18 қаз, 2023 сағат 15:17

Елімізде бірқатар алкоголь өнімі қымбаттайды

Фото: Global Look Press

Елімізде кейбір алкоголь өнімі қымбаттайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Меніңше, сыра бағасы қатты өспейді. Өйткені ол өзімізде шығарылады. Күштілігі жоғары кейбір алкоголь түрлеріне қатысты мәселе басқа. Олардың акцизі төмен. Қазіргі уақытта жағдай түзелді. Яғни ол акциздердің бағасы жылда өсіп жатыр. Өйткені ол айлық есептік көрсеткішке байланыстырылған. Олар нақты мәнде бір деңгейде тұрақты бола алмайды. Қыздырылатын темекіге, алкогольдің кейбір түрлеріне акциз еселеп өсті», - деді министр Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, сән-салтанат салығы аясында таңдаулы алкогольдердің акцизі көтеріледі.

«Бренди алкогольдің түрі болғанымен, оған аз төледік. Бірақ оның акцизі кемінде арақтың акцизімен бірдей болуы тиіс еді. Қазіргі уақытта бұл акциз бірнеше рет көтерілді. Импортталатын, әсіресе таңдаулы алкогольдерге қосымша сән-салтанат салығы енгізілетін боллады. Салық бірнеше есе артады», - деді Әлібек Қуантыров.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздеген заң жобасын 1-оқылымда мақұлданды. Құжатта сыра қайнату өнімдеріне акциз ставкаларын литріне 79 теңгеден 90 теңгеге дейін көтеру көзделген.