17 нау, 2021 сағат 11:12

«Еңбек» бағдарламасы бойынша берілетін шағын несие көлемі неге азайды

Үкімет басшысы Асқар Мамин Мәжіліс өкілдерінің «Еңбек» бағдарламасына бөлінген қаржының қысқарғаны туралы депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев, Юрий Жулин және Ерлан Саиров Премьер-Министр Асқар Маминнің атына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде микрокредит беру мәселесі жөніндегі депутаттық сауал жолдаған болатын. 

«Еңбек» бағдарламасының несиелендіру бағыты бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындарына 43,3 млрд теңгеге 11 294 жуық несие берілді. Осы бағдарлама аясындағы биылғы жылдың бюджеті 20 млрд теңгені ғана құрап отыр. Яғни, биыл шағын несие алушылардың саны 5200-ге азаяды. Пандемия кезінде, Ұлттық экономика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің кері позициясы бізге түсініксіз», - дей келе, депутаттар шағын несие берудегі басты проблема кепілзат қою екенін, банктердің қала іргесіндегі ауылдар болмаса, шалғайдағы елді мекендердің халқына несие беруге құлықты емес екенін мәселе етіп көтерген.

Үкімет басшысы өз жауабында «Еңбек» бағдраламасы бойынша берілетін несиенің көлемі неге қысқартылғаны туралы мәлімет берген.

«Елдегі қалыптасқан экономикалық жағдай шарттарында Бағдарлама бойынша ауылдық елді мекендерде микрокредиттеу үшін 2021 – 2023 жылдарға арналған бюджет лимиттері 20 млрд теңгеге дейін қысқартылған. 40,3 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру бөлу мәселесі 2021 жылға арналған республикалық бюджетті алғашқы нақтылау шеңберінде қарастырылатын болады. Бұл аталмыш бағдарлама шеңберінде шамамен 10 мың микрокредит беруге мүмкіндік береді», - делінген жауапта.

Асқар Мамин шағын несие алушыларды кепілмен қамтамасыз етуге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жауапты екенін еске салады. 

«Кепілдік микроқаржылық ұйымдар мен несие серіктестіктері арқылы микробизнес ашуға, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге, ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда кооперативтер құруға арналған микрокредиттер бойынша беріледі», - деген Премьер-Министр ісін жаңа бастаған кәсіпкер мен зәкірлік кооперацияға қатысушылар үшін кепілдік сомасының 85%-ын, жұмыс істеп тұрғандар үшін – 50%-ын, ал аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері үшін кредит сомасының 95%-ынан аспайтынын айтады.