
Елордада коронавирусқа қарсы вакцина салынатын 735 адам бар. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты коронавирус инфекциясына қарсы кезең-кезеңімен егу вакцинаның түсуіне байланысты осы жылдың 1 ақпанынан басталды. Вакцинация 18-ден 64 жасқа дейінгі адамдарға жасалады. Нұр-Сұлтанда осы санатқа кіретін 735 мың адам бар. Вакцинация ерікті негізде және әр азаматқа тегін жасалады. Тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға КВИ-ға қарсы екпе салынбайды. Сондай-ақ, коронавирустың ауыр жағдайы және симптомсыз белгілері бар адамдар екпе алуға жатпайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, жұқпалы ауруы бар, оның ішінде КВИ-мен ауырған науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғаннан кейін ғана вакциналанады.
«Екпе салу алдында COVID-19 қарсы антиденелердің бар-жоғын анықтау үшін скрининг жасалмайтынын атап өткім келеді. Коронавирус инфекциясының кез келген формасымен ауырған пациент емделіп шыққаннан кейін денсаулық жағдайына байланысты кемінде 6 айдан кейін екпе алғаны дұрыс. Вакцинаны қабылдауға қарсы көрсетілімдер - вакцинаның кез келген компонентіне жоғары сезімталдық, ауыр аллергиялық реакциялар. Жүкті әйелдер және бала емізетін аналарға вакцина алуға болмайды. Екпе балаларға және 65 жастан асқан адамдарға салынбайды», - деді Тимур Мұратов.
