Нұр-Сұлтан қаласында бір топ үлескер өз пәтерлеріне кіре алмай жүр. Себебі құрылысы әлі аяқталмаған. Мәжбүрі қалмаған жандар ҚР Президентінен көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәселесі 2017 жылдан бері шешілмей келе жатқан үлескерлердің ендігі үміті Президентте.
Елордадағы құрылысы аяқталмаған «Магистральный-3» тұрғын үй кешенінің бір топ үлескері әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысына жүгініп, көмек сұрады.
Аталған мәселеге қатысты елорда әкімдігінің уәкілетті ұйымы «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС ресми түсінік берді.
«Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия аяқталмаған құрылыс нысандарының тізбесін қарады. Нәтижесінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаражат есебінен проблемалық нысандар құрылысын аяқтауды қаржыландыру үшін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС уәкілетті ұйымына ұсыным береді», - делінген хабарламада.
Хабарламада айтылғандай, одан әрі мәселе прокуратураға жіберіліп, соттың шешімі шыққан.
«2019 жылғы 31 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының талап арызы бойынша қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Жас отау-Нарру Town» тұрғын үй құрылыс кооперативі үлескерлерінің мүддесінде «Атлант Инжиниринг» ЖШС «Казтехбетонпродактс» ЖШС, «SIVF.KZ», «Сарыарқа-Құрылыс» ЖШС үлескер жарнасының шарттарын бұзу арқылы, қаражат өндірілді. Өндірілген қаражат «Аманат-Комфорт» тұрғын үй құрылысы кооперативіне үлескер жарнасы ретінде берілді», - деп хабарлайды компания.
Сондай-ақ, әкімдіктің уәкілетті ұйымы құрылысы жырға айналған «Магистральный-3» тұрғын үй кешенін салып жатқан компанияның ішкі ісіне араласа алмайтындығын жеткізіп, оның себебін түсіндірді.
«Аманат-Комфорт» тұрғын үй құрылысы кооперативі төрағасының іс-әрекетіне қатысты аталған тұрғын үй құрылысы кооперативі жарғы негізінде әрекет ететін коммерциялық емес, өзін-өзі реттейтін азаматтар бірлестігі екенін хабарлаймыз. Тұрғын үй құрылысы кооперативінің ішкі қаржы-шаруашылық қызметіне қатысты мәселелер кооперативтің жалпы жиналыстарында шешіледі және ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңымен реттеледі. Үлескерлер мен тұрғын үй құрылысы кооперативі арасында келіспеушілік туындаған жағдайда мәселе келіссөздер немесе сот арқылы шешіледі. Осы орайда әкімдік және уәкілетті ұйым қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үй құрылысы кооперативінің қызметіне араласуға құқығы жоқ», - дейді мекеме өкілі.
Одан бөлек, ресми жауапта 2021 жылғы 6 қыркүйекте «Аманат-Комфорт» ТҚК және «Нұрқапстройгаз» ЖШС арасында құрылысты аяқтау үшін бірлесіп қызмет ету туралы шарт жасасқаны айтылған.
«Қазіргі уақытта «Магистральный-3» тұрғын үй кешенінің жобалық сметалық құжаттамасына түзету енгізуіне және «Мемсараптама» РМК-нің қарауында болуына байланысты құрылыс жүргізілмейді. Жобаны бекітудің болжамды мерзімі ақпанның соңы», - деген жауап алдық.