Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына мерейлі 25 жыл толып отырғаны белгілі. Осы айтулы мерекеге орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайынғы «Тіл – достықтың алтын көпірі» байқауы өтті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Тілді үйренуді ынталандыру, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастарын қазақстандық мәдениет пен шығармашылыққа тарту, сондай-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға бірнеше этномәдени бірлестік қатысты.
«Елбасының «қазақ елінің патриоты болу – қазақ елін өз жүрегіңде ұялату» деген қанатты сөзі бар. Мемлекет бар жерде тіл болу керек. Бұл байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді. Сайыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау қазақ халқының мәдениетін таныту», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.
Атап айтқанда «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы филиалы» ҚБ, «ТАҢ» татар-башқұрт этномәдени орталығы» ҚБ, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы» ҚБ, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі» ҚБ, «Лад» республикалық славян қозғалысының Астаналық филиалы» ҚБ, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы» ҚБ сияқты алты этномәдени бірлестіктері қатысты.
Байқау шартына сай қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көрініс, үй тапсырмасына берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этномәдени орталықтың маңыздылығы» немесе «Тіл - достықтың көпірі» тақырыптарында бейнеролик көрсету және ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармаларын мәнерлеп оқу кезеңдері бойынша бақ сынасты.
Аталған сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар «Көрімдік беру», «Сүйінші сұрау», «Шашу» сынды қазақтың салт-дәстүрлерін жетік меңгергендігін көрсетті. Сахнада өздерін ұстауы, дауыстары, образға еніп орындауы сияқты барлық қырлары есепке алынып, бағаланды. Ал, екінші кезеңінде үй тапсырмасына берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этномәдени орталықтың маңыздылығы» немесе «Тіл - достықтың көпірі» тақырыптарындағы бейнероликтер көрермендер назарына ұсынылды. Қазылар алқасы бұл кезеңде этномәдени бірлестіктермен жақын танысу мүмкіндігін алды. Үшінші кезеңде Абай атамыздың 175-жылдығына орай ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Қазақ тілінде қыған өлеңдері мен орындаған үзінділері де әсерлі шықты.
«Біз ассамблея ұйымдастырған барлық шараларға белсене қатысамыз. Мұндай шаралар этностар арасындағы достық пен жылылықты, татулықты нығайтады. Осы жолғы байқауға қатысу барысында қазақ салт-дәстүрін тереңінен зерттедік», – дейді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі Исламбек Омаров.
Тартысқа толы байқаудың нәтижесі бойынша 1-орынды «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, 2-орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы, ал 3-орынды Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының филиалы иеленді.
Айта кетейік, әділ қазылар алқасы қатарында ҚР ұлттық музейі археология және этнография бөлімінің жетекшісі Мұсырманқұл Пердехан, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің жетекші солисі Әсел Әлібекова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Саитова болды.
Тағылымдық мәні-бар іс-шараға қатысқан әрбір қатысушыға ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, Еліміздің ордасы Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ҚХА 25 жылдығының аясында мемлекеттік тілді үйренуді ынталандыру, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастарын қазақстандық мәдениет пен шығармашылыққа тарту, сондай-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттауды мақсат еткен «Тіл – достықтың алтын көпірі» байқауы өтті. Байқауға елордалық ҚХА-ның «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы филиалы» ҚБ, «ТАҢ» татар-башқұрт этномәдени орталығы» ҚБ, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы» ҚБ, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі» ҚБ, «Лад» республикалық славян қозғалысының Астаналық филиалы» ҚБ, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы» ҚБ сияқты алты этномәдени бірлестіктері қатысты.