02 ақп, 2021 сағат 19:54

Елордада 140-тан астам медицина қызметкері КВИ-ға қарсы вакцина салдырды

Нұр-Сұлтанда 145 медицина қызметкері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Бірінші кезеңде елордалық стационарлардың, қаланың инфекциялық орталығының медицина қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері екпе алды.

Көшпелі бригаданың фельдшері вакциналау туралы пікір білдіріп, көңіл-күйінің қандай екенін айтты. 

«Вакцинадан кейін жағымсыз әсер болған жоқ. Яғни бас айналып, жүрек айну деген болған жоқ. Көңіл-күйім жақсы. Өзіме таныс емес адамдармен тығыз жұмыс істеймін, науқастарға жиі барамын, сол себепті вакцина салдыру керек деген байламға келдім», - деді фельдшер Ерсұлтан Үсенұлы.

Ал №9 қалалық емханасының фильтр-кабинетінің дәрігері Қайнар Фархадұлы ойын былайша жеткізді:

«Күніне ЖРВИ мен суықтың белгілері бар 250-ге жуық адам келеді. Бірақ тест жүргізбей тұрып, бәрі коронавирус инфекциясымен ауырмайды деп сеніммен айта алмаймын. Вакцинация - алдымен менің қорғанысым. Қазір вакцинадан кейін жағдайым жақсы», - дейді фильтр кабинетінің дәрігері.

Елордада барлығы 6 300 медицина қызметкері КВИ инфекциясына қарсы егіледі. Айта кету керек, тізімдер мамандардың ерікті келісімі бойынша жасалады.

Естеріңізге сала кетейік, вакцинация 2 кезең бойынша жүргізіледі, алдымен бірінші компонент 0,5 мл дозада, ары қарай екінші компонент те дәл осылай - 0,5 мл дозада (21-42 күннен кейін). 21 күннен кейін вакцина қабылдағандар екінші кезеңін алу үшін тағы да сол орнына шақырылады.