06 қаң, 2020 сағат 07:42

Елордада «кортежге» қатысқан 15 автомобильдің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Елордада салтанатты көлік шеруіне қатысқан 15 автомобильдің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 5 қаңтар күні Instagram желісіндегі «Сергек автоқауымдастығы» парақшасында «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының тұрағынан 15 көліктің еш кедергісіз Тұран даңғылына шығу үшін жолды жапқан қара түсті КИА автомобилі жүргізушісінің әкімшілік құқық бұзушылығына қатысты видеоматериал жарияланған.

«Полиция қызметкерлері аталған видеожазбаны зерделеп, «кортеждің» барлық қатысушыларын анықтау шараларын қабылдады. Қазіргі уақытта полиция барлық 15 құқық бұзушыны және КИА көлігінің жүргізушісі – 1992 жылғы ҚР азаматы Ташбулатхон Мубараковты анықтап, ҚР ӘҚБК 614-бабы 1-тармағы, 590-бабы 5, 10-баптарымен әкімшілік жауапкершілікке тартты», - деп атап өтеді департаменттен.

Ведомство ақпаратына сәйкес, Т.Мубараков бұған дейін де жол қозғалысы ережесін бірнеше рет бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Кортеждің» барлық қатысушыларының көліктері коммуналдық тұраққа қойылды. Бұған қоса, аталған видеролик түрлі дыбыстық, оның ішінде стробоскоп және дабыл қосу арқылы өңделгені анықталды», - делінген хабарламада.