23 қаң, 2021 сағат 13:05

Елордада жас сарбаздар әскери ант қабылдады

Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде жас жауынгерлер салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Елордада орын тепкен әскери бөлімнің қатарын биыл 118 жас сарбаз толықтырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық ұланыныңбаспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл шара санитарлық талаптарды қатаң сақтаумен өткізілді. Ата-аналар үшін әлеуметтік желі арқылы арнайы онлайн көрсетілім ұйымдастырылды. 

Алдымен еліміздің Әнұраны шырқалып, 6636 әскери бөлімінің командирі подполковник Дмитрий Бастердің бұйрығымен ортаға әскери бөлімнің жауынгерлік Туы шығарылды. Бұдан соң әскери бөлім командирі жауынгерлерге Әскери анттың маңыздылығы туралы айтып, ақжолтай тіледі. 

Әскери ант қабылдаған жауынгерлердің бірі Алматы облысы Талғар ауданынан шақырылған қатардағы Рүстем Рахымжан.

«Мен тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы жылы әскерге келіп, бүгін Отан алдындағы борышымды адал атқаруға әскери ант бергеніме қуаныштымын. Бас қалада қызмет атқару менің арманым болатын. Отаныма адал қызмет етіп, тәуелсіздіктің батыл қорғаушысы болатыныма сенімім мол, - дейді жас сарбаз. 

Атап өткен жөн, салтанатты шараны жауынгерлердің жақындары әлеуметтік желі арқылы тамашалап, ізгі тілектерін білдіре алды. Енді әскери ант қабылдаған сарбаздар Отанымыздың қорғаушысы атанып, сарбаздар сапын толықтыра түсті.