
Елорданың 16 тұрғын үй алабында 300 мыңға жуық халық тұрады. Бұл туралы бүгін қала тұрғындарымен есеп беру кездесуінде елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қалада барлығы 16 тұрғын алабы бар, онда 300 мыңға жуық адам тұрады. Бұл - бүкіл елорда халқының төрттен бірі. Тұрғын алаптары тұрғындарын не мазалайды? Біз проблемаларды сараптама, топтаған кезде мынадай мәселелерді анықтадық. Біріншісі - кәріз жүйесі, су құбыры, газдандыру сынды инженерлік инфрақұрылым. Келесісі – көгалдандыру, жол инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандар салу, емхана, мектеп, спорт нысандары. 2020 жылы ауқымды жұмыс жүргіздік», - деді қала басшысы.
Елорда әкімі жекеменшік ұйымдардың өкілдерімен бірнеше рет кездесудің арқасында, үйдің ішіне газ тарту құнын орташа алғанда 30 пайызға төмендету мүмкін болғанын айтты.
«Газ тарту бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Биылғы жылыту маусымында Теміржол, Көктал-2 тұрғын алаптарынының тұрғындары, Агроқалашықтың бір бөлігі газға көшу мүмкіндігіне ие болды. Қазір Көктал-1, Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. 300 шақырым газ тарату желілері салынды. Газдандыру – Елбасының тарихи жобасы», - деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, 2020 жылы елорданың тұрғын алаптарында 100 астам көшеге асфальт төселді, 40 астам қоғамдық кеңістік, аулалар абаттандырылды. Бірқатар әлеуметтік нысан салынды, оның ішінде мектептер де бар.
