28 қаң, 2021 сағат 14:30

Елордада жексенбі күні қоғамдық көлік жүрмейді

Жексенбі, 31 қаңтар күн елорданың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қалада және қала маңына қатынайтын автобустардың қозғалысы тоқтайды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Нұр-Сұлтан әкімдігінен мәлім еткендей, бұл күні дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Дүйсенбіде барлық бағдарлар штаттық режимде қатынай бастайды.

Айта кетейік, карантин талаптарының күшейтілуіне байланысты автобустарға бетпердесіз кіруге тыйым салынған. Жол ақысы қолма-қол ақшасыз төленеді.

Елорда стационарларында коронавирусқа шалдыққандар санының артуына байланысты медицина қызметкерлері тұрғындарға үндеу жасап, санитарлық нормаларды сақтау қажеттігін еске салған болатын.

Сондай-ақ қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша, елордада ұйымдар мен кәсіпорындар қызметкерлерінің кемінде 80% қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Қоғамдық көліктің кестесі жұмыс және сенбі күндері сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін белгіленді, жексенбі күндері жұмысы тоқтайды.

Бұдан бөлек, сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда орталықтарының қызметіне демалыс күндері тыйым салынған (оларда орналасқан дәріханалар және тамақ өнімдері мен бірінші қажеттіліктегі заттарды сататын шағын маркеттерді, супермаркеттерді және гипермаркеттерді қоспағанда).

Өткен бір тәулікте Нұр-Сұлтанда коронавирустың жаңадан 125 жағдайы анықталды.