29 сәу, 2022 сағат 19:45

Елордада көпқабатты үйге құлап кеткен кранның иесіне айыппұл салынды


Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйдің алтыншы қабатына кранның құлауына жол берген жауапты ұйым әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Ұлы дала даңғылы мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында орналасқан бас мердігері «Bazis Construction» ЖШС саналатын құрылыс нысанында автокранның өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны туралы бейнеролик анықталды», - деген жауап келді Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінен. 

Хабарламада айтылғандай, қалалық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің инспекторлары оқиға орнына барып, болған жағдайдың мән-жайын тексерген. 

«Автомобиль кранының операторы (XZJ5281JQZ50K) қауіпсіздік техникасын бұзып, объектінің қызыл сызығының аумағынан тыс жүк тасымалдағаны анықталды. Мемлекеттік инспекторлар автомобиль кранының меншік иесі «Бас техника» ЖК иесіне түсіндірме жұмысын жүргізді. Сонымен қатар қауіпсіз жұмыс істеу қағидасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 298-бабының 1-бөлігі бойынша мердігерге айыппұл салынып, әкімшілік жазаға тартылды», - дейді аталған ведомстводан.