Елорданың полиция қызметкерлері Сарыарқа даңғылы бойындағы көпірден секірмек болған ер адамды құтқарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, кеше түнгі сағат 23:46-да Жедел басқару орталығының «102» нөміріне Сарыарқа даңғылы бойындағы көпірдің жақтауына ер адамның шығып алып, секірмек болып тұрғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына департаменттің Патрульдік полиция полкі инсекторлары – аға лейтенант Жандос Тұрашов пен лейтенант Жақсылық Қарабаев шұғыл аттанған.
«Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері көпірден аяғын салбыратып, қатерлі қадам жасамақ болып тұрған азаматты тапты. Жағдайда тез арада бағалай білген инспекторлар ер адамның назарын өздеріне аударатын жылы сөздер таба білді. Полиция қызметкерлері ер адамға барынша тақау келіп, тез арада оны ұстап алды және көпірден жол жиегіне алып шықты», - делінген ведомство мәліметінде.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, 33 жастағы азаматтың ішімдікке мас болғаны анықталды. Оның мұндай қадамға неліктен бармақ болмағаны анықталу үстінде. Ер адам аудандық полиция бөлімшесіне жеткізіліп, сол жерде психологиялық көмек көрсетілді.
