05 нау, 2021 сағат 12:45

Еліміздегі энергия көздерінің отын қоймаларында 3,3 млн тонна көмір бар

Энергия көздерінің отын қоймаларында 3,3 млн тонна көмір және 106,2 мың тонна мазут жинақталған. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биылғы жылыту кезеңі штаттық режимде өтіп жатыр, тұтынушылар электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етілген. Республика бойынша ірі технологиялық ереже бұзушылық тіркелген жоқ», - деді Ноғаев министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде. 

Оның айтуынша, тұтастай алғанда, орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы барлық жылу электр орталықтары мен қазандықтар жылу энергиясын жылу желілеріне берудің температуралық графиктерін сақтап келеді. 2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша энергия көздерінің отын қоймаларында 3,3 млн тонна көмір және 106,2 мың тонна мазут жинақталған, бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді.

Бұдан бөлек министр көмірсутегі бойынша жер қойнауын пайдалану, мұнай өнімдерін өндіру, газ және газбен жабдықтау саласында 2020 жылы 170 бақылау іс-шарасы өткізілгенін айтты. 

«Жер қойнауын тиімсіз пайдаланғаны үшін 2020 жылы 694 млн теңгеге айыппұл салынды. 108 лицензия берілді, олар бойынша лицензиялық алым сомасы 8,5 млн теңгені құрады (бюджетке кіріс). Сонымен қатар 2020 жылы шикі газды алау етіп жағуға 208 рұқсат берілді және 10 газ желісі ұйымы (барлығы 90 ұйым) аккредиттелді», - деді Ноғаев.