22 қаз, 2019 сағат 16:02

Елорда маңындағы зиратты су басу қаупі бар

Елорда маңында орналасқан зиратты су алып кетуі ықтимал. Бұл туралы қалалық Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Жаулыбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан әкімдігінде өткен Қоғамдық кеңестің отырысында аталмыш мәселені Ерлан Жаулыбаев қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернат Бәзілдің алдында көтерді. Оның айтуынша, зираттың толық аумағы басқармадан Байқоңыр әкімдігіне берілмеген.

«Зираттың сыртында «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз» деп жазылып тұр екен. Сондықтан, мына мәселені көтергім келеді: көктемде ол зиратқа су кетеді. Былтыр 9 бейітті су алып кетті. Сіздер зиратты біздің балансқа әлі берген жоқсыздар. Біз 640 гектардың 63 гектарын ғана алдық. Ол жерге зиратты кім белгілегенін білмеймін, ойға апарып қойған. Жан-жағын қазып, қандай да бір жұмыстар атқарылмаса – келесі жылы зираттың бәрін су алады. Көкшетау-Қостанай айналма тасжолындағы бейіттердің саны мыңға барды. Біздің ауданда ол мәселені шешетін ақша жоқ», - деді ол.

Бұл мәселеге байланысты қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов Ернат Бәзілге сол зиратқа қатысты мәселені арнайы зерттеп қайтуға ұсыныс білдірді. Өз кезегінде басқарма басшысы аталмыш мәселе қолға алынатынын айтып, жауап берді.