2017 жылдың қорытындысы бойынша еңбек нарығының көрсеткіштері толығымен жақсартылды. Еліміздегі жұмысшының орташа айлық жалақысы 147 мың 988 теңге болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Алдымен министр Еңбекті қорғау министрлігінің 2017 жылғы жұмыс қорытындысы мен Елбасының «Төртінші өнәркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру аясында негізгі міндеттері туралы баяндады.
«Мемлекет басшысы «Төртінші өнәркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында адами капиталды дамытуда сапалы жұмыспен қамту және әділ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қамтамасыз ету ерекше маңызды екенін атап өтті. Осы орайда тиімді еңбек нарығын қамтасыз ету, азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Білікті жұмыс күші үшін ашық еңбек нарығы қалыптастырылды. Зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесі құрылды», - деді Мәдина Әбілқасымова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Оның айтуынша, аталған саладағы оң нәтижелер жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесі.
«2017 жылдың қорытындысы бойынша еңбек нарығының көрсеткіштері толығымен жақсарды. Жұмыссыздардың саны соңғы 10 жыл ішінде 180 мыңға азайды. Жұмыссыздық деңгейінің тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын байқалады. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 4,9 пайызды құрайды. Әйелдер мен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,4 және 4,2 пайызды құрап отыр», - деді министр.
Осы орайда Мәдина Әбілқасымова еліміздегі жұмысшы күшінің орташа айлық табысына тоқталды.
«Еліміздегі жұмыс күшінің саны 8 млн 980 мың адамды құрайды. Жалдамалы жұмыскерлердің саны 1,8 пайызға өссе, өзін-өзін жұмыспен қамтыған азаматтардың саны 4,5 пайызға азайды. Ал 1 жұмысшының орташа айлық жалақысы 147 мың 988 теңгеге дейін немесе 3,6 пайызға өскен. 2017 жылдың 11 айындағы бағалау бойынша тұрғындардың жан басына шаққандағы номиналдық табысы 6 пайызға өсіп, 79 мың 727 теңгені құрады», - деп түйіндеді сөзін министр.
Сөз соңында ведомство басшысы 2017 жылы мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндетті төлемдердің барлығын орындағанын атап өтті. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2,1 трлн теңге бөлінген.