Фото: gov4c.kz
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның елшіліктері, консулдықтары және басқа да шетелдегі мекемелері шетел азаматтарына ЖСН беруді тоқтатады, - деп хабарлайды Қазақстанның Ресейдегі елшілігі.
Елшіліктің мәліметінше, шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру жөніндегі қолданыстағы пилот жобаның мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.
"2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның шетелдегі мекемелері шетел азаматтарына ЖСН бермейді", – делінген елшілік хабарламасында.
Сонымен қатар, Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдары шетелдіктер үшін eResidency бағдарламасын енгізді. Бұл бағдарлама Қазақстанға келмей-ақ, мемлекеттік қызметтер мен сервистерді онлайн форматта алуға мүмкіндік береді. Соның ішінде ЖСН көрсетілген цифрлық ID-картаны рәсімдеу қарастырылған.
"Бағдарлама шетел азаматтарына Қазақстанда ресми цифрлық мәртебе алуға жол ашады, бұл елдің бизнес мүмкіндіктері мен онлайн сервистеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді", – деп хабарлады елшілікте.
Атап айтқанда, бағдарлама мыналарды қамтиды:
- ЖСН-і бар цифрлық ID-карта алу;
- қор нарықтарына, криптобиржаларға қол жеткізу, Қазақстан нөмірі бар eSIM рәсімдеу;
- электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және сақтандыру қызметтерін рәсімдеу;
- Қазақстан карталарын пайдалана отырып, банк шоттарын онлайн ашу;
- салық резиденттігін алу мүмкіндігі және барлық төлем сервистеріне эквайринг қосу.
Шетел азаматтарына ЖСН алу мәселесі бойынша eresidency.gov.kz ресми сайтына жүгіну ұсынылады. Онда барлық толық ақпарат берілген.
