20 қаз, 2020 сағат 15:56

Еліміздегі білім сапасы еуропалық стандарттармен сәйкес келеді – ҚР БҒМ

Еліміздегі білім сапасы еуропалық стандарттармен сәйкес келеді. Бұл туралы «Өңірлік деңгейдегі жаһандық Қазақстан Болон процесінде және Еуроодақ жобаларында» Халықаралық онлайн форумында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы Қазақстанның Болон процесіне қадам басқанына 10 жыл толады. Бұл Қазақстанның жоғары білімі үшін маңызды және тарихи оқиға. 2010 жылдан бастап біз осы бағытты дамытуға тырыстық. Қазақстан Болон процесінің 47-ші мемлекет-қатысушысы болды, сол кезде барлығы бұл процестің Еуропалық аймақтан асып кететінін түсінді», - дейді Мирас Дәуленов. 

Вице-министр Болон процесінің мақсаты – барлық академиялық дәрежелер мен басқа да біліктіліктер еңбек нарығына бағытталуы керек болғандықтан, түлектердің ойдағыдай жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Тиісінше, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде бакалавриат, магистратура және PhD бағдарламалары үшін кадрларды даярлаудың үш деңгейлі моделі енгізілді. 

«Білім беру процесінің үздіксіздігі, оның деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ету – Қазақстанның білім беру саясатының басты қағидаларының бірі. Бірінші цикл бағдарламасы сәтті аяқталғаннан кейін екінші цикл бағдарламасына, ал екінші цикл аяқталғаннан кейін үшінші цикл бағдарламасына қол жеткізуге болады. Барлық университет несиелік білім беру жүйесіне көшті. 2018 жылдан бастап қазақстандық несие ECTS несиесімен теңестірілді. Оқу жүктемесін ауыстыру кезінде барлық университеттерде ECTS қолданылады. Білім беру бағдарламалары мен олардың компоненттері бекітілген кәсіби стандарттарға сәйкес сипатталған. Оқытудың нәтижелерін ескере отырып, жұмыс берушілер оларды дамытуға белсенді қатысады, білім беру бағдарламаларының тізілімі жасалған. Студенттердің академиялық ұтқырлығы бағдарламасы күшейе түсті. 2011 жылдан бастап бағдарламаға қатысатын магистранттардың саны 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында төрт есе өсіп, 1373 адамға жетті. Шетелдік университеттермен қос дипломды бірлескен бағдарламалар белсенді түрде енгізіле бастады, бұл халықаралық стандарттарды енгізу арқылы қазақстандық білім сапасын арттырғаны сөзсіз. Ағылшын тіліндегі бағдарламалар саны көбейді, шетелдік студенттер саны артып келеді», - дейді ол. 

Оның айтуынша, өткен оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарында 40 мың шетелдік студент оқыды, бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Шетел тілінде сөйлейтін студенттер саны артты. 

«Болон процесіне қатысу ұлттық білім беру сапасын еуропалық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік берді. Сыртқы сапа кепілдігі жүйесі аккредиттеу механизмі арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі кезде университеттер мен білім беру бағдарламаларын тәуелсіз аккредиттеуді 11 аккредиттеу органы жүзеге асырады, оның 6-уы қазақстандық және 5-еуі шетелдік агенттік», – дейді вице-министр.