Жұма намазында еліміздің барлық мешітінде төтенше жағдай салдарынан қаза болған өзбек ағайындарға арнайы дұға жасалады, деп хабарланған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Ақтөбе облысында жолаушылар көлігінде шыққан өрттен қаза болған бауырларымыздың қайғысына ортақтасып, Өзбекстан мұсылмандарына хат жолдады. Сонымен қатар Бас Мүфти Серікбай Ораз еліміздің барлық имамдарына бүгінгі жұма намазында қаза болған өзбек ағайындардың рухына дұға бағыштауды сұрап, жедел хат жолдады", — деп жазылған хабарламада.
18 қаңтарда сағат 10:30 кезінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара-Шымкент тас жолында жолаушылар автобусында өрт шыққан. Автобустың ішінде 57 адам болған. Оқиға орнында 52 адам қаза тапты, олардың барлығы Өзбекстан азаматтары.