдық. Үшінші түрі, яғни бұл – әрбір таңбаның мазмұнын беретін әліпби. Содан кейін бізге жобаларын ұсынған әріптестердің жартысы біз ұсынған ғылыми принципке негізделді. Яғни умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) таңбалары енгізілді. Күні бүгінге дейін жоғарыда атаған екі нұсқаны алмай, осы үшінші нұсқаны таңдап отырмыз.
Бұл нұсқаны қалай жасадық? Әріптері түріктің әліпбиіне ұқсағанымен бұл нұсқа түріктікі немесе әзербайжандыкі емес. Халықаралық фонетикалық әліпби деген бар. Онда 52 қосымша дыбыс және 107 таңба бар. Ол – 160 таңбадан тұратын қор ғой. Осы қордан елдер әліпби алса, ол уникодқа да, ІТ-технологияға да кіреді, әлемге танымалдығы артады. Кідіріс болмайды. Әліпби жасарда бірақ негізі оған сүйенген жоқпыз. Мәселе – қазақ тілінің табиғатын білу керек болды. Акут әліпбиінде біз бәріне - дауыстыға да, дауыссызға да, жуанға да, жіңішкеге де акут қойдық. Енді бұл әліпбидің ерекшелігі – дауысты жіңішке дыбыстарға умляут (Ә, Ө, Ү) қойылуында. Одан кейін барып қысқа дауыссыз дыбысқа бүкіл әлем бревис қояды. Ұзын дыбыстыларға(Ұ) макрон қояды да, мысалы «Ш» таңбасын седильмен белгілейді. Біз осы төрт диакритикалық белгіні таңдадық. Сөйтіп, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде бір дыбысқа бір таңба берілді. Апострофтың кезінде таңбаның жанында үтір болды да, ол таңбаға берілген бе, әлде келе жатқан әріпке берілген бе – сол жағы түсініксіз болып кеткен. Акуттың кезінде мағынасына қарамай, бәріне жамыратып акут қойдық та, ч мен ш-ға диграф қойдық. Содан әлгі «асхана» сол әліпбимен «ашанаға» айналып, біраз әңгіме шығып кетті ғой. Ал мына әліпбиде ондай шатасу болмайды. Әрбір дыбыстың өзінің меншік таңбасы бар. Сондықтан бұл әліпби – ғылыми негізді нұсқа.
- Яғни әліпбидің бұл нұсқасы жасаларда бұған дейінгі сын-ескертпелердің бәрін ескеруге тырыстыңыздыр ғой?..
- Әліпбидің бұл нұсқасын бір немесе екі адам ойлап тапқан жоқ. Оны әзірлеуге орфографиялық жұмыс тобы, Тіл білімі институты, Алматыдағы әл-Фараби атындағы университеті мен Назарбаев университеті бастаған 9 ірі жоғары оқу орнының, екі ғылыми орталықтың, 11 ғылыми мекеменің ғалымдары қатысты. Сөйтіп, біз республика бойынша былтыр және биыл мұны оқушыдан бастап ғылым докторына дейін 5 апробациядан өткіздік. Содан соң екі бірдей ашық талқылау болды. Осы әліпбидің жобасын бердік. Сол кезде 1 ғана таңба өзгертілді. Нақтырақ айтқанда, «ң» таңбасының үстіне тоқым сияқты белгі қойғанбыз. Бірақ мұны жұрт қабылдамады. Содан кейін осы әріпке бүтін таңба берейік деп шештік.
- Ң-ды құтқарып қалған екенсіздер...
- Иә, солай. Өйткені бүтін таңба берілмесе, қоңырауды қонырау дейміз де, артынша бұл әріпті жоғалтып алуымыз мүмкін. Әліпбидің осы нұсқасын әзірлеуге 3 500 тіл маманы қатысты. Олардың бәрі де қазақ тілі мен әдебиетінің мамандары. Қазақстанда қазақ тілі және әдебиеті бойынша 50 кафедра бар екен. Солардың бәрі қарады. 99 орталықта, Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясында ғалымдары мен Қазтесттің мамандары қатысып, 5 сынама, 2 ашық талқылау, жұмыс тобының 11 отырысы болды. Айналып келгенде 18 шара өткізумен қатар, тәуелсіз сарапшыларды да талқыға тарттық. Алдында екі әліпби нұсқасын сынаған, келіспеген мамандармен кеңестік. «Сынайды екенсіздер, ендеше бірлесе жұмыс атқарсақ қалай?» деп біздің сөзімізді сөйлейтін адам емес, сыншы іздедік. Сондықтан Мемлекет басшысы да, Білім және ғылым министрі мен Мәдениет және спорт министрі де «бұл мәселені енді ғалымдар ғана шешсін» деп, солардың еркіне берді. Сөйтіп, әліпби жобасын жасауға 4 жұмыс тобының ғалымдары қатысты.
Әліпбидің бұл нұсқасын біз Ұлттық банкке де жібердік. «Ұлттық банк осы таңбалармен жұмыс істей ала ма?» деген сұрақтың жауабын алу керек еді. «Қазғарышқа» да сараптамаға жолданды. Олар да өзінің оң қорытындысын берді. Артынша екі халықаралық семинар-кеңес өткіздік. Оған әзербайжан, түрік, ғағауыз, татар, өзбек, қырғыз ғалымдарына дейін қатысып, талқыладық. Әлемдік тәжірибеде диакритикалық таңбаларды қолдану» атты тақырыпта ғылыми кеңес өткіздік. Оған бес мемлекеттің 18 ғалымы қатысты.
- Олардың әліпбиіміздің осы нұсқасына келгенде пікірі қандай болды?
- Олар негізінен қолдады. Бірақ түрік ағайындар тарапынан мынадай ой болды. Біз осыған дейін Almaty деп жазып, y әрпін ы ретінде қолдана бердік қой. Олар біз сияқты y-ға таяқша бермейсіңдер ме деді. Бірақ түрік әліпбиінде ы болғанымен, і жоқ. Содан кейін біз оларға «түрік ағайындар, айып етпеңіздер, бізде ы мен і-де бар. Сондықтан бұл арада біз түріктің тәжірибесін қолдана алмаймыз» дедік. Расында да, біздің өзіміздің төл әріптеріміз бар ғой. Жалпы ы әрпі қазақ әліпбиінде жиі кездеседі. Оған таяқша жалғап қойсақ, сөйлемнің іші таяқшаға толып кетеді. Қазақта ы – ә мен е-ден кейінгі ең жиі кездесетін үшінші әріп. Бүкіл тәуелдік немесе жіктік, көптік септіктің бәрі де ы әрпіне байланған. Барамын, бардым, қалалардың, салалалардың десең де, ы әрпін еш айналып өте алмайсың. Сондықтан таяқша болса ол көрінбей қалады. Сол себепті біз оған ашық таңба керек деп, қазіргі у-ымызды ы-ға қалдырдық. Міне осындай шешімге келдік.
- Бұл жоба Парламентке қаралмай ма?
- Кеше Үкіметте ол бекітілген жоқ. Оны бекітетін тұлға – Қазақстан Республикасының Президенті. Ол енді Президентке ұсынылады. Оны тек Үкімет мақұлдады. Бұл – әлі жоба екенін естен шығармайық.
Жоба Парламентке бармайды. Осыған дейін әліпбиді бекіткен елдердің тәжірибесін көп зерттедік. Сонда әліпбиін бекіткен мемлекеттердің 90 пайызында әліпбиді Парламент емес, Президент бекітеді екен. Сол мемлекеттердің 7 пайызында Үкімет, қалған 3 пайызында не Парламент, не комиссия бекітеді.
- Өткенде бір жиында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұлттық пернетақтаның бірнеше нұсқасын ұсынған еді. Үкіметте ұлттық пернетақтаның QWERTY жобасы да мақұлданды ма?
- QWERTY-ді таңдадық. Өйткені пернетақтаға келгенде қанша жоба болғанымен, оған жіті қарамаса болмайды. Біз жиі кездесетін әріптердің бәрін пернетақтаның ортасына қойып қойсақ, жұрт шатысады. Жаңа әліпбиін енді үйреніп жатқан халыққа пернетақтаны тағы өзгертсек қиындық тудырады. Сондықтан мына жайды ескеру керек: мысалы Америкада пернетақтаның 6-7 түрі бар. Негізгісі QWERTY болғанымен, қалған пернетақталармен де жұмыс істеле береді. Есепшілер немесе математиктер үшін басқа пернетақтаны пайдалану тәжірибелері әлем елдерінде бар екен. Мысалы ағылшындарда оның 6-7 түрі бар.
Айқындалған пернетақта – қазір бәрі пайдаланып жүрген пернетақта. Біздің әріптеріміз өз орнында тұр. Қазақтың әріптері оң қолдың ыңғайына қарай орналастырылған. Пернетақтаның алдында отырғанда көбінесе оң қол көбірек жұмыс істейді ғой. Үстіндегі сандардың орнын босаттық.
- Ендігі жұмыс реті қалай болады? Әліпбидің осы жобасы Президенттің алдын қашан барады? Болжамыңыз қандай?
- Амандық болса Үкіметтің тиісті хаттамасы шығады. Сол хаттамада тапсырма беріледі. Нақты айта алмаймын. Менің болжамым бойынша, осы әліпби бір-екі айдың ішінде бекітілуі керек!
Латын әліпбиін қазақ ойлап тапқан жоқ. Сондықтан қазақ тілін біз оған бейімдейміз. Ағылшын бейімдемейді – 26 таңбасын қоя салады. Ал біздің дыбыстарымызға екі немесе үш таңба бере алмайсың. Сондықтан біз үстіне белгі қойдық. Бірақ әр белгінің мазмұны, ғылыми негізі бар екенін тағы да атап өткім келеді.