11 қар, 2019 сағат 08:51

Елордада күйеуі үстіне бензин құйып өртеп жіберген әйел қайтыс болды

Елордада күйеуі үстіне бензин құйып өртеп жіберген әйел қаза тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Денесінің 75 пайызын күйік шалған пациент 2019 жылдың 10 қарашасында сағат 1:35-те өмірден озды», - деді Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметінен.

Еске сала кетсек, осыдан бір ай бұрын елордалық азамат отбасылық жанжал кезінде әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген еді.

«6 қазан күні сағат шамамен 11.40-та полицияға автобус аялдамасында денесін күйік шалған әйелдің отырғаны туралы ақпарат түсті. Әйел тез арада ауруханаға жатқызылды. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері күдікті ретінде оның 43 жастағы күйеуін ұстады», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті.

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты дәрігерлері әйелдің аман қалуы екіталай екенін хабарлаған еді. Дегенмен осыдан 4-5 күн бұрын ғана Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты науқастың есін жинап, жақсару динамикасы байқалатынын мәлімдеген болатын.