26 там, 2019 сағат 07:27

Елорда әкімі: Мектептерге не көлікпен жету, не жаяу бару мүмкін емес

Бүгін таңертең елорда әкімі Алтай Көлгінов екі мектепке барып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Қала басшысы ат басын тіреген алғашқы нысан №28 мектеп болды. Білім мекемесіне қосалқы ғимарат салынуда. Жаңа корпус 300 орынға есептелген. Сондай-ақ, қосымша нысанда спорт залы, асхана болады. Сыртқы аумағында ойын алаңы орнатылады. Корпус қазан айында ашылады деп жоспарланған.

№67 мектепке барған А. Көлгінов қауіпсіз кіреберіс жолдарын салу қажеттігін атап өтті.

«Мектептерді салып жатырмыз, бірақ кіреберіс жолдар туралы ойламаймыз. Осындай мәселе №75 мектепте де бар. Тұрғызған жаңа құрылыстар жанында, дұрыс жол жоқ. Ата-аналар мен оқушыларға аулалар арқылы баруға тура келеді. Не көлікпен жету, не жаяу бару мүмкін емес.Оқу орындарына қауіпсіз жолдар салу, көлікке арналған тұрақ орындарын ойластыру қажет», - деді ол.

Бұдан басқа, ата-аналар мен оқушылардың ыңғайлылығы үшін бірнеше жерден кіреберіс қақпалар ашылады.

Айта кетейік, алдағы 5 жылда елордада 40-қа жуық білім беру нысаны бой көтереді.