Сәуір айының қорытындысы бойынша вакцинацияға жататын азаматтардың 20 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алуға тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазіргі таңда, эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталды. Вирустың репродуктивтілік индексі 1-ге төмендеді. Ауруханалардағы орындар – 41 пайызға, реанимациялық бөлімдердегі орындардың жүктелуі – 28 пайызға дейін азайды. Сондықтан, бүгінгі ең маңызды міндет азаматтарымызды коронавирусқа қарсы вакцинациямен жаппай қамту болып табылады», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, сәуір айының қорытындысы бойынша вакцинацияға жататын азаматтардың 20 пайызы коронавирусқа қарсы екпе алуға тиіс. Вакциналау жоспары мен өңірлерге вакцинаны жеткізу графигін сақтау керек. Сондай-ақ маска кию, қашықтықты сақтау және адамдардың жиналуына жол бермеу бойынша талаптардың қатаң сақталуы маңызды.

«Кешегі күннен бастап кәсіпкерлік нысандарында «Ashyq» қосымшасын пайдалану басталды. Атап айтқанда, кинотеатрлар мен театрларда бұл жоба тиімді іске асуда. Енді «Ashyq» жобасы аясында кафе мен мейрамханалар, сонымен қатар көрмелер, сауда орталықтары және спорт объектілері, соның ішінде фитнес залдары ашылуға дайын. Жалпы, қазіргі жағдайда «Ashyq» қосымшасын кеңінен пайдалану – бизнеске өз қызметін жандандыруға мүмкіндік береді», - деді Асқар Мамин.
