14 жел, 2020 сағат 13:42

Елордада «Ақындар ауылды жырлайды» әдеби-поэтикалық кеші өтті

Нұр-Сұлтан қаласында «Ақындар ауылды жырлайды» атты әдеби-поэтикалық кеші өтті. Іс-шараға «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Дәулеткерей Кәпұлы мен Зейін Әліпбек қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сонымен қатар, рухани кешке партияның 2017 жылдан бері жыл сайын өткізіп келе жатқан «Ауылым - алтын тұғырым» онлайн-байқауының жеңімпаздары мен қатысушылары да жиналды. Аталған байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді сипаттау арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау.

Партияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, конкурс 2017-2020 жылдары арасында 4 рет өткізіліп, мыңнан астам эссе, өлеңдер мен драмалар партия қоржынына түскен. Солардың барлығы 12 томдық жинаққа еніп, кітап болып жарық көрді.

Ақын, әдебиеттанушы Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, ұлттық негіз, ұлттық болмыс хақындағы толғамның көрінісін ақын-жазушылардың шығармасынан керуге болады. Қазақтың сөз өнері ықылым замандардан қалыптасып, рухани негізімізге айналып, ұлт ретіндегі таным-түсініктен, болмыс-бітімнен, тұтастықтан еш уақытта ажырамай келді. Жыраулардың толғаулары, жыршылардың төкпесі, тіпті күйшілердің саусағынан төгілген күмбірлі күйдің өзінде ұлттық нәр, ұлттық бояу, ұлттық сарын мен ұлттық құндылық ажырамай, біртұтас, үндесіп тұрады. 

Оның ойынша, қазақ халқының бір ерекшелігі оның ұлттық болмысы мен тұрмыс-тіршілігі, ұлт ретіндегі салт-санасы, дүниетанымы, тіптен ойлау жүйесі, іс-әрекеті де бір-бірімен астасып, сабақтасып жатқандығында. 

Поэзиялық кеш барасында Ә. Серікбай, Т. Мергенбай, Ә. Дүйсенбай, Р. Қабидоллин, А. Ақжігіт, К.Айтбаев қатарлы ақындар Тәуелсіздік күніне арналған жырларын оқыды. 

Өзге де ақындар өлеңдерін оқып, әншілер домбырада әннен шашу шашты.

Жас ақын-жазушылар партия қатарын толықтырып, мүшелікке өтті.