
Елордада қала тұрғындарының қозғалысын барынша жайлы жасау үшін кейбір көше демалыс күні жабық болады. Бұл туралы бүгін қала тұрғындарымен есеп беру кездесуінде елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз жексенбіде, демалыс күндері Нұр-Сұлтан тұрғындарының қозғалысын барынша жайлы жасау үшін кейбір көшелерді жабуды жоспарлап отырмыз. Онда адамдар еркін серуендеп, балалар ойын ойнайды, спортпен айналыса алады. Әрине, оған шағын және орта бизнес, оның ішінде қоғамдық тамақтану орындары да қатысады. Егер көңілден шығар идея болса, онда біз оны кез келген уақытта қолдаймыз», - деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, өткен жылы 173 көшеге асфальт төселді. Олардың 100-ден астамы тұрғын алаптарында орналасқан. Бұл жұмыс биыл да жалғасып, тұрғын алаптары мен қаланың ескі бөлігіне басымдық беріледі.
