
Нұр-Сұлтан қаласының Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай 12 мың бала оқып, білім алып жатқан ұйымның жұмысы туралы баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда Оқушылар сарайында 12 мыңнан астам бала білім алады. 125 түрлі секция мен үйірме жұмыс істеп тұр. Біздің Оқушылар сарайының ерекшелігі: ғылым мен техника, өнер, мәдениет саласы және спорт – үш бағыт қатар дамып келе жатыр. Спорт саласында футбол, хоккей, суда жүзу, жеңіл атлетика, бокс, садақ ату, күрес түрлерінен үйірмелер болса, өнер саласында хореография, ән айту, сурет салу, керамика үйірмелерінде де білікті мамандар мен мұғалімдер жұмыс істейді. Балалардың қызығушылығы жоғары. Таяуда біздің сарайда «Президенттік шырша» салтанатты шарасы өткізілді», - деді ол мәжілісмендердің Оқушылар сарайын аралауы кезінде тілшілерге.
Ербол Іргебайдың айтуына қарағанда, Оқушылар сарайында робот техникасы, киберспорт, түрлі техникалық орталықтар – автомодельдеу, суда модельдеу, ғарыштық техниканы модельдеу, химия-физика бағыттарында үйірмелерге оқушылар көп келеді.
«Ендігі мақсаттың бірі – ғылым мен техника бағытындағы «Тумо» орталығына негізделген «Sana» деген бағдарлама жасағанбыз. Яғни, балалар цифрлық технологияларды дамытуға байланысты дағдыларын шыңдап, өздері бағдарлама жасауға үйренеді», - деді Ербол Іргебай.
Оқушылар сарайының директоры өз сөзінде қандай мәселелер барын да жасырған жоқ.
«Қиын проблема бізде – бассейнде. Қала үшін біздің бассейн, тіпті жалпы, бір ғана Оқушылар сарайының өзі қалаға аздық етеді. Өйткені, елорданың 1 миллионнан астам тұрғыны бар. Жалпы, бес күндік оқу күні бекітілгендіктен, бүкіл қала бойынша қосымша білім беру ұйымдарын көбейту керек. Спорт болсын, өнер немесе техника болсын балаларға арналған ұйымдарды барынша көбейтсе жақсы болар еді. Қаладағы әрбір ауданға бір-бір бассейн салып қойса жақсы болар еді. Себебі, бассейнді бүгінгі күні барлығы қажет етеді. Тіпті омыртқасы қисайған балаларға дәрігерлер бассейнге түсуге кеңес береді. Бізде 1 200 орын. Одан артық ала алмаймыз. Ата-аналар бізге «балаларымызды бассейнге қабылдамайсыңдар» деп ренжиді. Қалада ақылы бассейндер білуімше, қымбат болуы керек. Бізде бассейнде айлық төлем – 10 мың теңге», - деді ол.
Ербол Іргебай бассейн әрдайым тазаланып отыруы керектігін, санитарлық нормасы барын, аптасына бір рет бассейн тексеріліп отыратынын айтып өтті.
«Бізде 171 педагог жұмыс істейді. Қосымша түрлі жерден (...) келіп қызмет атқаратындар бар. Егер қосымша білім беретін педагогтардың жалақысы көп болса, ол бізде тұрақты жұмыс істей алар еді. Жалақы аз болғандықтан, әлгі педагог біздің Оқушылар сарайына келіп, түстен кейін музыка мектебіне сабақ беріп кетуі мүмкін. Осыдан барып сапа төмендейді. Сондықтан, қосымша білім беретін педагогтардың жалақысы тұрақталса жақсы болар еді», - деді ол.
Оқушылар сарайында үйірмелер бюджеттік және ақылы деп екіге бөлінеді. 12 мың баланың 8500-ы бюджеттік топтарда (көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардың балалары) оқиды.
