20 қаз, 2023 сағат 11:48

Елімізде қанша адам банкрот деп танылған?

Фото: Freepik

Жеке тұлғалар үшін банкроттық процедурасы жеңілдетілуі мүмкін. Бұл туралы вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жекелеген борышкерлер кейбір кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін қолдана алмай отыр. Осыған байланысты бірқатар норма ұсынылады", - деді Жамаубаев парламенттік тыңдауда.

Банкроттық процедурасын оңайлату үшін ұсынылып отырған шаралар:

• соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту;

• азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату;

• төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден өтініш берушінің 12 ай ішінде кредиторлар алдында өтеудің болмау фактісін растауды алып тастау;

• төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау.

Министрдің айтуынша, биыл 3 наурыздан бастап банкроттық бойынша 68 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның 55 мыңы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды.

Негізгі себептері: мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеу.

"Нәтижесінде бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды", - деді вице-премьер.

Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгініп, банкроттыққа қатысты 35 шешім шығарылды.