Ресей әскері наурыз айында басып алған Украинаның Запорожье облысы Энергодар қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде 22 мамырда таңертең жарылыс болды.
Украинаны жақтайтын және ресейшіл телеграм-арналарының хабарлауынша, подъезде Ресей "тағайындаған қала мэрі" Андрей Шевчик тұрады. Ол "Оппозиционная платформа — За жизнь" партиясынан қала кеңесіне сайланған, Ресей әскерімен ынтымақтастық орнатқан бұрынғы депутат.
Ресей әскерімен ынтымақтастық орнатудан бас тартқан қала мэрі Дмитрий Орловтың айтуынша, Шевчик пен бірнеше күзетшісі жараланған. Бейбіт тұрғындар зардап шекпеген. Дегенмен кейбір ақпарат көздері "өзін қала мэрімін деп атаған" Шевчиктің жараланбағанын жазды.
Әлеуметтік желіде тараған суреттерге қарағанда, қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылған. Әзірге оқиғаны ешкім мойнына алмады. Ресей жағы ресми ақпарат таратпады.
Запорожье АЭС-і орналасқан Энергодар тұрғындары Ресей басқыншылығына қарсы наразылыққа шыққан. Кейінгі күндері жергілікті өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қалалық құтқару қызметі жетекшісінің қамалуына наразылық білдіріп келеді. Ресей ақпарат құралдары мен блогерлері өз кезегінде "жергілікті тұрғындар Ресейді қолдайды" деген ақпарат таратты.